
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Жүз мыңдаған оқырманы мен жүз жылдық тарихы бар біздің газетіміз де – халықтың көзі, құлағы һәм тілі болумен қатар, сонау ХХ ғасырдың басынан бергі қазақ тарихын тасқа қашап келе жатқан іргелі басылым. Газет тілшілері ел өмірінде болған барлық елеулі оқиғаны назардан тыс қалдырмай, құнды дереккөз ретінде кейінгі ұрпаққа қалдырып кетті. Соның ішінде өткен ғасырдың 90-жылдарында алып империяның тарқауы мен тәуелсіз Қазақ мемлекетінің қайта құрылуына қатысты да деректерді молынан табамыз. Алда Республика күні келе жатыр. Осыған орай біз бұл мақалада 1990 жылғы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануына байланысты газет бетінде жарияланған бірқатар мақала мен пікірлерге тоқталуды жөн көрдік.
Кеңестік империяның көбесі сөгіліп, қабырғасының қақырауы 1988–1989 жылдардан бастау алғаны белгілі. Алдымен Балтық жағалауы елдері мен Әзербайжан мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдап, іс жүзіндегі дербестіктің іргетасын қалады. Бұл құжатта айтылған ең басты назар аударар нәрсе – республика заңдарының одақ заңдарынан биік тұруы еді. Өз мүддесіне қайшы келетін КСРО заңдарын мойындамағаннан кейін бұл тәуелсіздік емей немене? Осы уақытта «Социалистік Қазақстан» газетінде де еліміздің экономикадағы, сыртқы саясаттағы, заң мен басқа да салалардағы дербестігі мәселесі дүркін-дүркін талқыланып, жазылып жатты.
Басылымның 1990 жылы 31 наурыздағы санында «Бүгінгі әңгіме өзегі – республиканың егемендігі мен экономикалық дербестігі» деген тақырыппен берілген материалда: «Бір кезде айтуға ауыз дауаламайтын «дербестік», «егемендік», «тәуелсіздік» деген сөздерді емін-еркін айтатын болдық» деп, әсіресе еліміздің экономикалық дербестік алуы, өзін-өзі басқару мен қаржыландыруға көшуі халық тұрмысының неғұрлым жоғары деңгейі мен сапасына қол жеткізудің құралы екенін айтады. Байқасақ, алғашқы уақытта саяси еркіндікті көп қозғамай, тек экономикалық дербестіктің маңызына басымдық беріп отырған.
Ол уақытта көп талқыланған жайттың бірі – егемен мемлекет болудың бір тетігі саналатын президенттік басқару формасына көшу мәселесі. 1990 жылдың 15 наурызында М.Горбачев КСРО президенті болғаннан кейін енді республика басшыларын да президент деп жариялауға қадам жасала бастаған еді. Сондай-ақ бұл бастаманы қолдау үшін арнайы мақалалар да ұйымдастырылғанын байқаймыз. Мәселен, газетіміздің 1990 жылдың 3 сәуіріндегі санында халық өкілдері атынан осы өзекті мәселені кезекті мәрте көтерген топтама жарияланған. Целиноград құрылыс комбинатының қызметкері О.Оспанбековтің «Егемендік өз мәнінде болсын десек» атты жазбасында: «КСРО Конституциясына сәйкес, әрбір республика – егеменді мемлекет. Біз осы уақытқа дейін республика егемендігі деген сөзге мән бермей келген сияқтымыз. Содан болар, өндірісімізге, ауыл шаруашылығымызға билікті одақтық министрліктер жүргізіп келеді. Сөйтіп, республиканың жер байлығы рәсуаға, талан-таражға салынуда. Табиғатымызға айтарлықтай нұқсан келтірілді. Осындай сорақылықтан құтқаруға президенттік басқару септесін бола ма деп білеміз» деп ойын түйіндейді. Ал Соғыс және еңбек ардагерлерінің Шығыс Қазақстан облыстық кеңесінің мүшесі, Социалистік Еңбек ері Ә.Қалиев «Өзіміз шешуіміз керек» атты мақаласында президенттік басқарудың енгізілуін жақтай келе: «Қазір республика экономикалық және саяси дербестік пен егемендік жолындағы қам-қарекетте. Олай болса, республика Президенті осынау толғауы тоқсан мәселенің түйінін шешуде ерекше роль атқарады деп білемін», деп ой қосады.
