
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
1957 жылдың қазан айында Тәжікстанның «Шарқи сурх» («Қызыл шығыс») атты ғылыми, әдеби, қоғамдық һәм саяси журналының №10 санында Мұхтар Әуезовтің 60 жылдық мерейтойына орай тәжік жазушысы Жалол Икрамидың (тәжікше Ҷалол Икромӣ) «Нависандаи азиз ва мухтарам» (Қадірлі, әрі құрметті жазушы) атты алғысөзімен «Абай жолы» романының үзіндісі жарияланыпты. Сол алғысөзді оқып шыққанда Әуезов пен Икрами арасындағы рухани байланысты, көңіл қимас достықты, бір-біріне құшағын айқара ашқан бауырлықты байқағандай болдық.
Тәжік қаламгері Жалол Икрами: «Қазан төңкерісі қазақ халқына азаттық әкеліп, ұлттық тәуелсіздікке, теңдікке, бақытқа жол ашты. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, қазақ халқы өзінің ұлы перзенті Абай Құнанбаевты мәңгілікке таныды. Ал Мұхтар Әуезов болса, өзінің «Абай» романы арқылы осы ұлты таныған ұлы бейнені әлемдік деңгейге көтерді. Бұл роман тек қазақ ұлты үшін ғана емес, бүкіл кеңес халықтары үшін қымбат қазына болды. Әрбір оқырман оны сүйіспеншілікпен қабылдады. Әр халық өз жүрегінен орын берді. Әуезовтің бұл еңбегі халықтар достығын, олардың бірлігін, өзара түсіністігін нығайтты», деп ағынан жарылады (материал көлемді болғандықтан үзіндісін ғана жариялап отырмыз).
Рас, мұндай ықыласты сөз, ақжарма тілектің айтылуына да желдің үп етіп соққанындай болсын себеп керек. Әуезовтің абыройы асқақтап тұрған кезеңде Тәжікстанның «Шарқи сурх» журналында «Абай жолы» романының тәжік тіліндегі аудармасының жариялануы қалыпты жағдай дегенімізбен, алғысөзді басқа емес, дәл Жалол Икрамидың жазуының сыры неде?
Ол сырды ашпас бұрын оқырманға Жалол Икрамиды қысқаша таныстыра кетелік. Жалол Икрами 1909 жылы қазіргі Өзбекстанның Бұхара қаласында дүниеге келіп, 30-жылдары әдебиет табалдырығын ақын ретінде аттап, кейіннен Садриддин Айнидың кеңесімен біржола прозаға ауысқан, осылай кеңестік кезеңдегі тәжік прозасының жетекші өкіліне айналған тұлға. «Душман» (Жау, 1933), «Тухми муҳаббат» (Махаббат дәні, 1934), «Тирмор» (Тамыр, 1935), «Зуҳро» (1940), «Шоди» (Шаттық), «Ман гунаҳгорам» («Мен кінәлімін», 1957), «Тори анкабут» (Өрмекшінің торы, 1960), «Духтари оташ» (От қызы, 1962), «Дувоздаҳ дарвоза-и Бұхоро» (Бұхараның он екі қақпасы) және «Тахти вожгун» (Тақтың аударылуы) сынды ондаған роман жазған суреткер. Қаламгердің ұзақ жылғы тынымсыз еңбегі кейіннен әділ бағасын алып, 1964 жылы Рудаки атындағы мемлекеттік сыйлықты, 1976 жылы Тәжікстан Халық жазушысы атағын алған.
Жалол Икрамидың Әуезовке қатысты ақжарма тілегін айтардан жарты жыл бұрын, яғни 1957 жылдың басында «Мен кінәлімін» атты психологиялық романы жарияланып, туындыда коммунистік қоғамға сын көзімен қарағаны себепті кеңестік тоталитарлық жүйенің қырына ілігеді. Кеңес одағы ауқымында түрлі пікірталас туып, қаламгердің басына қара бұлт үйріледі. Социалистік жолда аяғы шалынып кеткен қаламгерді біржола тұқыртып жазалайтын, ең азы Сібірге ұзақ жылға жер аударатын күн таяп келе жатты.
1957 жылы 9 сәуір күні кеңес одағының астанасы Мәскеуде тәжік әдебиеті мен өнерінің онкүндігі басталып, 11 сәуір күні кеңес Жазушылар одағында тәжік прозасы бірнеше өкілінің туындылары талқылаудан өтті. Бұрын әлемге Рудаки, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Жами сынды классик ақындардың шығармаларымен кеңінен танылған тәжік әдебиеті Қазан төңкерісінен кейін жаңа дәуірге аяқ басып, Айни бастаған кеңестік қаламгерлер шоғыры қалыптасып үлгерген кезең еді. Десе де социалистік заманның рухындағы шығармалар көптеп жазылғанымен, кейіпкерлердің шынайы болмысын, адами мінездерін, тағдырын жазар өріс тарылған-ды. Сол тар өрісті кеңіткен 48 жастағы жазушы Жалол Икрамидың «Мен кінәлімін» романының тағдыры қыл үстінде тұрды. Алғаш болып Икрамидың кітабы жайында филология ғылымдарының докторы, шығыстанушы, сыншы, парсы-тәжік тілінің білгірі Израэль-Иосиф Брагинский, өзбектен шыққан әйгілі әдебиет сыншысы Иззат Сұлтанов ойларын ортаға салды. Осы екі әдебиетшіден кейін мінберге көтерілген Мұхтар Әуезов Икрамидың туындысын асыра мақтамай-ақ, басты кейіпкердің іс-әрекеті бір сарынды баяндаудан тұратынын, шығарманың күрделі тартысқа құрылмағанын мысалға келтіріп, кітаптың атауы да сюжеттік, психологиялық тұрғыдан ақталмағанын айтып, сипай қамшылап сынай отырып, жазушының өз кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін ашудағы шеберлігін, табиғатты суреттеудегі өзіндік мәнеріне де тоқталып, ақырында ақ батасын береді.
