Басылым • Бүгін, 08:25

Ақпарат айдынында – «Астана ақшамы»!

40 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Бәйтеректің» түбіндегі біз үшін де, осында қаламын ұштаған талай әріптестерім үшін де биік шаңыраққа шат көңілмен кіргеніміз рас-ты. Қасымдағы фототілші Ерлан Омаров та осы редакцияда ұзақ жылдар еңбек еткен. Тапсырма беріп, мені осында жіберген «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батыр­хан да осы ұжымның бір тұт­қасын ұстап, көптеген тілшінің жазуын түзеді, жолға салды. Қай мағынасында да. «Егеменнің» бас редакторының тағы бір орынбасары Орынбек Өтемұрат та осы редакцияның табалдырығын имене басып, жетіліп, желкен жайып шықты. Мұндай мысалдар көп-ақ. Біз кейде «Егемендегі» ақшамдықтар – бір қауым елміз», деп мақтанып қоямыз.

Ақпарат айдынында – «Астана ақшамы»!

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бәрі «Ақмола ақиқатынан» басталды

Алдымен кешегіге көз жүгіртсек, еліміз жаңа дәуірге қадам басқан шақ — 1990 жылдың қазан айы. Жұрт әрі-сәрі күй кешкен аласапыран кезеңде қазақ баспасөзінің қатары тағы бір шағын басылыммен то­лықты. «Ақмола ақиқаты» деген атаумен тұңғыш қалалық қазақ газеті жарық көрді. Бұл бұрынғы Целиноградта қазақ тіліндегі қалалық деңгейдегі алғашқы басылым еді. Бұған дейін өңірде облыстық «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») мен «Қараөткел» газеттері ғана шығып келген.

Сол тұста қаланың ресми атауы – Це­линоград, ал газеттің «Ақмола» атауымен шығуы тарихи әділеттілікке шақырған рухани ишара іспетті. Уақыт та көп ұзамай осы ақиқатты танытты, Арқаның төсіндегі шаһардың байырғы Ақмола атауы ресми қалпына келді. Осылайша, атау мен мазмұн қабысып, басылым қоғам­дағы жаңғыру үдерісінің белсенді қатысушысына айналды.

Газеттің тұңғыш бас редакторы — Кенже Жұмағұлов. ҚазМУ-дың журналис­тика факультетін тәмамдап, сол кездегі тәртіпке сай жолдамамен Целиноградқа келген жас маман облыстық телеарнада жүріп-ақ көзге түседі. Қалалық қазақ газетін ашу қажеттігі туған сәтте таңдаудың осы талапты жасқа түсуі тегін емес-ті. Кездесуде ол газеттің атын «Ақмола ақи­қаты» деп қоюды ұсынады.

«Ерте ме, кеш пе, бұл қаланың байырғы атауы қайтады. Біз сол шындыққа ілесуіміз керек». Айтылған сөз ақиқатқа айналды, редактордың уәжі ел үмітімен үндесті.

Алғашқы жылдары басылымды ша­ғын құрамдағы шығармашылық ұжым аптасына бір рет шығарды. Алайда ұжым шағын болғанымен, мақсат биік еді. Тілшілер басылымның төрт бетіне қаланың қат-қабат тіршілігін сыйдырды, қоғамның күпті көңіл күйін шерт­ті, тіл мен руханияттың мұңын айтты. Егемендіктің елең-алаңындағы қиын­дықтарға қарамастан, жас ұжым жария­лықтың жаршысы бола білді.

Ақшамның бағын ашқан бас редакторлар

1997–1998 жылдары астананың ару Алматыдан Ақмолаға көшуі, артын­ша Астана атауының қабылдануы басылым­ның жаңа тынысын ашты. Газеттің бірер саны «Ақмола ақшамы» аталып, кейін «Астана ақшамы» деген қазіргі атауына тұрақтады.

Жұмагүл Саухат бас редактор ретінде шығармашылық пен менеджменттің қос қанатын қатар күшейтті. Алматы мен өңірлерден тәжірибелі қаламгерлерді тарту арқылы елордалық редакция респуб­ликалық деңгейдегі пікір алаңы болуға ұмтылды. Басылым бетіндегі «SOS» секілді қоғамдық айдарлар, ашық хаттар мен зерттеу материалдары нәтижесіз қалмады, көтерілген мәселелердің дені шешімін табуға бет алды.

па

Кейінгі кезеңде газет біраз уақыт «Астана хабары» атауымен шықты, иә, Мағжан Садыханұлы басқарған тұста. Басылымда өндіріс, қала шаруашылығы, урбанизация тақырыптары тереңдей түсті.

Танымал журналист Нұртөре Жүсіп басшылыққа келгенде басылымда ұлттық мүдде, мәдениет тақырыптары, саяси талдау кеңінен жарияланды. Ол сөзі ірі, пайымы салмақты авторларды тартып, сараптамалық дүниелерге серпін берді.

