Мәселе • Бүгін, 08:27

Жайылым жайы алаңдатады

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазір күре жолда көлігімен мал қағып, мертігіп қалып жатқандар көп. Алдыңдағы анық көрінетін күндізгі уақытта ештеңе емес, ал көз байлана жолға шыққандар жылдамдықты азайтып, діттеген жеріне жеткенше тежегіштен табан ажыратпай отыруға мәжбүр. Сонда да оқыс жағдайға ұрынып қалып отырғандар қатары азаяр емес. Осыны болдырмаудың барлық амалы жасалып-ақ жатыр, бірақ елдегілердің «ауыл маңында мал жаятын жер жоқ» деген уәжі де ойландырмай қоймайды.

Жайылым жайы алаңдатады

Жарты миллион гектар жайылым жетпейді

Облыстың жер көлемі 24,1 млн га болса, соның 2,9 млн гектары – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер. Мемлекет басшысының пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару, елді мекендерді жайылыммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау бағытындағы жұмыс тобының талдауы бойынша, өңірде қосалқы шаруашылықтардағы 153,8 мың шартты мал басына 1 966,5 мың га жайылым алқабы қажеттігі анықталды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының дерегінше, жалпы аймақта жетпей тұрған жайылым көлемі – 530,1 мың гa.  Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті бекіткен жоспарға сәйкес, Қызылорда облысына жыл соңына дейін 60 мың гa пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару көзделіп отыр. Жыл басынан мақсаты бойынша пайдаланылмаған 41 979,0 гa болатын (егістік 436,5 га, жайылым 35000,9 га, басқалар 6541,6 га) 69 жер учаскесі мемлекет меншігіне өтті.

«Amanat» партиясының жанынан құ­­рылған аймақтық «Жер аманаты» комис­сиясының араласуымен 2022–2024 жылдар аралығында 459,9 мың гa жер мемлекет меншігіне қараған. Осының 93,6 мың гектары қайта айналымға енгізіліп отыр. Комиссия мәліметінше, 2022 жылы жоспар 104,7%, одан кейінгі жылы 112%, былтыр 110,7%-ға орындалыпты.

 

Орман қорын пайдаланып отыр

«Жер аманаты» комиссиясының мәліметінше, кейінгі жылдары 1027 шаруашылықтың жалпы көлемі 754,8 мың гa болатын жерін уақытша пайдалану жөнінде келісім алынған. Облыстағы 49 ауылдық округтің жайылымына қажетті 530,1 мың гa жерді орман қоры құрамынан шығару жөнінде Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігіне ұсыныс берілгенмен, қолдау таппады. Дегенмен министрлікпен бірлескен жұмыс нәтижесінде орман қоры жерінен мал жайып, шөп шабуға бөлінетін аумақтарды ұлғайтуға қол жеткізілді. Бірақ мұның да шаруаларға қиын соғатын тұсы бар. Бұрын  меншігінде жері жоқ фермерлер орман қоры арқылы алынған жер учаскесі бойынша өтінім беріп, субсидия алып келген. Былтыр жыл басында көпшілігі жаңа талап бойынша кадастрлық нөмір көрсетпегендіктен, субсидия ала алмады. 

«Amanat» партиясының облыстық филиалындағылар Үкіметтің 2024 жылғы 1 тамыздағы №622 қаулысымен Ұлытау облысы Ұлытау ауданының аумағындағы жалпы ауданы 2210,9 мың га жерді Қызылорда облысының пайдалану мерзімін 2050 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік туғанын да айтып отыр. Бұл аумақта облыстың Арал, Жалағаш, Сырдария, Қармақшы тұрғындарының мал шаруашылығына пайдаланып отырған шалғайдағы жайы­лымдық жерлері бар. Қазіргі есеппен сол маңайдан 123,3 мың бас малға өріс табылады.

 

Шаруалар не дейді?

