Инвестиция • Бүгін, 08:25

Инвестиция тартудағы тұрақтылық

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда жаһанда инвестиция үшін тартыс күшейіп бара жатқанын, сондықтан елімізде жаңа инвестициялық кезеңді жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызы зор екенін атап өткені белгілі. Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында өңірде ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Кейінгі жылдары жалпы құны 289 млрд теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба пайдалануға берілген. Жергілікті атқарушы билік өкілдері келтірген ресми дерекке жүгінсек, 2023 жылы 13 өндіріс ошағы іске қосылып, 577 жаңа жұмыс орны құрылған. Ал өткен жылы 35 кәсіпорын ашылып, 1 453 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ілкімді жобалардың қатарында «Шатыркөл» кен байыту фабрикасы, «Korcem» цемент зауыты, «Karatau Chemicals» секілді іргелі кәсіпорындар бар.

Инвестиция тартудағы тұрақтылық

Жылдың алғашқы жартысында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 301,8 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 48,1%-ға артқан. Тараз қаласындағы индустриал­ды аймақ толық инфрақұрылыммен қамтылған. Келешекте мұнда шағын өнеркәсіптік аймақ ашылып, есік шығару, шыны өндіру, тамшылатып суару жүйесі және құрғақ құрылыс қоспалары мен бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар іске қосылмақ.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданында да ірі жобалар іске асырылады. Бірнеше жыл бұрын құрылған «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында қолға алынған шаруа аз емес. Алдағы екі жылдың бедерінде мұнда 1,1 трлн теңгенің жобаларын жүзеге асыру бойынша жұмыс атқарылады. Тынымсыз тіршіліктің арқасында ұзын саны 10 кәсіпорын бой көтеріп, 4 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Қазір сол жобалардың едәуір бөлігінің құрылысы жүріп жатыр.

«Арнайы экономикалық аймақ­қа ағылған инвесторлар жеткілікті. Өйт­кені мұнда инвесторлар үшін айтарлықтай жеңілдіктер қарасты­рылған», дейді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бас маманы Әлішер Сұраншы жағдайды түсіндіріп.

инвест

Бірнеше жыл бұрын құрылған арнайы экономикалық аймаққа өңір тұрғындары үлкен үмітпен қарағаны анық. Облыс аумағындағы іргелі өндіріс алаңына айналады деп күтілген аймақта қазіргі кезде жұмыстың қыза түскеніне жергілікті азаматтар да қуанып отыр. Жалпы алғанда, арнайы экономикалық аймақта қолға алған жүйелі жұмыс өз нәтижесін беріп келеді. Жалпы құны 22 млрд теңгені құрайтын гербицид, амоний және пластмасс өндіретін 4 кәсіпорын бой көтерген. Қазіргі уақытта тағы да 10 жобаны жүзеге асыру бойын­ша нақты жұмыс атқарылуда. Мем­лекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы билік өкілдері инвесторларға айтарлықтай жеңілдік қарастырғаннан кейін қытайлық инвестор іске кіріскен. Олар жылына 3 млн тонна қалдықсыз болат өңдейтін металлургия зауытын салып жатыр. Ресми дерекке жүгінсек, кәсіпорынға 564 млрд теңге көлемінде қаражат салмақ. Тағы бір инвестор жылына 3 млн тонна жүгеріні қалдықсыз өңдейтін зауыт құрылысын қолға алған. Бұл жобалар алдағы уақытта өңір экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосатыны анық.

«Кәсіпорынды салу үшін 6 мың адам іске кіріседі. Ал зауыт ашылған кезде 1 500 азамат жұмыспен қамтылады. Біз жүгеріні терең өңдеу ісіне кірісу арқылы лейцин, изолейцин, валин, глутамин, цитрулин секілді амин қышқылдарын аламыз. Бұдан бөлек, крахмал, глюкоза және мал азығын өндіреміз. Жалпы алғанда, жаңа зауытта жұмыс істейтін мамандардың 90%-ы жергілікті азаматтар болады. Жергілікті жұмысшылар алдағы бірнеше жылдың бедерінде шет мемлекеттерде біліктілігін арттырады. Шу ауданына ұзын саны 19 инвестор келеді», дейді «Shenqtai Biotech CO. LTD» ЖШС басшысының орынбасары Сю Цзинчжао жағдайды түсіндіріп.

Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, арнайы экономикалық аймақта жүзеге асырылатын мұндай ілкімді жобалар ел аумағында бұрын-соңды бол­маған көрінеді. Шу ауданының билігі алдағы уақытта да өңірге ірі инвесторларды тарту арқылы облыс экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосуға бекініп отыр. Ресми дерекке сенсек, «Жібек жолы» арнайы экономи­калық аймағында атқарылатын жұмыс жетіп артылады. Алдағы жылдары жел электр стансаларының құралдары, натрий циониді, пероксид секілді өзге де бірнеше өнім түрін шығаратын 10 жоба іске асырылмақ.

Соңғы жылдары қайта жаңғырған арнайы экономикалық аймақты Орталық Азиядағы бірегей өндірістік алаңға айналдыру үшін өңір билігі қолдан келгенше инвесторлармен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Қолға алған жұмыстың алдағы уақытта оң нәтиже беретініне күмән жоқ. АЭА аумағы қазір 805 гектарға ұлғайған. Бұл өз кезегінде әлеуетті инвесторлардың тарапынан қызығушылық тудырған. Қосымша 400 гектар алаңда субаймақ құрылған. Мұнда жел генераторларына арналған зауыттың алғашқы кешені іске қосылды.

Жамбыл облысында бұдан өзге де ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты жұмыс бар. Мәселен, осы жылдың қараша айында жылдық қуаты 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы «Еврохим Қаратау» ЖШС-ға тиесілі кәсіпорынның алғашқы кезеңі іске қосылады.

Кейінгі жылдары Жамбыл өңірінде ірілі-ұсақты көптеген өндіріс ошағы салынды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде үлкен жобаларды жүзеге асыру үшін Қытай және Түркия елдеріне барып, әлеуетті инвесторлармен кездесіп қайтқаны да жадымызда. Қысқасы, Жамбыл облысында іргелі жобаларды іске асыру мақсатында қолға алынған жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар