Форум • Бүгін, 08:55

Еліміз энергетика көпіріне айналмақ

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов «Жаңа энергетикалық тәртіп: орта державаларға назар аудару» тақырыбын­да өткен Kazakhstan Energy Week-2025 / XVI Еуразиялық KAZENERGY форумының пленарлық отырысына қатысты.

Еліміз энергетика көпіріне айналмақ

Іс-шараға әлемнің 50-ден астам елінен 300-ден астам компания атынан 2,5 мыңнан астам делегат жиналды. Қатысушылар арасында халықаралық энергетикалық ұйымдардың басшылары, ірі мұ­най-газ корпорацияларының жетек­шілері және энергетика ми­нистр­лері бар. Олжас Бектенов Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға қаты­су­­шы­ларға арналған Үндеуін оқып берді:

«Экономика, ғылым-білім, инновация, озық технология сияқты стратегиялық маңызы бар салалардың дамуы қуат көздерінің қолжетімді болуына тікелей байланысты. Сондықтан біз  еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен дербестігін нығайта түсу үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы маңызды іске халықаралық серіктестеріміз зор үлес қосып келеді. Қазақстан энергетика саласына инвестиция тартуға, оның бәсекеге қабілетін арттыруға баса мән береді. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміз жауапкершілігі жоғары орта держава ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, МАГАТЭ және ОПЕК сияқты беделді халықаралық ұйымдармен байланысын бекемдей түсуге мүдделі. Форум аясында энергетика саласын өркендетуге жол ашатын тың идеялар мен жасампаз бастамалар ұсынылады деп сенемін», делінген Президент Үндеуінде.

Премьер-министр форумға қатысушыларға елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі энер­гети­калық жобалар туралы айтты. Мұнай-газ химиясында жалпы қуаты 500 мың тонна болатын полипропилен зауыты іске қосылды. Сондай-ақ жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек бутадиен, карбамид өндіру жобалары қолға алынды. 2030 жылға дейін жалпы құны  15 млрд доллардан асатын  алты жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Қайта өңдеу көлемі артып келеді. Шымкент мұнай өңдеу зауыты өндірістік қуатын 12 млн тоннаға дейін ұлғайтады. Жаңаөзенде, Қашағанда және Теңізде газ өңдеу саласы дамып жатыр. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынбақ.

Халықаралық әріптестермен бірлесіп, жалпы қуаты 4 ГВт-тан асатын жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ жиынтық қуаты 1 ГВт болатын үш заманауи көмір жылу электр стансасының құрылысы бастал­ды. Мұнай өңдеу саласын дамыту­дың 2040 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасына сәйкес, өңдеу қуатты­лығы 39 млн тоннаға дейін ұлға­йып, өңдеу тереңдігі 94%-ға жетпек.

Қазір саланы цифрландыру мен жасанды интеллект технология­ларын кеңінен енгізуге ерекше назар аударылып жатыр. Энерге­тика саласында ЖИ геологиялық бар­лау тиімділігін арттыру және өн­діру, тасымалдау, өңдеу және басқа да үдерістерді оңтайландырудың негізгі құралына айналмақ.

Мұнай өндіруде жаңа тәсілдер қолданылып жатыр. Барлау мен өндіру жұмыстары цифрлан­дырылмақ. Деректерді жасанды интеллект арқылы талдау мұнай өндіруді жақсартады. Бұл тек ірі кен орындарында ғана емес, шағын және орта кен орындарының да мүмкіндігін ашуға жол береді. Прези­денттің бастамасымен құрыл­ған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі эко­но­миканың барлық саласына ин­новация интеграциялауды жедел­детудің негізгі буынына жатады.

Цифрландырумен және ЖИ енгізумен қатар энергияға деген сұраныстың артуы қуат көздерінің ауқымды көлемін өндіруді талап етеді. Бұл тұрғыда жерде сирек кездесетін металдар мен уран өндіру және атом электр стансаларын салу жобалары ерекше маңызға ие.

Премьер-министр Қазақстан халықаралық ұйымдармен және бизнеспен бірлескен жоғары технологиялық өндіріс орындарын құруда ынтымақтастыққа ашық, сенімді әрі болжамды серіктес болып қала беретінін атап өтті.

Пленарлық сессия барысында әлемдік энергетиканы дамыту мәселелері бойынша халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік орган­дардың, сараптамалық қоғамдас­тықтың өкілдері және тағы да басқалар өз пікірлерімен бөлісті.

Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (OPEC) Бас хатшысы Хайтам әл-Гайс мұнай-газ саласына инвестицияларды ұлғайтуға шақырды. Жаңартылатын энергия көз­дері туралы халықаралық агент­­тіктің (IRENA) бас директоры Фран­ческо Ла Камера Орталық Азия­да «жасыл» энергетиканы дамы­ту үшін елдер арасындағы ын­ты­мақ­тастықты күшейту керегін айт­ты. Ол ЖЭК жобаларын енгізуді жыл­дамдату маңызды екенін атап өтті.

Халықаралық энергетика­лық форумның (ХЭФ) бас хатшысы Джассим Альширави Қазақстанның рөлін ерекше бағалады. Оның айтуынша, біздің ел әр өңірді байланыстыратын көпір ретінде маңызды орынға ие. Ол Қазақстанды ХЭФ-тің ресми мүшесі болуға шақырды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы­ның (ШЫҰ) бас хатшы­сы­ның орынбасары Ахмад Саидмуродзода да пікір білдір­ді. Ол 2030 жылға дейінгі ынты­мақтастық жоспары аясында энергетикалық қауіпсіздікті күшейту, инвестицияны арттыру және тұрақты энергия көздеріне көшу қажет екенін айтты.

Араб мемлекеттері лигасының өкілі Махмуд Фатхалла да сөз алып, жаңартылатын энергияға инвестиция салу тұрақты даму мен әлемдік тұрақтылықтың басты негізі екенін жеткізді.

Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елімізде жүргі­зі­ліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда инвес­ти­циялық жағдайды жақсар­ту, инфрақұры­лымды жаңарту және жалпы энергия өндірудегі ЖЭК үлесін арттыру шаралары қолға алынған.