
Биыл Жетісай ауданының 79,3 мың гектар суармалы жерінің 43,1 мың гектарына жергілікті және түрік, Қытай елдерінен әкелінген тұқымдық шит егілген болатын. Бүгінде 41,9 мың гектар алқаптан 106 525 тонна «ақ алтын» жиналған. Науқанға 715 трактор мен 897 трактор тіркемелері, 61 ОВХ мен 239 мақта терім машиналары жұмылдырылған. Өткен жылы 41 мың гектарға мақта шитін сеуіп, 112 750 тонна ақ ұлпа жинаған жетісайлық шаруалар биыл 119,3 мың тонна өнім алуға ниетті. Өнім сапасын арттырып, ағын суды үнемдеудің тиімді технологиясы саналатын тамшылатып суару әдісі аудан бойынша 5646 гектар жерге енгізілсе, оның 2600 гектары мақта дақылын өндірушілердің еншісінде.
Бүгінде аудан аумағында орналасқан мақта қабылдаушы 7 мақта өңдеу зауыттары мен 77 мақта қабылдау бекеттерінің 53-і Жетісай ауданында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі болса, қалған 24-і Мақтарал ауданында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі. Аудан әкімі Серік Мамытов зауыт басшыларымен кездесіп, шаруаларға өткізген мақтатарының ақшасын уақытылы төлеп, созбалаңға салмауды, мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, зертханаларда мақта сапасын қасақана төмендету секілді жағдайларға жол берілмеу керектігін, заңсыздықтар орын алған жағдайда құзырлы органдар тарапынан тиісті шаралар көрілетіндігін қатаң ескертті.
Түркістан облысы