
Бауыржан Файзоллаұлы – белгілі балалар жазушысы, оның «Күн бала», «Жиһанкез Ақкербез» жинақтары ең кішкентай оқырмандардың сүйікті кітабына айналған. Ақжайық өңірінің қоғамдық-саяси өмірінде өз орны бар азамат ширек ғасырдан бері облыстық «Орал өңірі» газетін басқарып, әрі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі ретінде ел мен жердің мәселесіне үнемі үн қосып келеді.
Қаламгердің шығармашылық кешіне ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, ғалым-жазушы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш, «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп, «Парасат» журналының бас редакторы Сәкен Сыбанбай сынды мәртебелі меймандар қатысты. Парасат майданындағы танымал қаламгерге Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың алғысхаттары тапсырылды. Осы кеште автордың «Намыс найзағайы» атты публицистикалық жинағының тұсауы кесілді.
Бауыржан Ғұбайдуллиннің шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылған. Балалар әдебиетінен бөлек, «Жаныма жақын жағалау», «Биленбеген вальс» сынды туындылары да оқырман жүрегінен лайықты орын тапқан. Қаламгердің өзі де орыс пен араб халық ертегілерін қазақ тіліне аударып, балалар әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосты.
– Көп уақытымды журналистиканың күйбең тірлігіне жұмсап, әдебиетке мойын бұра алмағаным рас. Бастап қойған көлемді дүниелерім де бар еді. Бүгін оқырманымның алдында ойымда жүрген жаңа шығармаларымды қолға алуға сөз беремін, – деді жазушы толқып тұрып.
Батыс Қазақстан облысы