
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданындағы «Шоқпар-Гагаринское» ЖШС тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастау рәсіміне қатысты.
Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу саласына инвестиция тарту және ірі, орта, шағын инвесторлармен өзара тығыз байланыс орнату жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға негізделген.
Аталған бастаманы отандық инвестор жүзеге асыруда. Кәсіпорында жылына 500 мың тонна кен өндіру жоспарланып отыр. Жалпы инвестиция көлемі – 47 млрд теңге.
Биыл 10 млрд теңге көлеміндегі қаржы есебінен қызметкерлерге арналған жатақхана мен зауыттың құрылысы басталады деп күтілуде. Қазіргі таңда геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Құрылысқа 100-ден астам адам тартылады. Комбинат толық іске қосылғаннан кейін 400-ден 500-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады.
Инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында жергілікті әкімдік тарапынан 1 101 гектар жер телімі бөлініп, уақытша 44 шақырым электр желісі тартылды.
«Шоқпар-Гагаринское» ЖШС директоры Семён Хан өндіріс ошағында кез келген полиметалл кенін өңдеуге қабілетті бірегей технология қолданылатынын атап өтті.