Қоғам • Бүгін, 17:32

Бізге жасанды интеллектінің қазақстандық моделі қажет - Ерлан Қошанов

10 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгін Парламенттік тыңдалымда Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов сөз сөйлеп, жасанды интеллектіні дамыту – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытына айналғанын атап өтті. Ол білім беру, еңбек нарығы, киберқауіпсіздік, ауыл шаруашылығы және су ресурстарын басқару салаларында жасанды интеллектіні қолданудың мүмкіндіктері мен қауіптері туралы баяндап, заңнамалық тұрғыдан нақты ережелер қабылдау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Бізге жасанды интеллектінің қазақстандық моделі қажет - Ерлан Қошанов

Құрметті Парламенттік тыңдалымға қатысушылар!

Өздеріңізбен жасанды интеллектіні дамытуға арналған маңызды жиында кездескеніме қуаныштымын. Бүгінгі іс-шарамыз цифрландыру саласындағы ең ірі оқиға – «Digital Bridge» жаһандық технологиялық форумы қарсаңында өтіп жатыр. Астанада әлемнің 100 елінен ең озық ойлы мамандар жиналып, жасанды интеллектінің болашағын талқылайды.

Бүгін осы ғаламдық диалогқа үн қосу мақсатымен Қазақстан Парламентінде арнайы бас қосып отырмыз. Жасанды интеллект – әр мәселені егжей-тегжейлі талқылауды, талдауды талап ететін күрделі сала.

Сондықтан бүгінгі жиынымызға осы бағытқа жауапты министрлер мен мемлекеттік органдардың өкілдерін, отандық және шетелдік сарапшыларды, көшбасшы мамандарды шақырдық.

Жасанды интеллект саласындағы Еуропа заңдары авторларының бірі – Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшысы Генрик фон Шейл мырза да арнайы келіп отыр.

Адам құқықтарын қорғау мәселесінің де маңызы зор. Сондықтан Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Иванович Рогов та бүгінгі тыңдалымға қатысуда.

Жалпы қазіргі кезде дүниеде ең көп талқыланып жатқан тақырыптың бірі де бірегейі – осы цифрландыру мен жасанды интеллект. Күні кеше өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының 80-ші сессиясында да жаһан көшбасшыларының көбі бұл жайтты назардан тыс қалдырған жоқ.

Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та осы төңіректе өз ойларын ортаға салып, Қазақстанның болашақ даму бағдарын әлемге паш етті. Мемлекет басшысының соңғы Жолдауының өзі тұтастай алғанда жасанды интеллект тақырыбына арналуы да бекер емес.

Президент үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша ауқымды міндет қойды. Осылайша, жасанды интеллект  – мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына айналып отыр. Мемлекет тарапынан цифрлық даму мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін біраз жұмыс атқарылып жатыр.

Біріншіден, жасанды интеллект үшін оңтайлы құқықтық негіз қалануда. Парламент осы сайланымда онлайн-платформалар туралы, ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері жөнінде заңдар қабылдады.

Таяуда ғана Мәжілісте «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Оны әзірлегенде осы саланы алғаш болып қолға алған елдердің тәжірибесі ескерілді.

Атап айтсақ, «Жасанды интеллект туралы» Еуропаның заңдары мен «Жасанды интеллект және адам құқықтары, демократия мен құқықтың үстемдігі туралы» Еуропа Кеңесінің негіздемелік конвенциясы назарға алынды.

Екіншіден, қажетті инфрақұрылым құрылуда. Жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге біз ерекше қарқынмен және зор әлеуетпен кірістік.

Суперкомпьютер іске қосылып, ұлттық жасанды интеллект платформасы жұмыс істей бастады. «Smart Data Ukimet»  платформасы да қолданысқа еніп, өз жемісін беруде. Электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша Қазақстан қазірдің өзінде 193 елдің ішінде 24-ші орында тұр. Бұл жоғары позицияға мемлекеттік басқару саласын цифрландыру есебінен қол жеткізілді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшылары да Қазақстанның электрондық үкіметінің тиімділігіне жоғары баға беріп отыр.

