
Сенаторлар қатысқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бұл жолы Бейбітшілік және келісім саябағында өтті. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында ашылған жаңа бірегей орын екенін атап өткен жөн. Дәл осы жерде үш жыл бұрын, яғни 2022 жылы Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Шейх Ахмед ат-Тайеб және басқа да әлемдік діндердің лидерлері саябақтың негізін қалап, ағаш отырғызған еді. Биыл Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі кезінде аталған орын ресми түрде ашылып, діндер мен мәдениеттер арасындағы рухани көпірдің жарқын рәмізіне айналды.
Іс-шара барысында «Таза Қазақстан» акциясы тек экологиялық емес, сондай-ақ рухани тазалыққа және ізгі ниетке шақыратын бастама екені айтылды. Осы орайда сенбіліктің Бейбітшілік және келісім саябағында өткізілуінің символикалық мәніне де назар аударылды.
Сенат төрағасы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы азаматтардың денсаулығы, болашақ ұрпақтың игілігі және елдің орнықты дамуы жолында айрықша маңызға ие екеніне тоқталды. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыруға және табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидаттарын дәріптеуге үнемі баса мән беріп келе жатқанын атап өтті. Мәулен Әшімбаев бұл қағидаттар қазақстандықтардың жасампаз құндылықтарының көрінісі екенін де тілге тиек етті.
«Президентіміз өзінің Жолдауында қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен қарау ұлттық идеологияның өзегіне айналуы керек екенін айтты. Мемлекет басшысы осыған байланысты тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру үшін экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуді тапсырды. Жалпы, кейінгі жылдары Президенттің бастамасымен елімізде тазалықты дәріптеуге, қоршаған ортаны қорғауға, экологияға жанашырлықпен қарауға үлкен көңіл бөлініп жатыр. «Таза Қазақстан» – дәстүрлі жалпыұлттық акциясы осы бағыттағы ауқымды жұмыстың жарқын көрінісі», деп М.Әшімбаев акцияға қатысқан азаматтарға алғыс білдірді.
Жалпы, аталған сенбілікке 200-ге жуық адам қатысқанын айта кеткен жөн. Олар 100-ден аса ағаш отырғызды. Сенаторлар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолға алынған жылдан бері белсенді қолдап келе жатқандарын тілге тиек етіп, бұл қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауды әдетке айналдыратын және қаланы көгалдандыруды дәріптейтін, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыратын маңызды бастама екеніне назар аударды.