
Олай дейтінім, далалық даналық пен еуропалық пластиканың сұлу синтезін дүниеге алып келген суреткер Шығыс пен Батыс өнерінің қоспасынан өзіндік ой түйе білді. Бір басына жетер абырой-беделден кенде емес кемел суреткер осы уақытқа дейін АҚШ, Белгия, Аустрия, Германия, Италия, Қытай, Үндістан, Франция, Жапония және тағы басқа дүние-жүзінің қырықтан астам елінде көрмелерге қатысып, Третьяков галереясы мен Эрмитажда, Болгария ұлттық музейінде экспозициясын ашқанынан асқан қандай атақ керек? Ол аз десеңіз, таңдаулы туындылары әлемнің даңқты музейлерінде Ван Гог, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль, Пикассо еңбектерімен қатар тұрғанын қалай айтпайсыз? Сальвадор Далидің қазақ жеріндегі ізбасары деп мойындалған Ерболат Төлепбай ұлы суретшінің 100 жылдығына орай Парижде көрме өткізіп, әлемдік алыптың полотноларымен қатар тұрғанын біреу білсе, біреу білмес. 2004 жылы Париж төрінде өткен аталған көрменің «Сальвадор Дали және Ерболат Төлепбай» деп аталуының өзінен көп нәрсені ұғуға болады.
Адам болмысының терең ішкі жан дүниесін бейнелеген Ерболаттың «Сырнайшы» полотносын АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтонның інісі Роджер вилласының төріне іліп қойғаны да оның талантына әлемдік табынушылардың коэффициентін айғақтайды. Бұрынғы Кеңес одағының атақты академик-суретшілері Зураб Церетели, Таир Салахов, EuroUnion Өнер академиясының президенті Мирослав Кливер, Франция Өнер академиясының президенті Роджер Талебер, Оңтүстік Корея президенті Ли Мин Бах, басқа да төрткүл дүниеге мәшһүр даңғайыр тұлғалардың Ерболат Төлепбайды жоғары бағалауы оның әлемдік аренадағы апайтөс екенін айғақтаса керек. Қазіргі заманғы қазақ бейнелеу өнерін жаһанға танытқан Ерболат Төлепбайдың шығармашылығы бізге ерек көрінетіні – басы ашық шындық. Азат ойлы адам ғана терең ойға құрылған шығарма тудыра алатынын жыға түсінген Ерболат суреткерлік дербестігінің арқасында ғана шығармаларын шартарапқа шашыратпай жеткізді. Көңіл-күйдің әсем тұстарын ғаламат бір әуездікпен жүрекке жеткізе білетін автордың тәуелсіз ойының көркем келбеті картиналарының тұла бойынан төгіліп тұр. Ерболат Төлепбай дүниелерін Батыстың өнер сыншылары магиялық экспрессионизм ретінде сипаттайды. Иә, дау жоқ, дарынды суретші рационалды конструкциялардан гөрі ішкі энергия мен пәлсапалық пайымды жандандыруға ұмтылатынымен талайды тәнті етіп келеді. Оның туындылары сакральдылық пен психоанализ, түйсік пен композиция арасына дәнекер болғанымен де қымбат. Дәл осы артықшылық қазақ кескіндемесінде символикалық кеңістік пен ұлттық үні бар көркемдік тілдің қалыптасуына ықпалын тигізді.
Өзінен де, өзгеден де талап ететін табандылығы мен еңбексүйгіштігі болмаса, оның жұмыстары дүниенің ғажап галереялары мен кең қолтық коллекционерлерінің төрінен орын алар ма еді? Осы екі қасиетімен қоса оның бойында ойлаудың ішкі архитектурасы терең дамыған. Ерболат туындыларында экспрессивтік дүлей күш бар. Мұны алабөтен эмоционалдық ырғағы қалыптасқан хас шебердің гравитациялық тартылыс күші деп айтсақ та жарасады. Ең алдымен, ұлттық дәстүр мен этнографиялық мазмұнға өте бай шығармалары адамның жаны мен психологиялық көңіл-күйін әдемі аша білетінімен алға озып тұр. Оның үстіне, ұлттық нақыш контексінде өзіндік түс ерекшеліктерін тиімді пайдаланатыны да шығармашылығын биікке көтеріп әкетті. Ерболаттың ең басты ерекшелігі сол, ол картинаны қылқаламмен емес, жүрегімен һәм пайым-парасатымен жазады. Кез келген образы ойлы бояуға құрылғаны соншалықты, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі мен сезімге толы толғанысын ежіктемей, еркін оқи аласыз. Жүрекпен жазылғандығынан болар, сезіміңді сол бойда селт еткізеді. Парасатпен жазылғандығынан болар, бояулар палитрасы сені ойлауға үйретіп тұрады. Осыдан кейін-ақ оның ұшқыр қиялы мен көркем логикасы қатар дамыған суретші екенін мойындамасқа амалыңыз қалмайды. Үйлесімділік дәлдігімен тәнті ететін жұмыстардан еркін сусындайсыз. Төрт жақтан түгел қарасаңыз да, бөлек жазу байқалады. Шығармаға монументалды бітім беріп тұратын орасан образдар суретшінің таза рефлексті толық меңгергенінің дәлеліндей менмұндалайды. Оның туындыларында ашық композициялар мен абстрактілі нысандар басым, алайда олар көбіне нәзік, сызықтық және символдық көркемдікке негізделгенімен жүрекке жылы тиеді. Оған қоса, суретші кез келген картинасында тірі қозғалысты алдыңызға жайып салу үдерісін философиялық акцентпен орындайды.