Басқа аудандарға қарағанда облыс­тағы Шиелі, Жаңақорған аудандары мал ұстауға қолайлы саналады. Кезінде түлік біткен дария жағасындағы тоғайды қыстап, маса-шыбын көбейген мезгілде Қаратауға қарай қоныс ауда­ратын. Қазір дария бұрынғыдай тасымайды, осыдан да тоғай арасында от жоқ. Сидиған ағаштан басқа тіске ілінер түгі жоқ жерде мал да тұрақтамайды. Кезінде жер пайын оңды-соңды таратудың салдары да енді сезіліп отыр. Осының бәрін айта берсек, жайылым жыры ұзаққа созылатын мәселеге айналып шыға келеді. 

Жаңақорған ауданында қалмақ сиы­рын өсіріп, аймақтағы мал шаруа­шы­лығының дамуына үлес қосып келе жатқан белгілі кәсіпкер Зұлпыхар Сыздықов саладағы мәселелерді санамалап берді.

«Басты мәселе – жайылымның жоқтығы. Мысалы мен асылтұқымды сиыр санын 700-ге жеткізгенмін. Екі-үш жыл болды соларды сатып, азайтып тастадым. Өйткені бұл кәсіптің болашағын көріп тұрған жоқпын. Елу жылдан астам өмірімді арнаған саладан амалсыз кетіп, бизнестің басқа түріне бет бұрдық. Биылдыққа көктен ештеңе тамбады, жылдан-жылға дария табаны көрініп келеді. Тоғай арасы тұрмақ, тау баурайының ала шаңы аспанға шығып жатыр», дейді ол.

Кәсіпкер тұратын Түгіскен  ауылында 19 шаруа қожалығы болған екен. Қазір соның барлығы дерлік жұмы­сын тоқтатқан. Ауылдың айналасында жайылымдық жер жоқ себебі. Ал бос жатқан аумаққа мал жая қалсаң, құжа­тын құшақтап иесі жетіп келеді. Жер пайларын үлестірген кезде 10-20 гектарды иемденіп қалғандардың көпшілігінің қорасында тышқақ лағы да жоқ. Сөйте тұра, кезінде «керек болар» деп алып қалған жерінің қызығын өзі де көрмейтін, өзгеге де бермейтін осындай бір үрдіс қалыптасқан ел арасында. Орып алған күрішінің орнына мал жайғаның үшін алақан жа­йып, ақысына бір сиыр сұрайтын әдет шықты. Әрине, жекеменшікке қол сұғуға ешкімнің қақысы жоқ. Бірақ осы мәселе біржақты шешілмесе, оның соңы ауылдағы ағайынның арасындағы шиеленіске апарып соғуы мүмкін.

Қармақшы ауданында қазақтың ақбас сиырының санын көбейтіп отырған кәсіпкер Болат Бөгетов те Қуаңдария ауылы аумағынан 2027 жылға дейін жайылымдық жер алғанмен, биылдан бастап Ұлытау облысына қоныс аударуға мәжбүр болып отырғанын айтады. Басына баспана салып, мал баптауға барынша кіріскен фермерді райынан қайтарып отырған да сол жайылымның жайсыздығы. Қазір жаңадан барар жайылы­мына қоныс орнын салып жатыр. Қып-қызыл шығын болса да осыдан басқа амалы жоқ.

«Жазда жаңбыр тамбаған, қыста қар жаумаған қуаңшылықты да көрдік. Осы құмның арасында кезіндегі малшылардан қалған скважиналар көп. Бірақ солардың дені жұмыс істемейді. Қазақстан фермерлер қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты ретінде тиісті орындарға «әр ауылда жыл са­йын тым болмаса сол ұңғымалардың екі-үшеуін іске қоссақ» деп ұсыныс айттым. Олар жаңасын қазуды дұрыс көрген секілді. Бірақ тым қымбатқа түсетін болғасын ол да аяқсыз қалды. Қазір амал­дың жоқтығынан малды қашыртқы суымен суарамыз. Көбі содан ауру тауып, оңалмай қалды», дейді кәсіпкер жігіт.

Қызылорда қаласының іргесіндегі шаруалармен де сөйлесіп көрдік. Олар да биылғы қуаңшылықтың қиын соққанын айтып отыр. Егістік бітсе, мал күндіз-түні еркін жайылар еді деп күтіп отырғандар көп.

 

ҚЫЗЫЛОРДА