Инновация • Бүгін, 08:38

Халықаралық көрмедегі отандық стартаптар

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Минскіде өткен «Иннопром. Беларусь» халықаралық көрмесі аясында отандық кәсіпорындар өнеркәсіпті цифрландыру саласындағы жұмыстарын таныстырды. Аталған көрме 15 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде қатысушылардың географиясы 15-тен 60 елге дейін кеңейіп, кәсіпорындар саны 1 мыңнан асты.

Халықаралық көрмедегі отандық стартаптар

Цифрландыру қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі – өңдеу өнеркәсібі. Кейінгі жылдары инновациялық шешімдерді қолданатын компаниялардың саны 3,5 есе өсіп отыр. Бұл өндіріс тәсілін өзгертіп, кооперация мүмкіндігін едәуір кеңейтеді. Тау-кен металлургия кешеніне де пилотсыз технологиялар, жерасты радиобайланыс жүйелері, жұмыс барысын диспетчерлеу және роботтандыру енгізіліп жатыр. Осындай қарқын өзге секторлардан да байқалып отыр.

«Иннопром. Беларусь» ха­лық­аралық көрмесінде ұсынылған отан­дық өнімдердің бірі – «Game of Drones» компаниясының инновациялық жобасы. Аталған технологияның екі мақсаты бар. Біріншіден, оны комбайн мен шахта техникасын қашықтан басқару үшін пайдалануға болады. Екіншіден, дрон операторларын жаппай дайындау үшін тиімді әрі үнемді платформа ретінде қызмет етеді.

«Бұл – әлемде теңдесі жоқ бірегей өнім. Ол бейнекескіндерді және бас­қаруды дәлдікпен әрі жоғары жылдам­дықпен жібере алады. Осы технология­ны ауыл шаруашылығы саласында, геймингте, әскери қызметшілерді дрон басқаруға үйрету кезінде қолдануға болады», деп түсіндірді «Game of Drones» компаниясының негізін қалаушы Абылайхан Жақанов.

стартап

Көрмеде сонымен қатар ЖИ көме­гімен теміржол вагондарын басқаруға арналған отандық стартап таныстырылды. Бұл жүйе қазірдің өзінде төрт елде, атап айтсақ, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресейде сәтті жұмыс істеп, 100 мыңнан астам вагонды бас­қарып отыр. Платформаның негізгі элементі – ең күрделі мәселені, яғни вагон паркін оңтайлы жоспарлау мен орналастыруды шешу үшін жасанды интеллектіні (ЖИ) пайдалану. ЖИ деректер массивін талдайды және тасымалдау кірісіне тікелей әсер ететін ең тиімді логистикалық шешімдерді ұсынады.

«Біз өз клиенттерімізге басы артық жүгірісті 10%-ға дейін оңтайландыруға көмектестік. Бұл – үлкен операциялық көрсеткіш. Біздің алгоритмдеріміздің көмегімен олар оңтайландыру, адамның қатысуымен болатын қателіктерді жою, кейбір үдерістерді автоматтандыру және үлкен фактор – ЖИ көмегімен жоспарлау арқылы әр вагоннан айына 20 доллардан көп табыс таба бастады. Яғни вагонды қандай өтінімге беру керектігін жүйе өзі шешеді», деді әзірлеуші компанияның өкілі Әнуар Сәрсембинов.

Көрме барысында «Best Vision Technologies» компаниясы «ақылды кас­ка» сериялық өндірісін таныстырды. Әзірлеменің негізі – қарапайым каскаға бекітілген арнайы құрылғы. Ол камерамен, динамикпен және микрофонмен жабдықталған. Бұл менеджерге нақты уақыт режімінде жұмыс орнында қызметкермен болып жатқан барлық нәрсені көруге және естуге, сондай-ақ олармен екіжақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Өндірістегі локализация деңгейі 63%-ға жететін құрылғы орналасқан жерді бақылауға арналған GPS модулімен жабдықталған және ұялы байланыс арқылы жұмыс істейді.

Сонымен қатар «ақылды каскаға» жасанды интеллектіні интеграциялау жұмыстары әлі де жалғасып жатқан көрінеді. Техникалық «көруді» қолдана отырып, жасанды интеллект камерадан бейнеағынын талдайды және қауіпсіздік ережелерінің бұзылуын автоматты түрде анықтайды.

«Егер қызметкер каскасыз, қолғапсыз немесе жұмыс киімінсіз жүрсе, жүйе оны жазып алады да дереу диспетчерге хабарлама жібереді. Бұл жүйе жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті бақылауға, еңбек өнімділігін арттыруға, өндіріс мәдениетін жақсартуға мүмкіндік береді және қызметкерлер мен басшылық ара­сындағы байланысты жеңілдетеді», деді компания директоры Сәкен Са­дықов.

Жақын арада компания толық инте­грацияланған каска шығаруды жолға қоюды және нақты уақыт режімінде өнді­рістік операцияларды орындау кезінде қызметкерлерге кеңес бере алатын да­уыстық көмекшіні әзірлеуді жоспарлап отыр.

«Иннопром.Беларусь» көрмесінде спорттағы жарақаттардың алдын алуға арналған отандық IT-стартап ұсынылды. NU базасында жүргізіліп жатқан жоба Мемлекет басшысының барлық саланы, соның ішінде спорт пен медицинаны цифрландыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асқан. .

Жаңа технология кешенді биоме­ханикалық талдауға негізделген. Спорт­тық жабдыққа біріктірілген арнайы сенсорлар көмегімен жүйе 20 мыңнан астам бірегей қозғалыс параметрлерін жинайды және өңдейді. Әрі қарай ма­шиналық оқыту алгоритмдері көз­бен көру арқылы байқалмайтын ең кішкентай асимметрияларды анықтай отырып, алынған деректерді талдайды. Терең талдау жарақат алу қаупін жоғары дәлдікпен болжауға және спортшы мен жаттықтырушыға жеке ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді.

«Біздің жүйе екі минут жасырын қауіп-қатерді анықтау үшін жасанды интеллект арқылы өңделетін үлкен көлемдегі деректерді екі минут ішінде жинауға мүмкіндік береді. Біз «Astana» жастар футбол командасымен табысты қанатқақты жоба өткіздік. Біздің өнімнің құндылығы мен нәтижесін көрсетті. Жаттықтырушылар риза болды. Енді біз келесі жылға футбол клубымен біржылдық келісімшартты іске қосамыз», деді «Mirai Tech» ЖШС операциялық директоры Азамат Есжанов.