Өткен ғасырдың 80-жылдарына таяу студенттік максимализмнің ұшар басында жүрген албырт кезімізде Алматыда өтетін кез келген көрмені құр жібермейтінбіз. Қазақ бейнелеу өнерінде жылымық жылдардың басты персоны болған Салихитдин Айтбаевтың кубизмінен кейін тағы бір жаңа ағымның есіктен сығалай бастағанын сезе бастаған едік. Сезетініміздей бар, италиялық танымал суретші Ренато Гуттузоның өзі ару Алматыға келіп, «Салихитдин Айтбаевтың шеберханасында» атты картинасын жазатыны да – осы кез. Интуиция алдамады. 70-жылдардың аяғында қазақ кескіндемесіне атойлап келген Ерболаттың ең алғашқы «Өскін дала» және «Маңғыстау тынысы» жұмыстары қазір ұмытпасам Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде тұр. Осы тырнақалды туындыларымен-ақ социалистік реализмнің бұғауынан бұлқынып шығуға талпынған жас суретші өнертанушылар көзіне салған бетте ілікті. Осыдан кейін Ерболат Төлепбайдың сырға толы сюрреализмге біржолата көшкенін көзіміз көрді. Осы жылдары «Жел дауысы», «Молшылық», «Ауыл мұғалімі», «Суретші жастығы», «Халық композиторы Сүгір», «Түйешілер», «Көкпар», «Үндер дауысы» сияқты ғажап еңбектері дүниеге келді. Бұл туындыларында Ерболат реализмнің үйреншікті үйірінен шығып, сюрреалистік бағытта жаңа визуалдық тіл мен ой қорыту тұңғиығын ала келді. Осы орайда 1983 жылы сүрлеуі сырлы сюрреалист-суретші Шыңғыс Айтматовтың қос портретін бірдей бітіріп, терең символика мен метафоралар арқылы көрерменді сана мен қиял шекарасына жетеледі. Ой еркіндігін және түйсік пен түстің үйлесімін көрсетуге талпынған Ерболат Төлепбай осы портреттерінде атышулы жазушының бас кейіпкерлеріне арналған метафоралар арқылы жаңашылдыққа толы сюрреализмнің қазақ жерінде де кең қанат жаюына жол ашты. Дәл осы кезде Ерболат таза абстракциялық картиналар жазумен де көзге түсті. Осы жылдары «Күзгі шалғын», «Жаңбырдан кейінгі қырат», «Ән салған таулар», «Қақтығыс симфониясы», «Отырар», «Еркек пен әйел», «Зағиптар», «Қайықта», «Даладағы екеу» сияқты ғажап еңбектері дүниеге келді. Абстракция мен нақты бейне арасындағы үйлесім көрерменді жаңа психологиялық әсерге бөледі. Дәл осы принципке арқа сүйеген Ерболаттың туындылары шындық пен қиял арасындағы диалогке айналды. Ұлттық дәстүр мен заманауи көркемдік экспериментті керемет тандемге айналдыра білген оның шығармашылығы қазақ бейнелеу өнерін жаңа эстетикалық биікке көтерді.
