
Павлодар қаласының әкімдігі мәлім еткендей, қоғамдық көліктің маршруттық желісін оңтайландыруға қатысты бір айға созылған кешенді жұмыс аясында 11 маршрутты оңтайландыру, 2 тиімсіз бағытты жою жоспарланған. Қозғалыс сызбаларын түзету көліктік қолжетімділікті, азаматтардың өтініштерін талдау, сондай-ақ нақты жолаушылар ағыны мен маршруттардың жүктелу деңгейін бағалау негізінде жүзеге асырылған. Нәтижесінде, жолаушылар өте аз жүретін, қалалық бюджетке елеулі жүктеме түсіріп келген (166 млн теңгеден астам) №5, №6, №17 маршруттар жойылды. Бұл бағыттарда қосымша өзге автобустар мен трамвай маршруттары бар.
Бұдан былай қала маңындағы №40, 41, 38, 66 маршруттар теміржол вокзалына дейін жүретін болды. Шешім теміржол вокзалы ауданындағы дамыған көлік жүйесін ескере отырып қабылданды. Аумақта жолаушылар ағыны 60 000 транзакцияға өскен. №66, 40 маршруттар ұзындығының айтарлықтай қысқаруын ескере отырып, жолаушыларға бір сағат ішінде тегін ауысып міну тетігі енгізілді. Бір айда 56 591 адам тегін ауысып міну қызметін пайдаланды.
Сондай-ақ теміржол вокзалынан Усолка шағын ауданына дейін жүретін №66А бағыты енгізілді. Маршруттағы орташа жолаушылар ағыны қазірдің өзінде 2 мың транзакциядан асады. Қысқартылған қозғалыс схемасы мен 14 минутқа дейінгі аралық-тың арқасында маршруттағы жолаушылар ағыны одан әрі өсуге тиіс. Осылайша, түрлі бағыттардағы қолжетімді рейстер саны ұлғайтылып, екі бағытта маршруттың ыңғайлылығы мен икемділігі артқан.
Автобус желілерін қайта қарау, автобустар санын 262-ден 252-ге дейін қысқарту есебінен маршруттарға қызмет көрсетуге арналған пайдалану шығындары айтарлықтай төмендеген. Жолаушылар ағынының 10%-ға артуы тіркелген (күніне
169 441-ден 186 814 транзакцияға дейін). Әкімдік өкілдері тасымалдаушыларды субсидиялау көлемін қысқарту есебінен бюджет қаражаты жыл сайын 4 млрд теңгеге үнемделетінін жеткізді.
ПАВЛОДАР