
Беларусь Президентімен кездескенде елдер арасындағы сауда мен экономикалық байланыстар талқыланды. Сондай-ақ өнеркәсіп саласында ынтымақтастықты күшейту әрі жаңа инновациялық жобаларды бірге іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғыз Республикасы Президент Әкімшілігінің басшысы әрі Министрлер кабинеті төрағасы Адылбек Касымалиев, Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Арменияның вице-премьері Мгер Григорян бейнеконференция арқылы қатысты. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) жанындағы бақылаушы елдерден Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, Иранның өнеркәсіп, шахта және сауда министрі Сейед Мохаммад Табак, Кубаның өнеркәсіп министрі Элой Альварес Мартинес болды. Шақырылған елдерден Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов қатысты. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев және басқа да өкілдер жиналды.
Шағын құрамдағы отырыста биылғы 31 қаңтарда өткен жиында берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Бірнеше ұйымдастырушылық мәселе шешілді.
Кеңейтілген құрамдағы отырыста қатысушылар ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесін, көлік инфрақұрылымын дамыту мен басқа да мәселелер туралы пікір алмасты.
Премьер-министр Олжас Бектенов өз сөзінде экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің маңызын атап өтті. Ол кооперация, көлік-транзит және цифрлық салада үлкен мүмкіндік бар екенін айтты. ЕАЭО-ның жаһандық экономикадағы орнын күшейту үшін халықаралық әріптестікті дамыту әрі жаңа нарықтарға шығуға қолайлы жағдай жасау қажет екені де айтылды.
Жиында агроөнеркәсіп кешені ерекше тақырып болды. Ол – азық-түлікпен қамтамасыз ету мен орнықты дамудың негізі. Бұған дейін өнеркәсіптік жобаларға бөлініп келген ЕАЭО бюджетін ауыл шаруашылығына тарту мәселесі қарастырылды. Бұл қадам жаңа технологияларды енгізуді жеделдетіп, жеткізу тізбегін нығайтуға және ЕАЭО елдерінің өнімдерін сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті етуге көмектеді.
Сондай-ақ техникалық регламенттерді әзірлеуде цифрландырудың рөлі аталды. Ол бірыңғай қауіпсіздік талаптарын жаңартуды, үдерісті жеделдетуді, ашықтықты арттыруға жол ашады. Бірлесіп іске асырылып жатқан «Цифрлық техникалық реттеу» жобасы интеграцияны жаңа деңгейге көтереді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы Жолдауында алдағы үш жыл ішінде елімізді шынайы цифрлық елге айналдыру туралы стратегиялық міндет қойды. Қазақстан Үкіметі қазір цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіп жатыр. Біз жақын арада «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығын ашамыз, ол цифрлық экономиканы, шығармашылық индустрияны ілгерілетуде әрі жасанды интеллект экожүйесін құру драйверіне айналмақ. Отандық IT шешімдердің экспортын ұлғайту бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Барлық әріптесімді ЖИ саласындағы жобаларды қарқынды жүзеге асыруға шақырамын. Бұл біз әзірлеп жатқан Жол картасында елеулі орын алуға тиіс», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындысында бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Қабылданған шешімдер өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, цифрлық саладағы ынтымақтастықты күшейтуге, өткізу нарықтарын кеңейтуге және мүше елдердің экономикалық тұрақтылығын арттыруға бағытталды. Келесі Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы биылғы желтоқсан айында Мәскеуде өтеді.