
Форум мен «BeWoman» қорының негізін қалаушы, меценат Жанна Канның айтуынша, қазіргідей ғажайып кезеңде тепе-теңдікті сақтау үшін қозғалуымыз қажет.
«Бұл – технологиялардың, жаһанданудың, жасанды интеллект пен цифрландырудың дәуірі. Егер біз оқымасақ, өзгермесек, бейімделмесек, аутсайдер болып қалу қаупі бар. Өмірді өзгертпейтін білімнің қажеті жоқ. Дәл осы себепті бүгін біз осында жиналдық», деді ол.
«BeWoman Asia 2025» Қамқоршылық кеңесін Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева басқарады.
«2025 жылғы әйелдің бейнесі – жай сандардың жиынтығы емес, елдің тарихы. Ол тарихты миллиондаған әйелдердің еңбегі, білімі мен көшбасшылығы жазып отыр. Әрбір сан – ел экономикасына, мәдениетіне, ғылымына және болашағына қосылған үлес. «Әйел факторы» көп жағдайда әлемнің елімізге деген көзқарасын айқындайды. Қазақстан әлдеқашан «даму үстіндегі ел» мәртебесінен асып түскен. Бүгінде қарапайым қазақстандық әйелдің орташа өмір сүру ұзақтығы 75–80 жылды құрайды. Бұл – тек жеке денсаулықтың және өмірлік қуаттың ғана емес, тұтас қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің көрсеткіші. Қазақстан әйелдерінің сауаттылық деңгейі – 99,9%. Әрбір бесінші әйелдің жоғары білімі бар. Университет студенттерінің тең жартысы – қыздар. Ғылым саласында да 55,7% әйел-ғалымдар табысты еңбек етіп жатыр», деді министр.
Гендерлік теңдікті дамыту – БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) бесінші міндеті. Осыған орай елімізде түрлі жеңілдіктер, оқу және стартаптарды дамытуға арналған гранттар енгізілді. Сондай-ақ Парламентте әйелдер мен жастар үшін 30%-дық мемлекеттік квота қарастырылған. Әйелдерге арналған қосымша қолдау шаралары қабылданды. Оған кәсіпкер әйелдерге арналған бағдарламалар, гранттар мен жеңілдетілген несие беру жатады. Әйел-көшбасшыларды дамыту үшін басқарушылық дағдыларды үйрететін курстар мен тренингтер жұмыс істейді.
«Маңызды жобалардың бірі – «Даму» қоры іске асыратын «Үміт» бағдарламасы. Ол бизнесвумендерге жеті жылға дейін 100 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаға «Halyk Bank», «Bank RBK», «Еуразиялық Банк» және «Банк ЦентрКредит» қатысады. Тағы бір маңызды бастама – «Отбасы банкі» мен Азия даму банкінің (АДБ) бірлескен «Ұмай» жеңілдетілген ипотекасы. Мұндай бастамалар ел дамуына ықпал етіп, гендерлік теңдікті нығайтады және мықты, тұрақты экономиканың қалыптасуына серпін береді», деді министр.
Ол қазір отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында прогрессивті заңдар қабылданғанын, заңнамалық деңгейде харассмент қылмыстық жауапкершілікке жататынын мысалға келтірді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіліп қана қоймай, ол қоғамда айыпталатын, ұят саналатын құбылысқа айналды. Қалыңдықты ұрлау да 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған ауыр қылмыс ретінде белгіленді. Министр мәлімдеп отырғандай, соңғы жаңалықтардың бірі – Отбасыны қолдау орталықтарының бірыңғай желісінің құрылуы. Олардың жұмысын Мәдениет және ақпарат министрлігі үйлестіреді. Мұндай орталықтардың қызметі қоғам үшін өте көкейкесті болғандықтан, 2024 жылдың маусым айынан бері олардың саны 33-тен 104-ке дейін артқан. Қиын жағдайдағы отбасыларды проактивті анықтау үшін құрамында дәрігер, психолог, полицей және әлеуметтік қызметкерлер бар мобильді топтар құрылған.
«Президенттің тікелей тапсырмасымен Ішкі істер министрлігінде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдерді зорлықтан қорғау басқармасы құрылды. Орталық Азия елдерінің ішіндегі алғашқылардың бірі болып ІІМ-де әйел-тергеушілердің мамандандырылуы енгізілді. Олар әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған сексуалдық қылмыстарды тергейді. Республика бойынша мұндай тергеу-оперативтік топтарға 280 әйел-тергеуші енгізілді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторлары 16 мың әйелдің құқығын қорғады. Мұның бәрі – мемлекеттің және азаматтық қоғам белсенділерінің жүйелі еңбегінің нәтижесі», деді А.Балаева.
Форум аясында «Бірліктің күші – әйел-көшбасшылардың халықаралық альянстары» дөңгелек үстелі өтіп, 2025 жылғы Алматы декларациясына қол қойылды. Бұл құжат Орталық Азия әйел-көшбасшылары мен серіктестерінің халықаралық альянсын тұрақты платформа ретінде бекітіп, еліміздің қолдауымен әйелдер кәсіпкерлігі күнін 19 қарашаға белгілеп, ұлттық және аймақтық деңгейлерде ілгерілетуді қарастырады.
Форумның алғашқы күніне белгіленген 12 сағаттық үздіксіз бағдарламада ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, БҰҰ, ЕҚЫҰ, «UN Woman, Woman in Tech» халықаралық штаб-пәтерлерінің өкілдері мен Президент жанындағы Ұлттық комиссия сөз алды. Сол сияқты, форумның салмағын Брайан Трейси (АҚШ), Рита Макграт (АҚШ), Венди Даймонд (АҚШ), Аюми Мур Аоки (Франция), Лиэнн Робертс (Сингапур), Люси Чоу (БАӘ), Ирина Хакамада (Ресей), Диора Усманова (Өзбекстан) сынды сарапшылар көтеріп отыр.
АЛМАТЫ