
Бізге белгілі көкпардың көптеген түрі бар. Атап айтқанда: жаппай тарту, ұтысып тарту, дода көкпар, айналма көкпар, мәре көкпар, тақым тартыс т.б. Сондай-ақ көкпардың аталған түрлеріне қатысты жеке-жеке ережелері болған немесе көкпаршылар ойын үстінде жағдайға қарай келісіп алатын да үрдіс бар. Бірақ бұл біртекті емес үрдіс әр өлкеде әрқилы түрлері кездесе береді.
Мысалы, жаппай тартуды алатын болсақ, бұл ойын түрінде кәрі-жас, үлкен-кіші дейтін шектеу жоқ. Барлық адам қатысатын болғандықтан жоғарыдағыдай атауға ие. Көкпаршылардың тақым күшін, ептілігін, қол қайратын талап ететін бұл көкпардың ерекшелігі барлық өңірге тән екендігінде.
Ұтысып тарту. Ойыншылар екі топқа бөлінеді. Екі жақтан бір-бір адам шығып көкпарды тартады. Көкпардан айырылған немесе ұтылған адам ойыннан шығады. Кей жағдайда өзіне сенген көкпаршы қарсыластарын жеке-жеке сайысқа шақырып, бір өзі бәрін жеңіп ойыннан шығарып тастайтын кездері болған. Нәтижесінде, қарымы мықты, күшіне аты сай жігіт іріктеліп жеңіске жетеді.
Айналма көкпар. Бұны кей өңірлерде «шауып тарту» деп те атайды. Ойыншылар көкпарды нақты межеленген жерге (ауылға, жеке үйге, нысаналы орынға, т.б.) жеткізіп тастауы керек. Екінші жақ оларды жібермей қарсылық көрсетеді. Қарсыластарынан айласын асырып, нысанаға көкпарды апарып тастаған адам сыйлыққа ие болады.
Мәре көкпар. Ойынға қатысушылар екі шеттен нысана немесе қазандық белгілеп, қай жеңгені көкпарды сол қазандыққа салып, ұпай жинайды. Осылай межеленген уақытта қай топ көп ұпай жинайды, солар жеңіске жетеді. Қазіргі көкпаршылар осы мәре көкпар түрінен сайысып жүр.
Жалпы, көкпар ойыны топтасқан жігіттердің бірлігі мен ептілігін қажет етеді. Ертеректе көкпаршылар ауыл, ата, ру болып топтасып, екінші ру, ата, ауылдың азаматтарымен сайысатын. Рудың азаматтары қарсыластарынан жеңіліп қалмау үшін әркез дайындалып, үнемі машықтанған. Қазақта: «Көкпар тартқандікі, қоян қаққандікі» деп тегін айтылмаған.