
Тағылымды шараны Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырды.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде Ұлытау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысы Мағжан Табылдин, Жезқазған қаласы және Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Сағындық Қожамсейітов, Қазақстанның Құрметті металлургі, өлкетанушы Төлеген Бүкіров сөз сөйледі. Олар ғалымның ұлттық тағамтану ғылымын дамытудағы және халық денсаулығын жақсартудағы өлшеусіз еңбегін тілге тиек етті.
Көрме сегіз бөлімнен тұрады. Экспозицияда ел құрметіне бөленген академиктің балалық шағындағы суреттері, тағамтану саласындағы ғылыми еңбектері, марапаттары, тұтынған жеке заттары, отбасылық мұралары және Қазақ тағамтану академиясындағы жұмыс кабинеті толық жабдықтарымен ұсынылды. Көрмені қызықтаушы қонақтар бейнеролик көріп, ғалымның өмір жолынан сыр шертетін жәдігерлермен танысты.
Тағылымды шарада «Сенің өмір сүруіңнің сапасы – ішкен асыңмен өлшенеді» деп ұлт саулығын өмірлік мұрат еткен тұлғаның денсаулық сақтау саласына сіңірген өлшеусіз еңбегі, өнегелі өмірі ұлықталды.
Көрмені жұртшылық Жезқазған қаласы, Ғарышкерлер көшесі, 26 – да орналасқан Ұлытау облыстық музейінің көркем-көрме залында қазан айының 7–15 күндері аралығында тамашалай алады.
Ұлытау облысы