Экономика • Бүгін, 09:20

«Достық – Мойынты»: Транзиттің маңызды тірегі

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз 9 халықаралық теміржол торабы мен 8 автокөлік дәлізі тоғысында орналасқан. Біз арқылы Азия мен Еуропаның ең ірі нарықтарын жалғайтын негізгі бағыттар өтеді. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін мерзімінен бұрын іске қосты. Бұл ел тарихындағы ең ірі теміржол құрылысы болып отыр.

«Достық – Мойынты»: Транзиттің маңызды тірегі

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Транскаспий дәлізінің тынысы

«Былтыр біздің территориямыз арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 млрд тоннадан асты. Сонымен қатар еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, Бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі», деген еді Президент биылғы Жолдауында.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өнді­рістік процестер жөніндегі бас­қарушы директоры Бауыржан Пазылбекұлының сөзінше, жобаны жүзеге асыру барысында 1,6 млн-ға жуық теміржол шпалы, 113,3 мың тонна рельс пен түрлі электр жабдығы өндірілді. 260-тан астам нысан – көпір, су өткізгіш құбыр мен жол өткелдері салынды. Құрылысқа 456 техника, 1,5 мың­нан астам құры­лысшы, 7 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілдері тартылды.

«Біз тек жаңа жолдар салып қойған жоқпыз, сонымен қа­тар ел компанияларына үлкен мүмкіндік аштық. Олар бұрын-соңды болмаған көлемде тапсырыс орындап, ерекше тәжірибе жинады. Қазір біздің зауыттар рельс пен шпал шығаруды, электр жабдықтарын өндіруді толық жолға қойды. Жергілікті кәсіпорындардың әлеуеті өсіп, білікті мамандар қатары артты. Мұндай жобалар отандық эконо­миканың мықты тірегіне айналады», деді ол.

Айтуынша, жаңа жолдардың пайда­лануға берілуі осы учас­кенің өткізу қабі­летін 5 есе арттырады.

«Бұрын тәулігіне 12 жұп пойы­з өтсе, енді 60 жұп пойызға дейін қабылдап, жібере аламыз. Бұл – экспорт көлемінің ұлғаюына, Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдардың өсуіне тікелей ықпал ететін қа­дам. Біз бұл жобаны елдің эконо­микасын жаңа деңгейге шыға­ратын стратегиялық бас­тама деп санаймыз», деді Бауыржан Пазылбекұлы.

 

Стратегиялық мәні жоғары

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжановтың айтуынша, бұл учас­ке елімізді Қытаймен Достық шекара­лық бекеті арқылы бай­ла­ныс­тыратын­дықтан тран­зиттік және экспорттық әлеуетті арттыра түседі. Екіншіден, қо­сымша жолдар жеткізу мер­зімін қысқартады.

ап

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Үшіншіден, жоба халық­аралық көлік дәліздерін дамытуға үлес қосады. Қытай, Орталық Азия, Ресей, Еуропа, Парсы шы­ға­­нағы елдерін байланысты­рады. Сәйкесінше, еліміздің аймақтық хаб ретіндегі мәртебесін бекітеді. Төртіншіден, транзит көлемінің артуы валюталық түсімді ұлғай­тады, қосымша ин­фра­құры­лым құрылысына серпін береді, аймақтарда жаңа жұмыс орындары ашылады. Бесіншіден, стратегиялық темір­жол торабын бақылауда ұстау жаһандық логистикалық тізбектегі се­німді серіктес ретіндегі рөлін күшейтеді», деді Жәнібек Тайжанов.

 

Қорғас бағыты да – басты назарда

Осы жобаның арқасында Қор­ғас бағытының да маңызы артып отыр. «Теміржол жөн­деу» ЖШС бас директоры Айбек Терекбаевтың айтуынша, қазір бұл желі тәулігіне 16–18 жұп пойызға қызмет көрсетіп отыр.

«Алайда биылдың өзінде 25-ке жуық өтінім түсті. Сол себепті өткізу мүмкіндігін арттыру – уақыт талабы. Мәселені шешу үшін ұзындығы 297 шақырым болатын ауқымды жаңғырту жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Жоба ая­сында жаңа тораптар салынып жатыр әрі автоматты бұғат жүйесі енгізіледі. Бұл пойыз­дардың қозғалысын тиімді басқаруға, қауіпсіздікті арттыруға, тасымал уақытын қысқартуға мүмкіндік береді», дейді компания басшысы. Оның айтуынша, Қорғас бағытын кеңейту елімізді жаһандық тасымал жүйесіне енгізеді. Себебі бұл тар өткелді шешу Қытай – Еуропа бағыты бойынша транзит көлемін арттырып, еліміздің негізгі көлік дәліздеріндегі шектеулерді жоя­ды.