Жарияланымдарға қарап отырсақ, одақтық республикалардың дербестікке талпынған үні уақыт өте біртіндеп қаттырақ шығып, өз талаптарын батыл қойып, орталықтан іргесін аулақ сала бастағанын аңғару қиын емес. Алғашқыда «тәуелсіздік» туралы әңгіме қозғала қоймаса да, көтерілген бастамалар мен наразылықтардың артында Мәскеумен түбегейлі ат құйрығын кесісу, КСРО-дан түпкілікті бөліну мақсаты менмұндалап тұрғанын көреміз.
Осы жылдың 19 мамырында жарық көрген «Егемендік – елдіктің кепілі» атты мақалада жазушы, «Жаңа фильм – Новый фильм» журналының бас редакторы Қажығали Мұханбетқалиев Қазақстан аумағындағы өндіріс орындары әлі күнге Мәскеудегі министрліктің қолында тұрғанын, елімізде қандай да шешім қабылданарда жергілікті халықтың пікірі ескерілмейтінін, соның салдарынан республика жері ядролық полигонға айналғанын батыл сынайды. Егемендік алмай мұндай проблемалардан арылу мүмкін емесін білдіріп: «Республиканың немесе мемлекеттің егемендігі – сол мемлекеттің сыртқы істерде ешкімге тәуелсіздігі екендігі бір болса, екіншіден, ішкі істерінде де жоғарғы өкімет билігін оның өз қолында ұстауы. Яғни бір сөзбен айтқанда, ішкі істерінде де, сыртқы істерінде де мемлекеттің өз билігі өз қолында болуы. Кез келген дербес мемлекеттің егемендігін құрметтеу – осы заманғы халықаралық право мен халықаралық қатынастардың негізгі принципі, басты нысанасы. БҰҰ-ның Уставы мен басқа да халықаралық актілерде бұл ереже баяғыдан бері бар», дейді ол.
Әрине, Қазақстан секілді көпэтносты елде мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдау бірден жүзеге аса қоятын шаруа емес еді. Өйткені оны халық, соның ішінде өзге ұлт өкілдері қалай қабылдайды? Сондай-ақ бұған Мәскеу не дейді деп солтүстік көршіге жалтақтау басым болғаны аян. Сөйтіп, жүргенде Ресейдің өзі 1990 жылдың 12 маусымында мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдап, заң жүзінде КСРО құрамында қалса да, іс жүзінде одан бөлініп шыға келген еді. Бұл оқиға біздің ел басындағы азаматтарға қамшы басып, бұдан әрі сылбыр қимылдауға болмайтынын ұқтырғанын газет бетіндегі жарияланымдардан байқаймыз.
