Таным • Бүгін, 08:20

«Москвичтің» атасы – «Opel»

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ығы-жығы, шу-шұрқан шаһар кептелісінде мұндай көліктер көзге көп шалына бермейтіні белгілі ғой. Әйтсе де, анда-санда, арагідік көзге түссе, назар аудартпай қоймайды. Сондай сирек көліктің бірі мына «Москвич-403»-тің зауыттан сүйегі сомдалып, дөңгелегі жерге тигелі 60 жыл толыпты.

«Москвичтің» атасы – «Opel»

Көлікті осыдан бір жыл бұрын ғана қолға түсірген Нұрпейіс Қонысбайдың айтуынша, ескінің көзі қазір жөндеуде. Қозғалтқыш күшін арттырып, оны-мұнысын ретке келтіру үстінде екен. Негізі жүріп келіп тоқтаған. Бірақ бұрынғы қозғалтқыш күші сәл бәсеңірек, осы күннің үдесінен шыға бермейтін болғандықтан, ептеп арттырып, жетілдіріп жатқан беті. Оның өзінде бөтен көліктің емес, сәл жетілдірілген «Москвичтің» моторын ауыстырып салады. Сөйткен соң келер жылы осындай ескі көліктер­дің жарысы – ретро-раллиге қо­сылмақшы. Ондай жарыстар Моңғолияда жиі өтеді деседі.

Ескі де жаңа көліктің әзірге олқы тұсы жоқ. Заманауи темір тұлпарлармен аулаға қатар қойса, әрине, ел әуелі осымен суретке түсуге тырысады.

«Анамның айтуынша, мен туғанда ауылда жалғыз «Москвич» бар екен де, әкем перзентханаға сонымен келген ғой. Алғаш мінген көлігім есебінде осы әңгіме құлағымда қалыпты. Мүмкін қызығушылық содан туған шығар. Бұлардың түп-төркінін зерттеп жүріп, «Москвичтің» атасы немістердің «Опелі» екенін білдім. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, жеңілген елдің айып-шамының өтеуі ретінде орыс жеріне төркіндеген екен. Аталарымыз қызығын көріп бақты ғой бұлардың», дейді көлік иесі Н.Қонысбай.