Руханият • Бүгін, 08:30

Бекзаттық пен дегдарлық үлгісі

40 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ақтөбеде интеллектуалды поэзияның ірі өкілі, лирик Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығы мен атақты сатирик Үмбетбай Уайдиннің 90 жылдығына арналған «Әдебиет. Рух. Қоғам» халықаралық байқауы өтіп, поэзия мен проза жанры бойынша сынға түскен 140 шығарманың үздіктері анықталды. Қуандық Төлегенұлының туған жері Қарабұтақ ауылындағы ақын тойына жан-жақтан жұрт жиналып, ұрпақтары да келіпті. Ақтөбедегі «Шығармашылық академиясы» ғимаратында өткен «Сөз өнерінің сәулеткері» атты кеште ақынның көзін көрген қаламдас інілері естеліктерімен бөлісті.

Бекзаттық пен дегдарлық үлгісі

Автордың шығыс по­эзиясының сан түр­лі ­бояуын әдебиетіміз­ге әкеп сіңіргені, ұмытыла баста­­ған көне сөздерді қазақ өлеңінің ­бояуы­­на айналдыра білгені, жан­кеш­ті еңбеққорлығы, тағдыр­дан көр­ген теперіші жөнінде жан­ ­адам­ға сыр білдірмей, өзі өмір сүр­ген қоғамды жамандамай өтке­ні, ­әлем әдебиетінің классикте­рін т­амаша тәржімалап, қазақ әде­биеті­нің алтын қорын байыт­қа­ны туралы айтылды. Ақын 1925 жылы Ырғыз ауданының Шаба­ған деген жерінде дүниеге келіп, Қара­бұтақта білім алып, ҚазМУ-дың филология факультетіне оқу­ға түседі. 16 жасқа да толмаған ол 1-курста Мәулен Балақаев­пен бірге қазақ тілінің оқулығын жазады. 1942 жылы тырнақалды «Ар» жинағын дайындап, бас­паға әзірлейді. Бірақ қуғынға тү­сіп, оқудан шығарылады.

Қазақстан Жазушылар ода­­ғының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов биыл Қуан­дық Шаңғытбаевтың 100 жыл­дығы Алматыдағы Ұлттық кі­тап­ханада конференция тү­рінде ғана аталғанын, Ақтө­беде соның жалғасын тауып отыр­ғанын назарға алды. «Ұста­зы­мыз Зейнолла Қабдолов уни­верситеттегі лирика туралы дәрісін Қуандықтың «Қыз қуу» өлеңін оқудан бастайтын. Өйткені оның лирикасы артық сөзі жоқ, сөйлеп тұрған сурет еді. Дала, жарыс, қыз бен жігіт, сезім, мінез бәрі көз алдыңа келеді. Оның алғашқы жинағы 1945 жылы шықса, екінші кітабы 23 жылдан соң ғана жарық көрді. Арада ұзақ кідіріс болды. Мұның бір себебі, Қуандық Төлегенұлының мінезінен деп те ойлаймыз. Өйткені ол қа­зақтың қара сөзіне, өлеңіне мұ­қият қарап, өзіне де қатаң талап қоя білген ақын. Осы қасиеті үшін тұстастары, шәкірттері оны өте жақсы көрді. Сөзден сурет салған тамаша лирикке жалындап тұрған шағында, өнімді еңбек еткен кезінде еш атақ берілмеді. Қатарлас, қаламдас достары түрлі атақ алып жатқанда, үйінде жазумен ғана айналысты. Ол атақ, құрмет сұрап кеңсе жағаламады, жоғары лауазымдыларға жағыну үшін араға кісі салмады. Өнімді еңбек етіп, қазақ поэзиясын бір сатыға көтерген ақынға атақ бермегендеріне ыңғайсызданған болар, сол тұстағы зиялылар өмі­рінің соңғы жылдарында ғана оған Қазақстанның халық жазушысы атағын қиды. Қуандық – тағдырлы ақын. Әкесі Төлегенді 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұстап әкеткенде, баласын пио­нер қатарынан шығарған. Ол заманда комсомол, партиядан шығарғанды естісек те, оң-солын танып үлгермеген кішкентай баланы пионерден шығару сол кездегі атқамінерлердің ғана қолынан келген. Соған қарамастан, жас Қуандық 15 жасында Алма­тыдағы ҚазМУ-ге оқуға түсті. 2-курста оқып жүргенінде Мәулен Балақаевпен бірге «Қазақ тілі» оқулығын жазды. Бейсембай Кенжебаевпен бірге Мұхтар Әуезовтің «Абай» романына рецензия жазғаны үшін қудаланып, Ақтөбеге кетуге мәжбүр болды. Оны Нұрпейіс Байғаниннің хатшысы етіп жіберді. Сол жылдары елде Нұрпейіс Байғаниндей қазақтың ескі сөзінің қадірін білетін ақындар некен-саяқ еді. Бір жағынан, Қуандықтың хатшы болып барғанының пайдасы – Нұрпейістің жыр-дастандары қағазға түсті, екінші жағынан жас ақынға да үлкен мектеп болды. Сол заманда ұлыларымыз ізде­рінен ерген таланттар көзден таса болса, іздеп отыратын. Қиянаттың құрбаны болып кеткен Қуандықты Алматыда екі адам ғана ұмытпады. Оның бірі – Мұхтар Әуезов болса, екіншісі Қаныш Сәтбаев еді. Ұлы Мұхтардың қамқорлығы сол, баспада қолжазба күйінде жатқан Қуандықтың кітабын көтертіп, өзі алғысөзін жазып, 1945 жылы «Ар» деген атпен шы­ғартты. Сол жылы Қаныш Сәтбаев Ресейден Қазақстанға келген атақты түрколог Маловқа қол қойдыртып, Қуандықты аспирантураға қабылдатуға ұсы­ныс түсірген. Өкінішке қарай, талантты жастарды ортаға тартатын ұлыларымыздың жақсы қасиетін бүгінде біз жоғалтып алдық», деді Мереке Құлкенов.