Мәселен, 1990 жылдың 22 маусымында жарық көрген «Нақты дербестік» атты бас мақалада: «Қазақстан – қисапсыз бай өлке. Бірақ сол байлықтан республика халқына тиіп жатқан пайда шамалы. Оның алтыны, күмісі, мысы, қорғасыны, алюминийі, вольфрамы, хромы, магнийі – Менделеев кестесінде не бар соның бәрі – ағыл-тегіл шалқар байлық судай тасып, Одақ министрліктерінің Данай бөшкесі сияқты тойымсыз құлқынына ондаған жылдар бойы тегіннен-тегін құйылып жатыр. Басқасын былай қойғанда, Қазақстан тек мұнайдың өзінен түскен табысқа ие болса, дүниедегі бай мемлекеттердің қатарында тұрар еді. Бірақ Қазақстанның өз жерінен шыққан сол байлыққа өз қолы жетпейді. Миллиардтаған ақша Мәскеу министрліктерінің қалтасына түседі, ал республикаға сол ақшадан соқырдың көз жасындай ғана сараң сарқыт – тиын-сиын тиеді. Қазақстан Одаққа жылына 10–12 миллион тонна жоғары сапалы астық, 300 мың тонна ет, 270 мың тонна сүт өткізеді. Мұның сыртында жүн, жұмыртқа, тері-терсек өз алдына. Сөйтсе де еліміз материалдық, әлеуметтік жағынан артта қалған республикалардың қатарына жатады. Бірақ мұнымыз обал болды-ау деп Одақ министрліктері қымсынбайды. Бұларың зорлық қой, обал ғой деп, өзінің егемендігін танытып, бас көтеріп, үн шығарған республика басшылары бұрын бола қойған жоқ. Олар ондаған жылдар бойы «ләппай, тақсырдың» халін кешті», дей келе бұдан былай егемендік алу өмірдің өзі күн тәртібіне жоғары талаппен қойып отырған тағдырлы мәселе екенін, ендігі жерде оның кешіктірілуіне, орталықтың оған кедергі болуына ешқандай қисын жоқтығын шегелеп айтады.
Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация жайында белгілі мемлекет қайраткерлері, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары Серікболсын Әбділдин мен Қазақ КСР-і Президенттік кеңесінің мүшесі Сұлтан Сартаев та пікір білдірген. С.Әбділдин газетке берген сұхбатында декларация жобасы дайындалып біткенін, осыған дейін КСРО республикаларының көбі егемендік алып қойғанын, бірақ мәселе бірінші немесе кейінгі болу емес, халықтың материалдық және рухани өміріне байланысты проблемалардың шешілуін парасатты да тез ұйымдастыруда екенін жеткізеді. Сонымен қатар ол декларация қабылданғаннан кейін КСРО Конституциясындағы одақ заңдарының республика заңдарынан үстемдігі туралы 77-бап іс жүзінде күшін жоятынын, өзіндік заңдарын қабылдау одақтық республиканың егеменді құқығы екенін айтады.
«Қазақ ұлты – республика территориясын мекендеген тең праволы ұлттардың бірі. Сонымен қатар ол республикаға аты берілген жергілікті ұлт. Ол ұғым осы уақытқа дейін тар шеңберде қалып келді. Жергілікті ұлттың өз территориясында ғасырлар бойы жасап келе жатқандығын ескеру, сондықтан да оның құқын біржақты түсінбеу қажет. Мұндай жағдайда әр сүйем жері оның тарихын білдірсе, халқының жадында тұрса, өз жерінде басқа халықтарды бауырларша кеңпейілділікпен қабылдап, құшағын жайып қарсы алса, паналатса, сөйте тұрып республика тұрғындары арасында өзі сан жағынан азшылық болып қалса, оған оның территориясы туралы мәселені тек қана референдум арқылы шешу нағыз қиянат емес пе? Референдум қазақ халқынан қолдау таппайтын шешімге ұрындыруы мүмкін, сондықтан қазақ ұлтымен санаспауға әсте болмайды. Қазақ КСР-інің территориясында жаңадан ұлттық-территориялық және мемлекеттік құрылым құруға жол берілмейтіндігі заң жобасына енгізілмек», дейді профессор С.Сартаев өз мақаласында.
1990 жылдың 25 қазанында республиканың Жоғарғы Кеңесі, яғни сол кездегі Парламенті Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдап, үш күннен кейін құжат мәтіні «Социалистік Қазақстан» газетінің бірінші бетінен бастап жарияланды. Сондай-ақ осы нөмірге декларацияны дайындаған жұмыс тобының жетекшісі, қазақтың марқасқа заңгері, Қазақ КСР-і Ғылым академиясының академигі Салық Зимановтың «Ерекше маңызды құжат» деген тақырыппен мақаласы да басылды.
