
«Шындық қайда, мен қайда, сендер қайда?» деп осы өмірден баз кешіп өткен бір ақын болса, Мұқағали шығар. Ақын күнделігінде «мен – ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын» депті. Хакімнің әлгі сөзін өмірімен кеше жүріп, бойынан өткеріп ол да жазыпты. «Айтып өткен ақында арман бар ма, Жүрегінің түбіне кір жасырмай» депті-ау. Кезінде айтпай қалған арамдығыңыз, сақтаған қулығыңыз, тағысын тағылар жүрек түбіне кір болып шөге береді екен ғой. «Жүрегімді байқасам, инедейін таза емес» демей ме хакім Абайдың өзі? Сондай қоқыр-соқырдың бәрі тола келе сізді кімге айналдырып жіберерін ойлаудың өзі қорқынышты. Онсыз да әлгі шөгінді бүйректен сирақ шыққандай сөзіміз бен ісімізден көрініп жатқан жоқ па?
Бұрын ақындардың қай өлеңді қай уақытта жазғаны қызықтыра қоймаушы еді, асыл нәрін сіңірсем жеткілікті деп ойлаушы едім. Алайда, қазір маған Мұқаңның әлгі туындысы өмірінің қай тұсында жазылғаны аса маңызды сияқты. Меніңше, өзінің қырық бес жасымен есептегенде, қырыққа қарай бет алғанда немесе осы жасынан аса бере түсіргендей сезіледі. Өмірдің ащысы мен тұщысын басынан өткеріп, тұла бойын дерт алмаса мұндай сөз де тумас еді ғой. Жалғыз-ақ мұнда ақын сөзін адам деп алмастырса, бастапқы мән өзгере қоймайды. Данышпан Конфуцийдің өзі «жүрегіңді үнемі өзіңмен бірге ала жүр» деген сыңайда сөз қалдырыпты. Абайдан асырып айтып тұрған жоқ, әрине. Жоғарыда бір жолын үзіп алған хакімнің «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?» деп басталатын осынау үш-ақ шумақ өлеңіне тарының қауызына сыйғандай бүкіл дүние еніп кеткендей көрінеді де тұрады. «Ет жүрексіз, ерніңнің айтпа сөзін, тіл үйренген нәпсінің қу мінезін. Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма, шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін...».
Күллі дүниенің от пен суын, бал мен уын татып, басыңнан өткеріп барып бұлай деп сөйлеу былай тұрсын, осы шумақтардың мәніне жетіп, мағынасын тани алдық па деген ой келеді. Ал Мұқағали жақындаған көрінеді. Сондықтан ол ортасына сыймады. Ортасын қораш көрді немесе тазалығынан өзі қораш көрінді. Бұл ғасырдан емеспін деп болашақпен, келер ұрпақпен тілдесті. Басын тау мен тасқа соқты. Ақыр аяғында доссыз қалды. «Бір тәуір дос, тым-ақ керек, ойы мен тілі бөлінбес» деп мұны Абай да айтты. Мұқаң да дүниеден тарыққан жоқ, доссыз сандалды. Айналып келгенде, бәрінің бір-ақ себебі бар сияқты. Абай атасы «ет жүрексіз, ерніңнің айтпа сөзін» дегеніндей, ақын жүрегінің түбіне кір жасырмай өтті. Сонан кейін сыймады, сонан соң айналасына көңілі толмады, турасын айтқанда, қалыпты өмір сүргісі келмеді. Ақырында «тілде сүйек, ерінде жиек» жоғына көзі әбден жеткен соң, «Өмір сүрейік алмасып» деп даласындағы жапырақ жүрек жас қайыңға айналуды армандады. Иә, солай!
«Жапырақ жүрек жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың?»
(Көрінер, мүмкін, кімге ерсі)
Өміріңді маған бір берші».
Ақынның «Аманат» атты жинағында осы өлең өзі үш бөлімнен тұратын кітаптың екінші бөлімінің ең соңына орналасыпты. Жоғарыда қай жасында жазғанын білу де аса маңызды екенін осыған байланысты тұспалдағанбыз. Мұнша рух немесе парасат биігіне ақын қай жасынан көтерілгені қызықтырады, әрине. Өсіп тұрған тал-ағаштың кез келгені зиянды ауаны сіңіріп, бойынан тек таза ауа бөліп шығаратын асыл қасиетке ие көрінеді ғой. Айналасын нұрландырып, ізгілік таратушы қайыңға айналуды көксеу, меніңше, түңілген жанның шекті жағдайы әрі тазалықтың биігіне көтерілу деп түсінген жөн сияқты. Оған дейін «сәби болғым келеді» деген ақынның осы өлеңді жазған тұста қаншалықты биікке көтерілгені байқалады.