70-жылдардың аяғында Ерболат Төлепбайдың шығармашылығы толық және түпкілікті сюрреалистік бағыттың айқын көрінісіне айнала бастады. Дәстүр мен жаңашылдық онан сайын үйлесім тауып, суретші көрерменге ой салатын символикалық кеңістігін кеңейте түсті. Оның барлық жұмысын шағын эсседе талдау мүмкін емес. Дегенмен, жалпы ойымызды бір картинаның мысалында айтсақ та оқырманға көп нәрсені жеткізіп қалармыз. Ерболаттың 1979 жылы жазылып, 1980 жылы көрмеге қойылған «Жел дауысы» туындысы әлі күнге дейін көз алдымда. Картинадан ілкі сәтте ырғақ энергиясын сезгенімді ұмыта алмаймын. Табиғаттың көңіл-күйін өзіне бағындыра білетін суреткер ғана өнер жауһарын дүниеге әкелетінін сол жолы анық білдім. Живописецтің лирикалық ағынан жарылуының нәтижесінде туған туындының алғашқы әсерге бөлеген сәті жадымда жатталып қалды. Аталған шығармадан суреткерге аса қажет қасиеттің бәрі табыла кеткеніне де қуанғаным бар. Суретші түс пен кеңістікті әдемі сезінген. Жарықты да жанындай ұғынған. Картина бір қарағанда монотонды көрінгенімен, қозғалыс анық байқалып тұрды. Осыдан кейін суретшінің динамика заңдылықтарын терең меңгере бастағанын ұқтым. Туындыда салиқалы сюжеттің шиеленісуі мен кульминациясы бір линияда ұштасып жатқанын көріп, Ерболаттың шеберлік шыңына ізгі интеллектпен жеткеніне куә болдым. Десек те, көңіл түкпіріндегі асылдың бәрін қылқалам ұшына қондырған суретшінің бұл туындысының ең басты құндылығы табиғи шынайылығының астарында жатқанын бажайладым.
Бұл картинада суретші екіұштылыққа ұрынбайды. Қаптаған образдарды бір-бірімен шатастыру, тіпті, мүмкін емес. Өзінше өрілген әр алуан образ кескіндемеге монументалдылық пен динамизм бере түскен. Әр кейіпкердің сезімге толы толғанысы мен ішкі жан дүниесін айнытпай танисыз. Бұл да суретшінің адам психологиясының иірімдерін суреткер ретінде соншалықты дәлдікпен игергенін көрсетіп-ақ тұр. Осы қасиеті арқылы ол туындысын айқын орындаумен қатар шығарманың үлкен үйлесімділігіне жете білген. Өмірдің қас-қағым сәтін живопись тілінде сөйлете білумен бірге жарықты зерттеумен де айналысып келе жатқан суретшінің осы картинасынан кеңістікке деген жаңаша көзқарасты, композициялық шешімдер мен техникалық жаңа әдістерді анық көрдім. Әртүрлі образды композициялық тұрғыдан монолитке айналдырған Ерболат уақыт пен кеңістікті параллельді бейнелей білумен бірге фигуралардың орналасуы мен композициялық құрылымын сюрреализмге тән көрнекілік диалектің артықшылығына айналдыра алған. Ол перспектива мен пропорцияны бұрмалау арқылы адамның ішкі әлемін және психологиялық күйін фальшь араластырмай көрсетеді. Екіншіден, алуан түстерді және композициялық байланыстарды орамды ойды жеткізу құралы ретінде пайдаланады. Үшіншіден, оның шығармалары эмоциялық әсер мен ұлттық болмысты ашумен шектеліп қалмайды, сонымен қатар ой тереңдігі мен метафизиканы жеткізуімен де құнды. Мұның өзі қазіргі қазақ сурет өнерінің қазыналығы мен көпқырлылығын айқын көрсетеді.