«Біздің республика өзінің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны соңғылардың бірі болып қабылдады. Мұның өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар еді. Басқа республикалардың тәжірибелерін ескеруге және олардың декларацияларындағы ұтымды әрі бағалы нәрселерді алуға, өзіміздің тарихи шешімімізге ойлы көзбен, қызбаланбай қарауға мүмкіндік мол болды. Бұрынғы Кеңес Одағында осындай саяси құжатты қабылдау практикасы болмағанын ескерген жөн», дей келе ғалым декларация жобасы баспасөзде жарияланғалы бері депутаттар атына көптеген хат пен ұжымдық үндеулер келіп түскенін, тіпті көшеде митингтер ұйымдастырылғанын, Жоғарғы Кеңесте соңғы нұсқадағы декларация жобасының өзін талқылауға 6 сағат уақыт кеткенін айтады. Сонымен қатар республиканың экономикалық дербестігіне арнайы тоқталған.
«Егер экономика саласындағы толық билікке сүйенбейтін болса, республиканың мемлекеттік егемендігі аңыз күйінде қала берер еді. Мұның өзі 9-статьяда тұжырымдалды. «Жер мен оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал – республика территориясындағы бүкіл ұлттық байлық республика егемендігінің негізін құрай отырып, оның ерекше меншігінде болады», дейді академик.
Сондай-ақ С.Зиманов қазақ тілінің мәртебесіне қатысты ой қозғайды. Баспасөзде жарияланған жобаның 8-бабындағы «Қазақ КСР-інде қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ресми тіл болып табылады» деген бөлігі декларацияға енгізілмегенін және талқылаудан алынып тасталғанын айта келе: «Бұл бөліктің декларация жобасына енгізілуі дұрыс емес еді. Мұның өзі тек оның 1989 жылғы қыркүйектің 22-сінде қабылданған Республиканың Тіл туралы заңына мазмұны жағынан қарама-қайшы келгендігіне емес. Бұл заң бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі деп танылған болатын. Ең басты нәрсе мынаған байланысты: бұл ережені өзгертіп, жаңа ережені қабылдай отырып, заң шығарушы орган қазақ тілін тез арада құрып кетуге күні бұрын душар етер еді. Қазақ және орыс тілдері тең праволы. Бірақ олар өзінің іс жүзіндегі жағдайы бойынша тең емес. Біріншісі ғылыми-техникалық саладан белсенді түрде ығыстырылып отырған, республикадағы ресми іс жүргізу саласынан толық дерлік ығыстырылған жергілікті, аймақтық тіл, ал екіншісі – ғылым мен білім беру және дүниежүзілік цивилизация тілі. Осыған байланысты бұл тілдер тең статусы бола тұрып, қатарлас қозғалыс процесінде бірін-бірі «жігерлендіре» алмайды», деген ғалым қазақ тіліне заң бойынша артықшылықтар беру арқылы ғана оның болмысын, сақталуын және қайта түлеуін қамтамасыз етуге болатынын айтады және бұл жерде бөтен ниет жоқ екенін, орыс тілінің дамуына қысым жасау да болмайтынын жеткізеді.
Сондай-ақ декларацияда Қазақ КСР-інің одақтан ерікті түрде шығу құқығы сақталатынын еске салып: «Оның бірқатар статьясы алдағы уақытта жасақталатын Одақтық шарт арқылы және Республика Конституциясы арқылы күшіне енгізіледі. Бұл Конституцияны әзірлеу жөніндегі жұмыс қазірдің өзінде басталды», дейді ғалым.
Осылайша, 80-жылдардың аяғында басталған «егемендік шеруіне» Қазақ елі де қосылып, азаттыққа қарай маңызды қадам жасалған еді. Бізден кейін ең соңғы болып Түрікмен КСР-і желтоқсан айында мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдағанын айта кету керек. Ал одан әрі 1991 жылы академик С.Зимановтың жетекшілігімен «Қазақ КСР-інің мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңы, 1993 жылы егемен еліміздің бірінші Ата заңы қабылданғаны белгілі. Бұл – енді басқа әңгіме.