Мәдениет • Бүгін, 19:19

Қостанайда «Біздің полиция» атты фотокөрме өтті

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Біздің полиция» атты фотокөрме өтті. «Kostanay Plaza» сауда ойын-сауық орталығында ұйымдастырылған көрменің ашылу салтанатына  полиция қызметкерлері, оқушылар, студенттер, көпшілік қала тұрғындары қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Қостанайда «Біздің полиция» атты фотокөрме өтті

Көрмеде патрульдік қызметтің күнделікті жұмысы, жедел іс-шаралар, балалармен қарым-қатынас, төтенше жағдайлардың салдарын жою, сондай-ақ кинологтар, криминалистер мен арнайы бөлім қызметкерлерінің күнделікті қызметі бейнеленген айшықты фотосуреттер қойылған.

«Біз форма киген полиция қызметкерінің  де осы өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның қарапайым бір мүшесі екенін көрсеткіміз келді. Оның да өз отбасы, ата-анасы, жары, бала-шағасы, өмірлік ұстанымы, мойнына артылған жауапкершілігі бар.  Полиция қызметкері болу үшін тек заңды жаттап алып, оны жұрттан талап ету жеткіліксіз.  Тәртіп сақшыларының бойында сонымен қатар, елшілдік, жанашырлық, батылдық, ұстамдылық сияқты адами қасиеттер астасып жатуы керек», дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Карина Базарбаева.

Көрмеге келушілер арнайы шұғыл жасақ қызметкерлерінің ұрыс қимылын, криминалист, кинолог мамандардың жаттығуын тамашалады. Полиция қызметкерлері көпшілік  қойған сұрақтарға жауап беріп, өздері күнделікті қызметте пайдаланатын арнайы құралдарымен таныстырды. Кинологтар қызметтік иттердің тапсырманы қалай атқаратынын көрсетті.

Көрме барысында полиция қызметкерлері балаларға арналған викториналық ойын өткізіп, қағілездік танытқан бөбектерге ойыншық патрульдік машиналар тарту етті.

«Біздің полиция» фотокөрмесі қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. Полиция қашанда халықпен бірге жұмыс істейді. Бұл – жалаң ұран емес,  полиция қызметінің басты ұстанымы. Біз халыққа ашық әрі адал қызмет етуге әрқашан дайынбыз», дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.

 

 

Қостанай облысы