Қуандық Төлегенұлының қазақ драматургиясына әкелген жаңалығы – 1960–1970 жылдары театр сахналарынан түспеген «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» комедиялары. Бұлар – класси­калық деңгейдегі туындылар. Аудармашылығы өз алдына бөлек дүние. Аударма ісінде де тал­ғам­­паздығымен дараланған. Кез келгенді емес, таңдап, талғап жү­ріп аударды. Қазақта «Евгений Оне­­гиннің» толық нұсқасын Абай­дан кейін аударған Қуандық Шаң­ғытбаев. Омар Хаямды, Р.Бернс­ті, Ю.Лермонтовты аударды.

«Ақын бір сұхбатында Омар Хаямды аударғанда араб тілін өз бетімше үйрендім деп айтқаны бар. Шаңғытбаевтың жазған ән мәтіндері тілге оралымды, ойға қонымды. Сондықтан да ел ішінде әлі күнге дейін шырқалады. Бұл жердегі шеберлігі – мәтін мен музыканы тамаша үндестіргені. Осындай еңбегімен қазақ поэзия­сы, драматургиясы, аудармасында Қуандықтың қолтаңбасы дара тұр. Ырғызда туып, Қарабұтақта өскен қара бала ұлтымыздың ең көрнекті, салиқалы, текті азаматына айналды», дейді Мереке Әбдешұлы.

Ақын сөзіне жазылған «Көктем вальсі», «Қыз әзілі», «Тербеледі тың дала», «Туған ел» сияқты әндері тыңдарман жү­регінен орын алды. Қуан ақын­ның мәтіндеріне Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Мұқан Төлебаев, Әбілахат Есбаев, Сыдық Мұхамеджанов ән жазған.

