
Фото: gov.kz
Бұл туралы Бейсенбай Тәжібаевтың өзі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Ол Түркістан өңірінде қоғамдық-әлеуметтік салаларға жетекшілік жасаған. Бейсенбай Тәжібаев Түркістан облысы әкімінің орынбасары болған тұста еңсерілген ауқымды шараларды қорытындылады.
«Білім саласы бойынша үнемделген қаражат есебінен былтыр 200 мектеп жөндеуден өтіп, 128 мектептің жылу қазандығы газға ауыстырылды. Биыл 100 мектепке жөндеу жүргізілді. Екі жылдың ішінде 400-ден астам білім ұясына қаражат бөлдіртіп, реттедік. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы 29 жаңа мектеп білім инфра құрылымына үлкен серпіліс әкелді. Қазір облыста үш ауысымды 1, апатты 1 мектеп ғана қалды. Екеуінің де құрылысы қолға алынды, келер жылы бұл мәселеге нүкте қойылады.
Балабақша мәселесін ваучер арқылы түбегейлі оңтайлы шешуге қол жеткіздік. Әр жыл сайын 8 мыңдай бос орынды анықтап, қысқартып, кезекте тұрған балалардың орналасуына жол аштық. Республика көлемінде балабақшамен қамту 99,6%-ға жетіп, жоғары ең жоғарғы көрсеткішті иелендік. Әлеуметтік салада «Самғау» және «Шұғыла» оңалту орталықтары ашылды. Таяуда жаңа «Ардагерлер үйі» мен «Қамқорлық» орталығы пайдалануға беріледі. Былтыр шалғай ауылдарда 55 медициналық нысан салынды. Биыл тағы 32-і бой көтеруде. 10-нан астам аураханаға күрделі жөндеу жүргізілді», деп жазды Бейсенбай Тәжібаев.
Сондай-ақ Бейсенбай Дәулетұлы өз жазбасында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңның жұмыс тобында 1,5 жыл еңбек еткеніне назар аударды.
Жаңадан тағайындалған Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы еңбек жолын «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінде бастап, әр жылдары Шымкент қаласы баспасөз қызметінің басшысы, Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, 2019-2022 жылдары «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2022 жылдың наурыз айынан бастап осы күнге дейін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы лауазымын атқарып келді. Сондай-ақ 2020 жылдан Түркістан облыстық мәслихатының VII шақырылымдағы депутаты болды. Жоғарыда атап өткеніміздей кейінгі үш жылда Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.