Жиынға келген қарттарға «OpenAI» компаниясы әзірлеген, жасанды интеллектіге негізделген, сұрақтарға нақты әрі мазмұнды жауап беретін ақылды чат-бот – ChatGPT таныстырылды. Көпшілік бұл «ақылды» бағдарламаны қызығушылықпен қабылдап, өздерінің ұялы телефондарында қолданып көрді. Қосымша арқылы сұрақ қойып, нақты әрі мазмұнды жауап алған ақсақалдар ризашылықтарын жеткізіп, жаңа технологияның артықшылықтарына көз жеткізіп, таңданыстарын білдірді.
Жастар ChatGPT, Google Gemini, Copilot секілді жасанды интеллект платформаларының мәні мен мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндап, ардагерлерге оны күнделікті өмірде қалай қолдануға болатыны жөнінде нақты мысалдар келтірді. Жасанды интеллектінің қоғамға әкелетін пайдасы, тиімділігі мен ықтимал тәуекелдері, қауіпсіздік шаралары жөнінде кеңінен әңгімеледі. Жаңа технология туралы ұғынықты түрде әрі қолжетімді форматта ақпарат берді. Олардың ауыл тұрғындарына қандай пайда әкеле алатынын түсіндірді. Жасанды интеллектіге негізделген жүйелердің көмегімен ардагерлер күнделікті өмірде қажетті ақпаратты жылдам табу, медициналық кеңес алу, әлеуметтік қызметтерге қол жеткізу секілді бағыттар бойынша нақты мәлімет алды.
Жиынға қатысқан ардагер, қаламгер Аңғар Смағұл қарттарды қадірлеп, жаңа технологияны меңгеруге жол ашқан іс-шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысын білдірді.
– Біз қарт адамдар жаңа технология мүмкіндіктерін үйренудің жолын білмей қиналатын кездеріміз болады. Бүгінгі кездесуде жастар соның тиімді әрі төте жолын нұсқады. Ақылды ақсақалдан ғана емес, жастардан сұрайтын уақыт келді. Президентіміздің биылғы Жолдауында негізгі тақырып болған жасанды интеллектінің қаншалықты маңызды екенін жастарымыз бір ғана кездесудің аясында нақты тәжірибеде түсіндіріп берді, – дейді ардагер журналист.
«Ауыл» партиясы Қарағанды облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Руслан Никанович ақылды жүйенің ауылды тек «тұрмыстық кеңістік» емес, технологиялық мүмкіндіктер кеңістігіне айналдырады дейді.
«Жасанды интеллект ауыл өмірін жеңілдетіп, сапасын арттыруда, атап айтқанда ауыл шаруашылығында – егістік алқаптардың жағдайын мониторингтеу, малдың жай-күйін бақылау, ауа райын болжау, өнімділік деңгейін арттыруда, сонымен қатар білім беруде, денсаулық сақтау саласында, кәсіпкерлік пен саудада нақты үлес қоса алады. Технологиялық даму адам өмірінің барлық саласына әсер етеді. Ал ауылды дамытпай, елімізді жаңғырту мүмкін емес. Сол себепті, «Ауыл» партиясы бұл мәселеге ерекше ден қойып отыр. Мақсат – ауыл тұрғындарын жаңа заманның тілімен сөйлету, цифрлық сауаттылықты арттыру және технологияны күнделікті өмірде қолдануға бейімдеу, ауылды ақпараттық қоғам көшінен қалдырмау», дейді партияның өңірдегі жетекшісі.
Осы жиын интеллектуалды қондырғының көмегін тек жастар ғана емес, ардагерлер де ала алатынын дәлелдеді.
Қарағанды облысы