«Таза Қазақстан» • Бүгін, 07:45

Үлгілі аудан, өнегелі ауыл

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісу облысында экология­лық мәдениетті арттыру, тұрғын­дардың табиғатқа жанашыр­лық көзқарасын қалыптастыру мақ­сатын­да «Таза Қазақстан» республи­калық акциясы өтті. Ауқымды іс-шара аясында өңір­де «Үлгілі елді мекен» облыс­тық бай­қауының жеңімпаздары анық­­талып, ең таза ауылдар мен аудан ор­талықтары марапат­талды.

Үлгілі аудан, өнегелі ауыл

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен Талдықорған қала­сын­да ағаш егу акциясы ұйым­дастырылып, экологиялық сенбілікке мыңдаған адам қатысты. Экологиялық шараның алдында аймақ басшысы елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етуге арналған облыстық «Үлгілі елді мекен» бай­қауының жеңімпаздарын марапаттады. «Үлгілі аудан орталығы» аталымында І орынды Сарқан қаласы, ІІ орынды Жаркент қаласы, ІІІ орынды Сарыөзек кенті еншілесе, «Үлгілі ауыл» аталымында І орынды Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылы, ІІ орынды Көксу ауданы, Жарлыөзек ауылы, ІІІ орынды Ескелді ауданындағы Алдабергенов ауылы, Алакөл ауданындығы Ақтүбек ауылы алды. Талдықорған қаласы «Жұлдыз» шағын ауданының №25, №27 үйлерінің жәй серіктестігі, Текелі қаласы, Жеңіс көшесінің №11 үйінің жәй серіктестігі «Үлгілі аула» аталымында ерекшеленді.

«Таза Қазақстан» акциясы – эколо­гиялық мәдениетті жаңғырту мен аза­маттық жауапкершілікті арттырудың айқын көрінісі. Мұндай бастамалар қоғамның қоршаған ортаға деген көз­қарасын өзгертеді, әрбір тұрғынның туған жер алдындағы парызын еске салады. Жетісудың жасыл келбеті мен таза ауасы – бүгінгі еңбектің жемісі, ертеңгі ұрпақтың аманаты», деді қала тұрғыны, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруха­насының алдындағы гүлзарда қылқан жапырақты, жалпақ жапырақты 500 түп ағаш отырғызылды. Жалпы облыста сенбілік аясында 9 430 түп көшет егілді.

«Бүгін достарымызбен бірге ағаш отырғызу шарасына қатыстық. Жастар қауымының өкілі ретінде мұндай шараларда белсенділік танытып, өзгелерге үлгі болуға тырысамын. Қоршаған орта – біздің ортақ үйіміз. Табиғатқа жанашырлықпен қарау, тазалық пен тәртіпті ұстану – қоғамның басты мін­деті», дейді аймақтың белсенді жаста­рының бірі Нұрасыл Молдабеков.

Талдықорғанның тағы бір тұрғыны Маржан Ғылымбеққызы да Нұрасылдың сөзін қуаттап: «Сенбілікке кіші ұлымды ертіп, ертерек келдім. Сол арқылы балама ауыр еңбектен қашпауды, таби­ғатты қалай қорғауды, сүюді, туған қала­сына жанашырлықпен қарауды үйреткім келеді. Бұл қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сәби кезінен сіңіру керек. Балам 7 жаста, бүгін тұңғыш рет көшет екті. Осындай игілікті істі есінде жақсы сақтап, туған жеріне қамқорлық жасауды үйренеді деп ойлаймын», деді.

Марапат алғандардың атынан сөз алған Сарқан ауданы, Сарқан қаласының әкімі Амантай Орынбеков: «2025 жылы бүгінгі күнге дейін мың­нан аса ағаш егілді. Тағы мыңнан аса ағаш отырғызу жоспарда бар. Мың текше метрден астам қоқыс сыртқа шығарылды. Мара­пат бізге екі есе жауапкершілік жүк­тейді. Таза­лық жұмыстарын әрі қарай да жалғас­тырамыз. Қаламызды таза ұстаймыз», деп ризашылығын жеткізді.

Сенбіліктің жұмысын түйіндеген облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев атқарылған жұмыстардың нәтижесімен таныстыра келіп: «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Жетісу облысында көптеген іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Апта сайын «Таза бейсенбі» шарасы өткізіліп, кәсіпорындардың, ұйымдардың ұжым­дары мен бизнес-қауымдастық өкілдері өздеріне тиесілі аумақтарды тәртіптке келтіріп, тазарту жұмыстарын жүргізеді, көгал­дандырады. Сондай-ақ әр екі апта сайын сенбілік өткізіледі. Онда саябақтарға, гүлзарларға, аллеяларға, аулаларға, көшелерге тазалық жүр­гі­зіледі. Одан бөлек, экобағдарлама аясында көп­қабатты үйлердің шатырлары жаңартылып, аулалар тазартылады, бала­лардың ойын, спорт алаңдары салынып, көшелер жарық­тандырылады, елді мекендерді абат­тандыруға қатысты көптеген жұмыс атқарылады. Жыл басында 120 мың түп ағаш көшетін егу жоспарланған еді. Соған сәйкес 56 мың көшет көктем кезінде тігілсе, қалған 64 мың түп ағашты күз кезінде отырғызамыз. Бүгінгі бір күн­нің өзінде 9,5 мың ағаш көшеті отыр­ғызылды», деп атап өтті.

Жалпы, Жетісу облысында өткен сенбілік барысында 438,2 гектар аумақ тазартылып, 886 тонна қоқыс жиналды. Экошараларға 22 800 адам қатысты, 204 бірлік техника жұмылдырылды.

 

Жетісу облысы