Ерболат Төлепбайдың туындылары қазақ мәдениетін жаңа қырынан ашып қана қоймай, адам санасына әсер ететін әлеуметтік идеяларды жеткізді. Мұндай шығармашылық тәсіл ұлттық өнерді жаңаша қабылдауға, оның әлемдік контексте өзіндік орнын көрсетуге мүмкіндік алып берді. Ерболаттың шығармашылығынан біз өнер қиял мен сана арасындағы терең байланысты қалай бейнелей алатынын, мәдениетті жаңа айшықты тілмен жеткізуге де болатынын түсіндік. Ендеше, оның туындылары эстетикалық құндылығын ешқашан жоғалтпайтын шедеврлер шеруін болашаққа бастай берері сөзсіз. Әрине, Ерболаттың шығармашылығында түрлі стильдік кезең болғанын өнертанушылар әлденеше рет жазды да. Дей тұрғанмен, қашанда ізденіс үстінде жүретін ол пластикалық формаларды өзгертуге талпынысын тоқтатпағанымен де, адамдық болмыстың басты мәнін, живопись тілімен кестелесек, картина кейіпкерінің квитэссенциясын өзгертуге ешқашан аттап басқан емес. Бұл да Ерболаттың тірі жазу өнеріне деген алғаусыз адалдығы болса керек. 2009–2013 жылдар аралығын суретші өнімді еңбек еткен кезең деп батыл айтуға болады. Оның үстіне, Ерболат Төлепбайдың кескіндемесі дәл осы кезде тың ағымға аяқ басты. Бұл постсюрреалистік ұмтылыс қазақ суретшісінің еуропалық сюрреализмге қарсы жауабындай көрінгенін де жасыра алмаймын. Әрине, мұндай қадамға алғаш рет барған америкалық қылқалам шеберлері екенінен бейнелеу өнерінің тарихынан хабары бар адамдар құлағдар болар. Дей тұрғанмен, Ерболат америкалық ағымға біржолата елітіп кетті деу – қисынсыз. Керісінше, ол шығармаларында жаңа ағымды ұлттық нақыштармен, қазақтың дәстүрлі мәдениетімен тығыз байланыста қарастыруымен қайран қалдырды. Осы кезде жазылған Ерболаттың «Дала мадоннасы», «Туған жерден көшу», «Қалыңдық», «Үш грация», «Әйелдер биі», «Дала әуені» және басқа жұмыстарында тұлғалық символдар, ашық түстер, абстрактілі формалар ұлттық мәдениет пен заманауи ойды біріктіріп, ерекше көркем колорит қалыптастырды. Қазақ даласының рухы мен адамның ішкі әлемін осындай принципке құрған суретші постсюрреализмді қазақы тұғырға қондырды. Бұл – ылғи да айта жүрер ақиқат. Ерболат Төлепбайдың жаңа стилі кездейсоқ түс бейнелерінен гөрі әр детальді мұқият ойлап, көрерменді өзге әлемге сүйрейтін композицияларға сүйенетінін талай рет аңғартты. Суретшінің бояу мен форма симбиозы терең сырдың кілтіндей болып көрінетінінде тылсым біткеннің талайы жатыр. Ол саналы түрде қиял мен нақты өмір көрінісін біріктіріп, кейде ертегідей, кейде шынайы образдар арқылы әлем әйнегіндегі әсемдікті бейнеледі. Ол – аталған кезеңде «Талтүс», «Көршілер», «Дала балладасы», «Аялдама», «Аяғы ауыр әйел», «Кездесу», «Апалы-сіңлілер» жұмыстары арқылы постсюрреализмнің америкалық дәстүрінен бөлек, ұлттық мәдениет пен қазақ фольклоры элементтерін қосып, өзіндік бағытын тапқан бақытты суреткер. Бейнелеу өнерінде қалыптасқан жаңа бағыттың бастауындай көрінетін Ерболат Төлепбай көшпелілер мәдениеті мен дала архетиптерін жаңа формалармен үйлестіріп, осы картиналарында далалық кеңістіктегі рух ірілігін толыққанды ашып берді. Осылайша, қазақ живописінің қазіргі көшбасшысы Ерболат Төлепбай ұлттық және әлемдік өнерді ұштастырған реформаторға айналды. Оның өнердегі деңгейін айшықтайтын шынайы баға осы деп білемін.
Қазақ кескіндемесінің көкжиегінде қиялдың ғарыштық қанатын кеңге жайып, өнердегі тосындық пен тереңдікті паш еткен Ерболат Төлепбайдың шығармаларына қараған сәттен бастап-ақ көрермен күнделікті өмірдің дағдысынан бір сәт ажырап, шексіз әлемнің беймәлім кеңістігіне қадам басады. Космостық шарықтау деген осы болар. Ерболаттың полотноларынан қазақ дүниетанымының терең қатпарлары, көне миф пен ұлттық пассеизмнің нышандары қылаң береді. Ол дәстүр мен жаңашылдықты, архаика мен модернді табыстырған сиқыршыдай басқалардан алабөтен ерекшелене білді деп батыл айтуға болады. Жанрлық шығармаларда суретші Ерболат Төлепбайдың ішкі драматизмі айқын сезіледі. Оның «Келіспеушілік туралы әңгіме», «Даудың өрбуі», «Қайшылық», «Шиеленіс» сериясы – қазіргі отандық қылқалам шеберлері сирек қозғайтын тақырыптар. Десек те, Ерболатты қашанда адамзат табиғатына тән мәңгілік сұрақтардың өзектілігі ерекше қызықтырады. Фигуративті жанрға барынша басымдық беретін Ерболат көбіне қарапайым адамдарды бейнелейді. Оны шабыттандыратын да – қараша халықтың қоңыр тірлігі.
