
Көркем қолтаңбасымен танылған шебер шабытын қазақ халқының бай мәдени дәстүрі мен өмір салтынан алып, ұлттық болмысымызды майлы бояу арқылы шебер бейнелей білді. Оның туындыларындағы басты кейіпкерлер – ұлттық киім киген қыз-келіншектер мен кимешек жамылған, жаулық таққан әжелер. Суретші олардың қарапайым күнделікті тұрмысын нәзік лирикамен және көркемдік талғаммен жеткізді. Көрмеге қойылған әр картина халқымыздың қатпар тарихынан сыр шертеді.
"Шығармашылық жолының алғашқы кезеңдерінде суретші өмір шындығын, өз әсерін мейлінше шынайы беруге тырысты. Батырлар, аңыз-әпсаналар мен мифтер тақырыбы оның қиялын оятып, оларды өзіндік көркемдік тілмен бейнелеу арқылы ерекше образдар жасады. Уақыт өте келе ол философиялық әрі символикалық тақырыптарға да бет бұрып, өмірдің мәніне терең үңіле бастады. Оның туындыларында қазақ мәдениетінің ажырамас белгілері — ұлттық өрнектер, кең дала, тұрмыс-салт бейнелері анық көрініс тапты. Осы арқылы ол күнделікті болмысты ғана емес, ата-баба рухымен жалғасқан терең рухани байланысты да шебер жеткізді", -дейді өнертанушылар.
Нұрбазар Қожин шығармашылығына реализм мен натурализм бағыттары, сондай-ақ импрессионизм элементтері тән. Суретшінің туындылары Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Германия, Франция, Қытай, Жапония, Ресей және басқа да елдердің жеке коллекцияларында сақтаулы.
Көрменің ашылу салтанатында белгілі өнер қайраткерлері суретші шығармашылығы хақындағы өз ойларымен бөлісіп, оның өмір-тынысы, азаматтық болмысы туралы жарқын естеліктер айтты.