
Басқосуда еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелер ортаға тасталды. Екі күнге жалғасатын форумға 300-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында халықаралық және отандық жетекші сарапшылар, медициналық ұйымдардың басшылары, Еуропалық денсаулық сақтау менеджерлері қауымдастығының (EHMA) Президенті, медицина ғылымдарының докторы (MD), Испаниядағы CASAP (Consorci Castelldefels Agents de Salut) ұйымының басшысы Антони Перис, ДДСҰ Еуропалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының жетекшісі Мелитта Якоб, Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтар болды.
Форум барысында денсаулық сақтау жүйесін дамытудың негізгі бағыттары қарастырылды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қатысты мәселелер талқыланды. Саланың цифрлық трансформациясына назар аударылды. Оның ішінде инновацияларды енгізу, деректерді пайдалану және жасанды интеллектті қолдану мәселелері талқыланды. Форумға қатысушылар денсаулық сақтауды басқаруда адами капиталды дамыту, медициналық көмектің сапасын арттыру және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру тетіктерін қарастырды.
Форумның ашылуында Қазақстандық денсаулық сақтау менеджерлері қауымдастығының төрағасы әрі негізін қалаушысы Қуаныш Ерғалиев былай деді:
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда атап өткендей, жасанды интеллект пен цифрлық трансформация – денсаулық сақтау болашағының ажырамас бөлігі. ЖИ енгізу арқылы диагностика, талдау, шешім қабылдауда жаңа мүмкіндіктер туады. Ең бастысы – медициналық көмекті қолжетімді етеді. Алайда, біз түсінгеніміздей, технология адамды алмастырмайды. Ол оның әлеуетін күшейтеді. Сондықтан денсаулық сақтау менеджерлерінің құзыреттері аса маңызды бола түсуде. Бейімделе білу, жедел шешім қабылдау, өзгерістерді алдын ала болжай білу, командаларды басқару – мұның бәрі орнықты жүйенің берік негізін қалайды», деді Қуаныш Ерғалив.
Ізінше, ДДҰ-ның Еуропалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының басшысы Мелитта Якоб алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға инвестиция салудың қажеттігін атап өтті. Ол медицинадағы теңсіздікті жою үшін цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні қолданудың, көмек көрсетудің, кадрлық әлеуетті нығайтудың және денсаулық сақтауды басқаруға қауымдастықтардың қатысуын кеңейтудің маңызын айтты. Сол секілді Еуропалық денсаулық сақтау менеджерлері қауымдастығының (EHMA) Президенті, доктор Антони Перис денсаулық сақтау жүйелерінің негізгі сын-қатерлерін атап өтті. Оның ішінде халықтың қартаюы, кадр тапшылығы, әлеуметтік сұраныстардың өсуі және психикалық денсаулық мәселелерінің көбеюі сынды тармақтар бар.