Шынында да, ол пейзажға немесе натюрмортқа әсіре ден қоймайды. Оның басты кейіпкері – бірде шалт қимылға бейім тұратын жарқын тұлға, енді бірде – нәзік те лирикалық бейне. Суретші адамның ішкі әлемін ашуға, қоғамдағы өзара қарым-қатынас үстінде туындайтын көңіл-күйді тап басуға ұмтылады. Мұндай рухани құбылыстарды қарапайым реалистік тіл жеткізе алмайтынын анық білетін ол нақты детальдан, тура көшірмеден қашып, көбіне шартты стиль мен стилизацияға жүгінеді. Сол арқылы ол шындықтың ажарын дәлме-дәл қайталамай, басқаша көркемдік шешім табады. Дегенмен, «Жетінші аспан» секілді кейбір еңбектерінде суретші реалистік кескінге бір қадам жақындағандай әсер қалдыратыны рас. Мұнда үйдің нұсқасы айқын көрінеді, арқанмен секіріп тұрған қыздың бейнесі де нақты өрнектеледі. Бірақ оның жерден көтеріле ұшқан күйі мен ойға шомған сәті көрерменді қайтадан сюрреализм мұхитына сүңгітіп барып, бір-ақ тоқтайды. «Үш грация» жұмысының айтар ойы да осыған ұқсас. Екі туындыда да кейіпкерлер уақыт пен кеңістіктен жоғары қалықтап, көрерменді өмірдің киелі мәні туралы, өткен мен бүгіннің сабақтастығы төңірегінде ойлануға шақырады. «Шығармашылық пайғамбарлыққа жақын» деген постулатқа осындайда еріксіз сенесіз. Шынында да, Ерболаттың кескіндемелері адамды жамандық пен жат құбылыстан сақтандыруға арналған рухани ескертудей естіледі.
Францияның «Әдебиет пен өнер» ордені, Мемлекеттік сый-лығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, Алматы қаласының Құрметті азаматы, Сальвадор Дали атындағы халықаралық альянс жүлдесі (Мадрид-Прага), EuroUnion жоғарғы марапаттауы (Брюссель), Ресей, Чехия, Қырғызстан Өнер академияларының академигі... Осының бәрі – Ерболаттың атақтары. Әрине, бұл марапаттар кезінде берілген болар. Жалпақ жұртқа танылуы үшін керек те болған шығар. Бірақ мұның бәрі дәл қазір оның Ерболат Төлепбай деген асқақ атағынан әлдеқайда төмен тұр.
Суретшінің былтыр Венецияда алты ай өткен 60-халықаралық көркемсурет көрмесіне қатысқанынан хабардармын. Оның Қазақстан Республикасының «Жерұйық» Ұлттық павильонына арнап салған «Жаңа өскін. Қайта туу» монументалды полотносы ерекше ұнады. Алып туындыдан уақыт пен кеңістіктің шекарасын жарып шыққан жаңа ұрпақтың символы айқын көрінеді. Суретші 80-жылдары бастаған рухани әңгімесін одан әрі жалғастырып, идеологиялық қақтығыстардан азат жаңа дәуірдің ұрпағы туралы терең ой толғайды. Материалдық және рухани әлемнің арасындағы өткел тақырыбы өркениет қирандысын елестеткен апокалипсистік сарындағы топтамасын жазып, заман рухын дәл бейнелеген Ерболат Төлепбайдың басты өмірлік тақырыбы болып қала беретініне тағы да бір рет көз жеткіздім. Көрерменді таңғалдыру үшін емес, ойландыру үшін өмір сүріп келе жатқан оның туындылары алдында тұрған әр адам өз қиялына ерік беріп, ішкі әлемімен бетпе-бет қалатыны – тағдыр сыйынан бұрын жанкештілікпен еткен еңбегіне берілген ұлы награда. Ерболаттың суреткер ретіндегі басты миссиясы: шындықты өзінше пайымдау, болмыстың екінші қырын ашу. Сондықтан болар, ол қазақ өнерінің бүгінгі тарихындағы дара тұлғадай көрінеді. Ол – ұлттық рухты әлемдік өнер кеңістігінде кестелеген суреткер. Оның мұрасы уақыт өткен сайын биіктей бермек. Өйткені ол – айкью мен эмпатияны серік еткен мәңгілік өнер сәулетшісі.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