Арада 15 күн өткенде Әуезовтің осы бір уәлі сөзі «Жалол Икрамидың жаңа кітабы жайында» деген атпен «Тәжікстан коммунисі» («Коммунист Таджикистана», 1957, 24 сәуір) басылымында жарияланды.
Икрамидың сиясы кеппеген туындысы қылкөпірде аяғын қалт-құлт басып құлап кетейін деп тұрғанда Әуезовтің: «...мені романдағы негізгі кейіпкерлердің күресі мен әрекеттері ойландырды. Олар бір қырынан ғана көрсетілген және сәл тым идиллиялық («идиллия» гректің «eіdyllіon» картина, шағын өлең деген сөзінен шыққан. Яғни Әуезов автордың романдағы кейіпкерлердің табиғат аясындағы қамсыз, алаңсыз өмірін тым поэтикалық тұрғыда жазғанын меңзеп отыр) сипат алған. Біржақты бейнелер белгілі бір жасандылыққа, жанжалсыз жағдайларға әкеледі. Автордың бас кейіпкері Әнуардың жеке өміріндегі өткір тартыстарды, күрделі драмалық шиеленістерді кеңінен ашуға үлкен мүмкіндігі бола тұра, оны толық пайдаланбағаны өкінішті әсер қалдырады. Сірә, ол шынайы драманы жасауға батылдық етпегендей» деп сынап алып, оған қоса: «Бұл кітапта мені ерекше қызықтырған тұстардың бірі – кейіпкерлердің ішкі болмысын ашудағы психологиялық тереңдік. Жеке тұлғаларды жазушы бір ғана бояумен – қара не ақ түспен емес, мінез-құлқының бар қырын, түрлі реңктерін көрсете отырып сипаттайды. Бұл тек қана олардың іс-әрекеттерінен, негізгі ерік-жігерінен ғана емес, сонымен бірге ең жасырын сезімдерінің нәзік әуездерін бейнелеу арқылы да айқындалған. Икрамидың көптеген кейіпкерлерінің бейнесі нанымды әрі кейде нәзік әсер қалдырады», деп бағалауы талантты қаламгердің басына үйірілген қара түнек бұлтты сейілтіп, тағдырын қатерден арашалап қалды.
Әуезовтің мінберден айтқан сөзі мен мақаласынан кейін роман төңірегіндегі айтыс-тартыс бәсеңдеп, Икрамидың бұдан кейінгі шығармашылық жолы ашылды. Әрине, аға қаламгер Әуезовтің бұл жақсылығына қайырым жасау Шығыс мәдениетін бойына сіңірген Жалол Икрамиға парыз екені анық. Икрами Мұхтар ағасына деген інілік алғысын араға алты ай салып: «Мұхтар Әуезовтің ұлылығы сол, ол «Абай жолы» романында өз халқының тағдырын ұлттың асқақ армандарымен ұштастыра отырып бейнеледі. Сол себепті Әуезов қазақ халқының ғана емес, бүкіл кеңес халықтарының құрметті жазушысына айналды. Оның ақын Абай туралы жазған романы Сталин сыйлығына ие болып, әлемдік әдебиетте де жоғары бағаланды. Мұхтар Әуезов өзінің ғылыми әрі әдеби еңбектері арқылы тәжік халқының да сүйікті ұлына айналды. Қазақ халқы оны туған перзенті ретінде мақтан тұтса, тәжік оқырмандары да Мұхтар Әуезовтің шығармаларын жылы қабылдап, өздерінің сүйікті жазушысы санайды», деп «Шарқи сурх» журналындағы «Нависандаи азиз ва мухтарам» (Қадірлі, әрі құрметті жазушы) атты алғысөзімен айтыпты. Тәжік қаламгерінің «Мұхтар Әуезов өзінің ғылыми әрі әдеби еңбектері арқылы тәжік халқының да сүйікті ұлына айналды» деген пейілді ықыласындағы «тәжік халқы» дегеннің орнына «мен» деген сөзді қойып көрсеңіз, автордың «Әуезов сүйікті ағама айналды» деген лебізді сөзін естігендей боласыз.
Әуезов саналы ғұмырында кеңес одағы деңгейіндегі әдебиетке қатысты түрлі даулы мәселеге араласып, білімі мен білігінің арқасында қара қылды қақ жарып, кесімді сөзін айта білді. Шоқан Уәлихановтың қағазға түсіруімен әлемге танылған «Манас» жыры соцреалистік тұрғыдан талауға түсіп, кеңестік темір шеңгел цензураның пышағына ілінгелі тұрғанда да қырғыздардың «Шоң қазағы», яғни Мұхтар Әуезов кеудесін «оққа» төсеп, қорғап қалды. Біздің ойымызша, осындай алып тұлғаның тәжік қаламгеріне шапағаты тигенін де бүгінгі қазақ пен тәжік жұртшылығы ұмытпауы керек. Ұмытпайды да.
Астана – Душанбе – Астана