Кездесуде сөз алған ақын Ұлық­бек Есдәулет «Қуандық Тө­легенұлы – қазақтың интеллектуалды поэзиясының басын­да тұрған даралардың бірі. Осы тізімді Төлеген Айбергенов, Мұ­қағали Мақатаев, Сағи Жиен­баев, Жұматай Жақыпбаев, Есенғали ақын жалғастырғанын» атап өтті: «Жас ақынның «Едігенің елмен қоштасуы», «Бауыржан Момышұлына», «Мен – қазақ!», «Қоштасу», «Қауышу», «Жас партизан сыры», «Сүттей жарық жазғы түнде», «Жастық дәуренім», «Тұрғаным-ай, құшағыңда» деген өлеңдері кірген «Ар» жинағы үлкен қиындықпен шыққан. Қолжазбадағы кей өлеңдері туралып кетті деп те естідік. 15 жасында Алматыға келіп, ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түскен бойы Балақаевпен бірге «Қазақ тілі» оқулығын жазып, әжептәуір қаламақы алады. Қаражат қалтасына түскенде жыл­қының қазысын сатып алып, оның ішіне ақша салып, итжеккенде айдауда жүрген әкесі Төлегенге жібереді. Бұл жас баланың емес, жан-жүрегі ерекше жаратылған саналы адамның ісі деп айтар едім. Оның алғашқы «Ар» кітабы 20 жасында шықты. Содан атағы ел ішіне жайыла бастады. Алайда сол жылдары Әуезовтің дұшпан­да­ры мұның да дұшпанына айна­лып, қағажу көрді. Шеттетілді. Сол заманда талантты ақындар күн­көріс үшін аудармамен айналысты. Қуандықтың да аударма­ға бет бұруы осыдан. Аудармаға да талғампаздықпен кірісіп, тек ұлы­ларды ғана аударған. Егер, «Рубаилар» кітабының мұқа­басына қарасаңыз, авторы Омар Қайым деп жазылып тұр. Қуандық Төлегенұлы Омар Хаям емес, Омар Қайым деп жазып қойған. Дұрысы сол. Ол тәржімалаған Пушкиннің «Евгений Онегинінен» бір мін таба алмайсыз. Қадыр ағамыз «Аудармашы ретінде бұл кісіні пір тұтамын» деп айтып кеткендей, аудармасында бір мін жоқ. Ал «Беу, қыздар-ай», «Ой жігіттер-ай» комедияларындағы, «Тақиялы періште», «Біздің сүйік­ті дәрігер» фильмдеріндегі Қуандық ағамыз жазған әндердің мәтіндерін әлі күнге дейін ел жатқа айтады. Шын шебердің қолынан шықса, әннің сөзі де өміршең болады екен. Мәселен, «Тербеледі тың дала» әні тың игеру жылдары тапсырыспен жазылды деп айта алмайсың. Көз алдыңызға толқынды егіннің ортасында қол ұстасып келе жатқан екі ғашық келеді. Кезінде Д.Вердидің «Аида» операсы Суэц каналын ашу керек болғанда тапсырыспен жазылған шығарма болатын. Бірақ жұрт сұмдық қабылдап, әлемдік жауһарлардың қатарына енді ғой. Соған қарағанда шын классиктің қаламынан туған қандай да бір дүниенің жігі білінбей кетеді екен. Қуандық аға бекзат бітімді, аса талғампаз, жаны таза, асыл жаратылысты адам болатын. Ондай адамдарға өмір сүру оңай емес. Қиянатшыл дүние деп Абай атамыз айтқандай, өзі қиянатты бесіктен белі шықпай көрген адам болса да, қасында жүрген біз сияқты інілеріне бірде-бір рет мұңын шағып көрген жоқ», деді Ұлықбек Есдәулет.

Ақын Мейірхан Ақдәулетұлы: «Қуан ағаның бұл өмірдің бар­лық қиыншылығын көрсе де, қабақ түймей кеткеніне қайран қала­мын. Біз анда-санда үйіне барғанымызда, жұрттан естіген жайттарды сұрай бастағанымызда ол былай деп тыйып тастайтын: «Әй, Тахауи! Тахауи! Сен оны сұрама. Мен айтпаймын, бәрібір. Сен сұрасаң, мен айтсам, мен емес, сенің ішің сасып кетеді. Одан да өлең оқы». Былайша айтқанда, өзің жамандық көресің деген сөз ғой.

