
Көрмеге суретшінің 40 жылдық шығармашылық ғұмырының әртүрлі кезеңін қамтитын 100-ден астам туынды қойылған.
Қуандық Мәдір – «Талбесік», «Жыр-Жайық», «Бойтұмар» (ІІ том), «Сурет салудың негізгі заңдылықтары мен ережелері», «Натюрморт салу жолдары», «Адам басы анатомиясын бейнелеу және өнер тарихы» кітаптары мен оқу құралдарының, 2010 жылы үш тілде жарық көрген «Жазира-Жайық» «Батыс Қазақстан суретшілері» альбомы мен 100-ден астам ғылыми мақала, жинақ-каталогтардың авторы. Оның шығармалары еліміздегі музей қорларында, алыс-жақын шетелдегі жеке коллекцияларда сақталып, кейбір еңбегі «Қазақстан бейнелеу өнері» V (бес) томдығына, түркітілдес 17 мемлекеттің 240 қылқалам шеберінің шығармасы топтастырылған «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда», «ТҰРАН» романтизмі қостомдығына енген.
Көрменің ашылу салтанатына жергілікті суретшілер, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, студенттер қатысты. Шара үстінде ҚР Суретшілер Одағы БҚО филиалының төрағасы Асхат Әбдешев мерейтой иесін «ҚР Суретшілер Одағына 90 жыл» естелік медалімен және алғыс хатпен марапаттады.
Батыс Қазақстан облысы