
Көлікті осыдан бір жыл бұрын ғана қолға түсірген Нұрпейіс Қонысбайдың айтуынша, ескінің көзі қазір жөндеуде. Қозғалтқыш күшін арттырып, оны-мұнысын ретке келтіру үстінде екен. Негізі жүріп келіп тоқтаған. Бірақ бұрынғы қозғалтқыш күші сәл бәсеңірек, осы күннің үдесінен шыға бермейтін болғандықтан, ептеп арттырып, жетілдіріп жатқан беті. Оның өзінде бөтен көліктің емес, сәл жетілдірілген «Москвичтің» моторын ауыстырып салады. Сөйткен соң келер жылы осындай ескі көліктердің жарысы – ретро-раллиге қосылмақшы. Ондай жарыстар Моңғолияда жиі өтеді деседі.
Ескі де жаңа көліктің әзірге олқы тұсы жоқ. Заманауи темір тұлпарлармен аулаға қатар қойса, әрине, ел әуелі осымен суретке түсуге тырысады.
«Анамның айтуынша, мен туғанда ауылда жалғыз «Москвич» бар екен де, әкем перзентханаға сонымен келген ғой. Алғаш мінген көлігім есебінде осы әңгіме құлағымда қалыпты. Мүмкін қызығушылық содан туған шығар. Бұлардың түп-төркінін зерттеп жүріп, «Москвичтің» атасы немістердің «Опелі» екенін білдім. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, жеңілген елдің айып-шамының өтеуі ретінде орыс жеріне төркіндеген екен. Аталарымыз қызығын көріп бақты ғой бұлардың», дейді көлік иесі Н.Қонысбай.