Өмірден әлдеқашан өтіп кетсе де қимайтын, қайта-қайта еске алатын адамдарымыз болады. Қимайтынымыз, ол адам­ның мазмұнына, болмысына, істеген ісіне, өнегесіне байланыс­ты. Мұның өзі артында қал­ған адамдарға өмір сүруге көмек­теседі. Қуан аға да солардың бірі еді. Қуан ағамыз да адамның жанын жадыратып, жақсылыққа шақыратын шуағына айналды деп ойлаймын. Көп адам оның өмірінен беріректе ғана хабардар болды. Өмірінің ащысы мен тұщысы жөнінде аздап болса да кейін шыққан бес томдық жинағында жазылды. Соған қуандық. Өйткені көп нәрсеміз күні кешеге дейін айтылмай келді ғой», деп түйіндеді.

Кездесуде Қуандық Шаңғыт­баевтың 100 жылдығына арнап түсірілген «Бірегей» де­ректі фильмінен үзінділер көр­сетілді. Кездесуге әке мұрасын жинақтауға үлес қосқан қызы Гауһар мен күйеу баласы Сайрам Салықов та қатысты. Кездесуде сөз алған Гауһар Қуандыққызы: «Нағашы ағасы атылып кетті, әкесі Магаданға 20 жылға айдалды. Соған қарамастан 18-дегі жігіт мойымады. Университетте жү­ріп шығаратын кітабына «Мен – қазақ!» өлеңін, Едіге поэмасын кіргізді. Алайда осы «Мен – қазақ!» өлеңі, «Едіге» поэмасының прологі түгел өртелген. Мұхтар Әуе­зовтің алғысөзі де түгел өр­телген. Кейін әкем «Ардың» екі данасын әрең тапты. Біреуінде Әуезовтің алғысөзі бар, біреуінде жоқ. Кітап 7-беттен басталады.

Бейсембай Кенжебаевпен бірге Әуезовтің «Абай» романының корректурасын жасағанда, әкем оны пальтосының ішіне жа­сырып, баспаханаға апарып жүрген. 1950 жылдардың қуғыны басталғанда, әкем оқудан шығарылып, Ақтөбеге Нұрпейіс Байғаниннің әдеби хатшысы етіп жіберілген. 1945 жылы 9 сәуірде Нұрпейіс ақын қайтыс болып, әкем тағы да жұмыссыз қалды. Сол тұста М.Әуезов «Евгений Онегинді» аудар деп кеңес берген. Пушкиннің осы поэмасын қазақ тіліне ең алғаш Абай аударса, одан кейін Ілияс Жансүгіров айналысып жүргенде, атылып кетті. Осы поэманы аударған үшінші қазақ – менің әкем. «Өзінен 50-жылдардың ортасындағы қуғын-сүргіннен қалай аман қалдың?» деп сұрағанымда, ол «Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударған екінші адамды тағы ұстаса, сұрақ көбейеді. Аман қалуымның бір себебі осы болар», дейтін.

Әкемнің бес томдығын Мәде­ниет және ақпарат министрлігі шығарып берді. Содан кейінгі жинақталған екі томдығын шы­ғаруға Ақтөбе облысы әкімдігі көмектесті. Ким Серікбаев аға­мыз біраз жәрдемдесті. Өкі­нішке қарай, әкемнің көзі тірі­сінде шығармалар жинағы жа­рық көрмеді. Көзі тірісінде шы­ғарған соңғы кітабы «Махаббат пен ғадауат» жыр жи­на­ғы Қ.Сәтбаев политехникалық уни­верс­итетін басқарған акаде­мик Ө.Бай­қоңыровтың қолдауы­мен 1995 жылы шықты. Оның ішінде Мағжан ақынға арнал­ған өлең­дері де бар. Әкемнің дос шәкірті Есенғали мен Аманхан «Дәр­мантнаманы» өздері басып шығарып, қалталарына салып жүрген. «Дәрмантнама» – керемет философиялық цикл. Мен әкем­нің жазған махаббат лирикала­рын жас­тар оқыса ғой деймін», деді Гауһар Шаңғытбаева.

Қуандық Шаңғытбаев поэзия­­сы туралы кандидаттық диссер­та­ция қорғаған Өтеген Үмбетыр­за­ұлы да ақынның тілі, өлең­дері­нің құрылысы, ежелгі жыраулар ­поэ­зиясымен үндестігі, ескі сөздерді қолдану тәсілдері туралы баяндады.

 

Ақтөбе облысы