Былтыр Нобель сыйлығын иеленген Оңтүстік Корея жазушысы Хан Ганның «Еттен жеріген әйел» шығармасындағы Ён Хе бойындағы жыртқыштық не жауыздық пиғылдан арылудың төте жолы еттен бас тартып, өскін-ағашқа айналу деп біледі. Автор бұл «Еттен жеріген әйел» романына дейін «Өсімдік әйел» атты әңгіме жазыпты. Ет жемейтін әйел туралы жазу туралы ой осы шағын әңгімеден барып туындағаны айтылады. Мұнда «шығарманың бас кейіпкері Ён Хе жыртқыштық болмысынан бас тартудың жолын ағашқа айналудан көреді. Өмірде ешкімге қиянат жасамаған әйелдің бейсанасында бала күнінде өзін қауып алған итті әкесі мотоциклдің артына байлап, қансырап өлгенше сүйреткенін, сол иттің етін өзі жегені сақталып қалған. Бейсана ештеңені ұмытпайды. Адамның хайуани әрекеті, қиналып, аузынан қаны ағып өлген иттің етін жеген оқиға – адамның періштелік болмысы алдында жантүршігерлік әрекет. Рационалды пайым, жады артқа шегінген кезде бұл естеліктер адамды өзінен бездіріп жібереді. Хайуанға тән бұл әрекеттің елесінен арылу үшін еттен мүлдем бас тартып жануарлық болмысын аштан қатырмақ» депті шығарма туралы жазған әдебиетші Гүлнар Ізтаева.
Көптеген әдебиетшілер мен зерттеушілердің байыптағанынан ұққанымыз – Хан Ган романына кейіпкерінің өскін ағашқа айналуы туралы ойын тірек етіп алған. Еттен бас тартқанда ол сондай жазықсыз әрі ізгілік таратушы өскін ретінде бой түзеуді көксейді. Күнделікті тіршілік соңынан асыққан біз қалаған кезде жайлы жаққа ұшып кете алатын құс сияқты еркін болуды армандағанымызбен, не сұмдықтың бәрін елмен көретін және соған қарамастан бойынан нұр шашып тұратын ағаш болып тұруды армандай алдық па? Несі бар, жүре алатын ағаш делік. Олай ойлаған күнде соған жету жолында мақсат қойып, еттен бас тартқан Ён Хе сынды тәуекелге бара аламыз ба? Ал, Мұқағали қайың боп өмір сүруді 70-жылдардың ішінде армандапты. Бір қызығы, 1970 жылы Корей түбектерінде Хан Ган дүниеге енді келіп жатты. Жердің бір шетінде көбелек қанат қақса, келесі бетіндегі басқа құрлықта цунами орын алып жататыны туралы тәмсіл дейміз бе, әйтеуір осы жылдары қазақ әдебиетінде ұлы төңкерісшіл ойдың төбесі көрініп қойғанын айтқымыз келеді. «Қуатты ойдан бас құраған» бұл көркем сурет ХХІ ғасырдың басында ғана ұлы туынды ретінде әлемді мойындатты. Мүмкін соның түпбастауында тұрған шығар, мүмкін мүлде қатысы жоқ шығар, ХХ ғасырдың 70-жылдарында-ақ осыншама биікке көтерілген Мұқаң, ұлы Мұқағали Мақатаев не деп еді, бізге маңыздысы сол емес пе?
«Қайың боп мен де бағайын,
Орманнан орным табайын.
Беймәлім маған өмірге,
Қайың көзімен қарайын.
Жапырақ-жүрек жас қайың!
Жанымызды айырбастайық?
Адам боп жүрсең қасқайып,
Қайың боп тұрам қасқайып,
Тәуекел, айырбастайық» деді ақын.
Ол заманның ақылына мүлде сыймайтын, нағыз жүректің сөзі еді бұл. Қазіргі қалыпқа тіптен қиғаш емес пе? Ақылы сау саналатын кейбір адамдар үшін осылайша ойлау күлкілі, тіпті ауытқушылық ретінде танылуы бек мүмкін. Мұқаң «беймәлім маған өмірге, қайың көзімен қарайын» дегені Хан Ганның әлгі шығармасындағы Ён Хе басынан кешіргендерді елестеткенде ашыла түсетіндей. Айналасының қарсылығына ұшыраған ол бірде тіпті басқа сана ағысына түсіп, дүниеде не болып жатқаны қызықтырмай қалады. Бұл аш адамның бойындағы өзгеріс деп қабылдай аламыз ба? Ішіп-жеуден саналы түрде бас тартып, басқа деңгейге өткен немесе көтерілген жанның халі шығар мүмкін. Өйткені Таласбек Әсемқұловтың «Аштық және соғыс» атты мақаласында аш адам бастан кешіретін сезімдер мен әрекеттер басқаша түсіндіріледі. Ішіп-жемнен мақсатты бас тартып, өзін тұлпардай жаратқан жанның ахуалы бөлек болса керек-ті. Өзіңді танып-білуге жол сонда ашыла бастамай ма? Қиындықтан құс боп ұшып қашқаннан гөрі, қайыңдай қасқая қарсы алған жөн бе, таңдау өзіңізде.