
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Жиында Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрлері Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесі отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.
Премьер-министр нашақорлық пен есірткі қылмысының ұлттық қауіпсіздікке төндіретін қатері зор екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі және ведомствоаралық тәсілді талап ететін өзекті мәселе ретінде қала беретінін айтты.
«Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету – қоғамның орнықты дамуының, құқықтық тәртіпті нығайтудың, азаматтар құқықтарын қорғаудың маңызды шарты. Мемлекеттік органдар нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Бірқатар заң қабылданып, салалық институттар мен инфрақұрылымдар құрылуда, бұл саладағы халықаралық ынтымақтастық кеңейіп келеді. Аталған жұмыс қарқынын төмендуге болмайды, ол жалпыұлттық сипатқа ие болуы керек», деді Олжас Бектенов.
Қазіргі уақытта 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Бұл құжатта жастар, әсіресе оқымайтын және жұмыс істемейтін NEET санатындағы топтармен жұмысқа ерекше назар аударылады. Сондай-ақ бұқаралық спорт пен шығармашылық бастамаларды пайдалану арқылы алдын алу тетіктері күшейтілмек.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов есірткінің интернет-саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жанданғаны туралы баяндады. «Кибернадзор» жүйесінің арқасында анықталған және бұғатталған сайттар саны 11 есеге өсіп, 26,5 мыңнан астам интернет-ресурс жабылған. Сонымен қатар, 35 мыңнан астам банктік шот бұғатталып, 4 мыңнан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Премьер-министр ІІМ-ге жыл соңына дейін өңірлердегі әкімдіктердің есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу қызметін бағалайтын рейтинг әзірлеуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі есірткіге тәуелді адамдарды емдеу мен оңалтуды жетілдіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр, ал наркология саласындағы клиникалық хаттамалар қайта қаралған. Сондай-ақ емдеу сапасының халықаралық бағдарламасы енгізіліп жатыр.
«ІІМ ұсынысы шеңберінде Мәдениет және ақпарат министрлігімен, отандық өндірушілермен бірлесіп, халықты есірткіге арналған қолжетімді экспресс-тестермен, оның ішінде әлеуметтік осал топтарды тегін қамтамасыз ету мәселесін пысықтау тапсырылды. Бұл бастапқы тұтыну фактілерін анықтайтын алдын алу шарасы болады. Сондай-ақ бір ай ішінде жекеменшік наркологиялық оңалту орталықтарының қызметін реттейтін құқықтық тәсілдерді әзірлеп шығару талап етіледі.Білім беру саласы тарапынан профилактикалық жұмыстар жүргізілуде: тәрбиелік функцияларды педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтарды қоса алғанда, 360 мың педагог жүзеге асыруда, оқушылар қауіпсіздік сабақтарымен 100% қамтылған, ата-аналарды педагогикалық қолдаудың 6,8 мың орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ тиісті әдістемелік ұсынымдар әзірленді», делінген хабарламада.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева есірткіге қарсы насихат бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Олжас Бектенов профилактикалық жұмыста насихаттаудың заманауи нысандары мен әдістерін қолдану қажеттілігіне назар аударды. Танымал онлайн-платформаларда, кинотеатрларда, қоғамдық көліктерде және азаматтардың жаппай жиналатын орындарында әлеуметтік жарнаманы орналастырудың маңыздылығы атап өтілді. Осыны ескере отырып, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі ақпараттық жұмысты түзету тапсырылды.
Бұдан бөлек, Мәдениет және ақпарат, Жасанды интеллект министрліктері Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, мақсатты жарнама мен есірткі сайттарын анықтауға және автоматты түрде бұғаттауға белсенді түрде қосылуы керек.
Синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін анықтау үшін Әділет министрлігі Сот сараптамасы органдарын заманауи жабдықтармен жарақтандыру, сарапшыларды іріктеу және даярлау, сондай-ақ рәсімді жетілдіру және сараптама жүргізу уақытын оңтайландыру қажет.
Шекарадағы өткізу пункттері қазіргі заманғы тексеру құралдарымен, шекаралық бақылау мен радиомониторингтің техникалық құралдарымен қамтамасыз етілетін болады.
Өңірлердің әкімдеріне нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық штабтарды басқару және осы жылдың қазан айының соңына дейін жергілікті жағдайлар мен бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып, нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі нақты шараларды әзірлеу тапсырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша республикалық штабтың 2026 жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданды. Премьер-министр барлық ұсыныстар мен бастамалар әзірленіп жатқан кешенді жоспардың негізіне енгізілетінін атап өтті.