
Суретті түсірген – Ақәділ РЫСМАХАН
Облыс орталығы Тараз қаласына қарасты Құмшағал тұрғын алабында 8 мыңға жетеғабыл халық қоныстанған. Тұрғындар тығыз шоғырланған Құмшағалға уақыт талабына сай келетін руханият ордасы керектігі ілгеріде жиі айтылатын. Жергілікті атқарушы билік өкілдері халықтың өтінішін назардан тыс қалдырмай, былтыр жыл соңында мәдениет үйінің құрылысын бастаған. Енді сол жаңа нысан пайдалануға берілді.
Тұрғын алабында бой көтерген мәдениет үйінің ашылу салтанатына өңір басшысы Ербол Қарашөкеев арнайы барып, құмшағалдықтардың қуанышына ортақтасты. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар 140 орындық мәдениет үйінің бой көтеруіне ықпал еткен билік өкілдеріне ризашылығын жеткізіп, ақжарма тілегін айтты.
«Мәдениетсіз ел де, ұлт та болмайды. Өйткені мәдениет – халықтың рухани қазынасы. Өнері өрістеген өңірде мәдениет саласының қызметкерлеріне қолдау тоқтамақ емес. Себебі Жамбыл жері – ұлттық деңгейдегі мәдениет майталмандарын дүниеге әкелген өңір. Біз тұғырлы тұлғаларымызды қай кезде де мақтан тұтамыз. Жергілікті атқарушы билік өкілдері сала қызметкерлерінің өтінішін назардан тыс қалдырмайды. Қасиет дарып, құт қонған Әулиеата жерінен, Тараз топырағынан талай жас дарын түлеп ұшқан. Сол дәстүр сабақтастығының жалғасуына қолдан келгенше жағдай жасаймыз. Құмшағалда бой көтерген жаңа ғимараттағы мамандар жас ұрпақтың рухани мұрамен сусындауына, ұлттық өнердің өрістей түсуіне барынша мүдделілік танытады деп сенеміз. Мұнда жастардың шығармашылық дағдысын дамытуға барлық жағдай қарастырылған. Енді тек аянбай еңбек ету керек», деді өңір басшысы.
Ресми дерекке жүгінсек, биыл өңірде 16 мәдениет нысанының құрылыс жұмысын жүргізуге қомақты қаражат қарастырылған. Қазірге дейін 5 нысан пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 6 нысанның құрылысы аяқталады.
«Соңғы уақытта Құмшағалға айрықша көңіл бөлініп жатыр. Бірнеше әлеуметтік нысан салынды. Жергілікті жұрт асыға күткен мәдениет үйі де бой көтеріп, тұрғындар үшін есігін айқара ашты. Тұрғындардың тілегін қаперден шығармаған өңір басшысы Ербол Қарашөкеев пен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке айтар алғысымыз шексіз. Екі азамат бір жыл бұрын Құмшағалда мәдениет ошағы бой көтереді деген уәде беріп еді. Бүгін сол уәденің үдесінен шығып, қуанышымызды бөлісіп отыр. Уақыт сұранысына сай салынған жаңа нысан жастардың бас сұғатын қасиетті шаңырағына айналады деген сенім зор», дейді құмшағалдық қария Рахменбек Рысдәулетұлы.
Мәдениет үйінің құрылыс жұмысы өткен жылдың қараша айында басталып, қазынадан 363 млн теңге қаражат бөлінді. Жұмысты «Әл-Мансұр» ЖШС жүргізген. Мәдениет ошағы уақыт талабына сай салынған. Мұнда декорация қоймасы, әкімшілік бөлме, кітапхана, 12 орындық оқу залы бар. Сондай-ақ балалар мен жастарды шығармашылыққа баулитын бірнеше үйірме жұмыс істейді.
ТАРАЗ