Белгілі ғалым әрі журналист Амантай Шәріп жетекшілік еткен жылдары басылым тарихи атауын еншіледі, «Астана ақшамына» қайта оралды. «Газет ішіндегі газеттер» форматы («Айналайын», «Айқаракөз», «Алқоңыр») оқырман аясын кеңейтті (осы тұста ғой біздің де «қаңғалақтап» Ақордалы шаһарға келе қалып, газет тілшілерінің қатарын толықтырғанымыз). Амантай Шәріптің ғалымдығы, парасаты, білім-білігі басы­лым­ның әр нөмірінен айқын білініп, сезіліп тұратын. Өйткені ол әр санның әрбір бетін мұқият қарады, зейін салды, салмақтылығына мән берді.

2010 жылдардың тұсында газеттің отымен кіріп, күлімен шыққан қызмет­керлердің бірі Ерболат Қаменнің басшы­лығы кезінде редакцияны сол жағалауға көшіру бастамасы іске асты.  Ақорда мен «Бәйтеректің» іргесіндегі қазіргі орын астаналық басылым мәртебесіне әбден лайық еді. Небәрі жиырма бес жасында басылымның тізгінін ұстаған Ерболат Тілекқабылұлы мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтып, тілші­лердің әлеуметтік ахуалын көтеруге айтар­лықтай күш салды. Басылымның сапасын да назардан тыс қалдырған жоқ, «Бәйтерек түбіндегі басқосу», «Ұлт ұпайы» сынды айтары мол айдарлар көпшіліктің ойынан шығып, үн қосуларына сеп болып жатты. Аға буын мен жастардың тәлім-тәрбиеге толы сабақтастығын да үйлестіре білгенін айтуға тиіспіз.

«Ақшамды» аралық кезеңдерде Аяған Сандыбай, Зейін Әліпбек секілді тәжі­рибелі журналистер редакторлық міндет­ті атқарып, тұрақтылықты қам­тамасыз етті.

Берідегі бетбұрыс

2017 жылдан бері Астананың бас басылымын Еркін Қыдыр басқарып келеді. Ел газеті – «Egemen Qazaqstan»-ның үлкен мектебінен өткен басшы дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырып, сараптамалық қалыпқа ерекше мән береді. Ұжымда Айгүл Уайсова, Гүлбаршын Өкешқызы, Төлен Тілеубай, Аманғали Қалжан, Гүлмира Аймағанбет, Қалиакбар Үсемханұлы, Райхан Рахметова сынды белгілі қаламгерлермен қатар Шапағат Әбдір, Индира Біржанова сияқты жас толқын өкілдері бірлесе еңбек етіп келеді.

«Астана ақшамы» — елорданың айнасы. Бұл басылымның әр беті елдің тыныс-тіршілігін, қоғамдағы өзгерістерді дәл, салмақты әрі ұлттық көзқараспен жеткізуге тиіс. Біздің мақсат — отыз бес жылдық тарихы бар басылымның беделін сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеру. Газет жаңалық жеткізуші ғана емес, қоғамдық пікірдің мінбері болуы керек», дейді бас редактор.

Ол жастарды жұмысқа тарту басым бағыттары екенін де атап өтті.

р

«Дәстүрлі журналистика мектебін сақтай отырып, жаңа буын қаламгерлеріне жол ашып отырмыз. Бұл — басылымның болашағына салынған инвестиция. Жас тілшілер тәжірибелі әріптестерімен қатар шыңдалып, жауапкершілігі биік шығармашылық ортада өсіп келеді», дегенді де жеткізді Еркін Қыдыр.

Газетке алғашқы толқынмен қызметке келген Ғалым Қожабеков – көп жылдан бері бас редактордың орынбасары. Әр тілшіні қажет кезінде қолдап-қолпаштап, еркелетіп те қоятын аға журналист «Ақшамға» қатысты айтарын осыдан он жыл бұрын арнайы кітап қылып та шығарған. Астананың жылнамасына айналған газеттің ширек ғасырлық шежіресі сол жинақта түгел баяндалған десек, қателеспейміз.

Бүгінгі тілдесуде де әріптесіміз өткен­нен сыр тарқатты:

«Алғашқы ұжым шағын болды. Еділ Демеуқұлов, Жұмагүл Сәтмұхамбетова, Орынбай Балмұратов, Бейбіт Оспанов, Айсұлу Қасымова, Тұрсын Есілбаева, Күләш Сәдуова… Әрқайсысының мойнында бір-бір бөлімнің салмағы болды. Біз сапаға өзгеше мән бердік. 1991 жылы қалалық бюджеттен бөлінген азын-аулақ қаржының өзі редакцияға тыныс берді. Қағаз тапшы, бояу жұтаң, телефон мен факске кезек. Соның өзінде оқырманға адалдық деген ұғымнан тайған жоқпыз.

1997–1998 жылдары Ақмолаға елорда мәртебесі берілгенде газеттің де өмірі өзгерді. Алматыдан, өңірлерден қаншама қарымды қаламгер келді. Жанболат Ауп­баев, Дидахмет Әшімханұлы, Ерғазы Әсембеков, Торғайдан Өріс Яшүкірқызы, Оралдан Таңатар Төлеуғалиев, Жезқаз­ған­нан Айқадыр Тілеуов, Атыраудан Темірхан Рамазанов, Моңғолияның Байөл­гейінен Бекен Қайратұлы, Көкшетаудан Жанғали Хасенов… осының барлығы редакцияның мінезін қалыптастырды»,  дейді ол.

Бүгінде «Астана ақшамы» газеті елор­даның басты ақпарат құралдарының бірі ретінде өз дәстүрін заман ағымына үйлестіре жалғастырып келеді. Тәуел­сіз­діктің төл перзенті саналған басылым елордамен бірге өсіп, бірге шыңдал­ды. Газет қазір «Elorda aqparat» медиахол­дингі құрамына еніп, бас директор Олжас Сыдықбек басшылығымен заманауи ақпарат кеңістігінің талаптарына сай жұмыс істеп, ізгі дәстүрді жалғастырып келеді. Қала өмірін қамтумен шектелмей, республикалық қоғамдық-саяси мәселелерді де талқылайтын басылым мәр­тебесіне ие, ұлттың ұпайын түгендейтін руханият тақырыптары да, танымдық тарихи мақалалар да тұрақты жарияланады. Әлеуметтік мәселелерге қатысты сын мақалалар да үзбей жарық көреді.

л

Мәселен, «Қала мен сала», «Әлеумет сауа­лы», «Алло, «Астана ақшамы»!» сияқты айдарлар арқылы оқырманмен екіжақ­ты байланыс орнап, қала тұр­ғын­да­рын толғандырған проблемалар газет назары­нан тыс қалмайды. Редакцияға түскен хаттар, тұрғындардың сауалдары негізінде көптеген өзекті мәселе көтеріліп, тиісті мекемелерден жауап алынады. Кейінгі жылдары «Астана ақшамы» қалам тербеген тақырыптардың біразы нақты нәтиже берген жағдай аз емес. Мысалы, газет журналистері шаһардың шеткі аймақтарының жағдайы, ескі үйлерді жаңарту, үлескерлердің проб­лемасы, қала көшелерін көгалдандыру мен тазалық, иесіз жануарларды бақы­лау сияқты мәселелерді әлденеше рет қозғады. Қаланың кейбір шұрқ-тесік жолдары, қоқыс толған жәшік­тері, ашық жатқан құдықтары туралы сыни материалдар жарық көргеннен кейін жа­уапты мамандар шұғыл шара қолданып, кемшіліктер түзетілгені жиі байқалады. Егер көтерілген мәселе дер кезінде шешілмесе, «ақшамдық» тілшілер сол тақырыпқа қайта айналып соғып, ресми сауал жолдап, жауап алғанша тынбайды. Мұның өзі «Астана ақшамы» газетінің қоғамдық бақылау тұрғысындағы ықпалы жоғары екенін көрсетеді.

Газеттің қаламы коммуналдық түйт­кілдерге ғана емес, руханият мәсе­ле­­­ле­ріне де сергек. Ұлттың мәдени құнды­лықтарын ұлықтау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тақырыптары тұрақты қозғалады. Бір мысал, «Астана ақшамының» кейінгі жылдары көтерген бастамаларының бірі – елордада ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке еңселі ескерткіш орнату мәселесі. Басылым бетінде зиялы қауым өкілдерінің «Ұлы тұлға ел төрінде тұрса…» атты ашық хаты жария­ланып, онда Астана қаласында Әуезовке лайықты мүсіннің жоқтығы сынға алынды. Газет ұжымының осы тақырыпты табандылықпен қаузауы нәтиже берді, көп ұзамай қала әкімдігі заңғар жазушыға арналған еңселі ескерткіш орнату үшін ашық конкурс жариялады. Нәтижесінде, былтыр елорда төрінде Мұхтар Әуезов ескерткіші бой көтеріп, халық игілігіне айналды.

Цифрлық дәуірде газет дәстүрлі форматпен қатар, электронды платформаларда да белсенді болуға қадам жасап отыр. «Астана ақшамының» ғаламтордағы сайты тың жаңалықтарды жедел таратады, PDF нұсқасы ұсынылады. Әлеуметтік желілерде ресми парақшалары бар. Бұл арқылы басылым қала тұрғындарымен онлайн байланыс орнатып, жастар аудиториясына жақындай түсті.

Отыз бес жылдық тәжірибе мен қалып­тасқан дәстүр – басылымның басты байлығы. Алдағы уақытта да елорданың қазақ тіліндегі бас басылымы оқырман сүйіспеншілігінен айнымай, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет ете береді деп сенеміз. 

 

Асхат РАЙҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»