Ол азаматтардың өмірін едәуір жеңілдетіп, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырды. Сонымен қатар банк саласы да бұдан қалыспай келеді. Қазақстан Қытай, Германия және Австралиядан озып, онлайн-қызметтер индексі бойынша үздік 10 ел қатарына кірді. Елімізге келген қонақтардың көбі Қазақстандағы банктердің мүмкіндіктері туралы жақсы пікірлер айтуда.

Бұдан бөлек, әлемнің ең үздік тәжірибелерін топтастырған «Астана Хаб» алаңы табысты жұмыс істеп келеді. Әсіресе, стартапшылар үшін, жас таланттар үшін зор мүмкіндіктерге жол ашты. Жаңа ғана жасанды интеллект пен цифырлық технологиялар саласындағы басқа да отандық жетістіктерді, тың жобаларды арнайы ұйымдастырылған көрмеден де көрдіңіздер.

Осынау инновациялық орта елімізде адам капиталын дамыту үшін негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ол туралы бүгін сала министрі кеңірек айтады деп ойлаймын.

Атқарылған осы жұмыстың бәрі өз жемісін беріп, Қазақстанды Орталық Азиядағы ең озық цифрлы елге айналдырды.

Британиялық «Оксфорд Инсайтс» компаниясының Елдердің жасанды интеллектіні енгізуге дайындығы рейтингісінде Қазақстан 188 мемлекеттің ішінде 76-шы орынды иеленуі бұған айқын дәлел.

Енді біз жаңа әрі жауапты кезеңге қадам басқалы отырмыз. Ол – жасанды интеллектіні барлық салаға жаппай енгізу кезеңі. Бүгінгі біздің тыңдалымның негізгі тақырыбы да – осы. Бұл туралы жиында түрлі пікір айтылады деп ойлаймын. Осы орайда бірнеше өзекті жайтқа тоқталып өткім келеді.

БІРІНШІ. Жасанды интеллектіні қолдану этикасы мен қауіпсіздік мәселелері ерекше назар аударуды қажет етеді.

Әзірше ешкім қауіп-қатер шекараларын анықтай алмай отыр. Жасанды интеллект технологияларын теріс мақсатта пайдалануға қарсы тұру үшін әртүрлі тактика ұсынылады. Мысалы, Қытай биылғы қыркүйектен бастап ұлттық әлеуметтік желілерге жасанды интеллект жасаған контентті таңбалау жүйесін енгізуді міндеттеді. Біз де Жасанды интеллект туралы заңымызда осындай талап қойдық. Енді қабылданған нормалармен шектеліп қалмау керек. Мұндай қарқынды дамып келе жатқан салада жаңа технологияларды ескере отырып, заңнаманы тұрақты мониторингілеу және бейімдеп отыру қажет. Уақтылы реттеп отырмаса, біз болашақта салдарын бақылау қиын болатын қауіптерге тап болуымыз мүмкін. Бүгінгі талқылауда бұған да ерекше мән беріледі деп ойлаймын.

ЕКІНШІ. Жасанды интеллект еңбек нарығына айтарлықтай әсер етеді.

«McKinsey» компаниясының болжамы бойынша, 400 миллионнан астам адам жасанды интеллект салдарынан жұмыс орындарынан айырылуы мүмкін. «Microsoft» қазірдің өзінде жасанды интеллектіні алмастыратын мамандықтарды атады. Олардың арасында аудармашылар, журналистер, редакторлар, маркетологтар, PR-мамандар бар. Бұдан мемлекеттік қызмет те тыс қалмауы мүмкін. Жақында Албания мемлекеттік сатыпалым сияқты маңызды сала министрінің қызметін жасанды интеллектіге сеніп тапсырған алғашқы ел болды. Жасанды интеллект саяси партиялардың жұмысына да еніп келеді. Жуырда ғана жапондық «Қайта өрлеу жолы» партиясы жасанды интеллектіні партия ішінде ресурстар бөлу кезінде пайдалану туралы шешім қабылдады.

Дегенмен, барлық процестердің драйвері әлі де адам екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан бүгінде барлық сала өкілдері жасанды интеллектімен жұмыс істеудің негізгі машықтарын меңгеруі керек.

ҮШІНШІ. Қазіргі кезде жасанды интеллектті білім беру саласында, әсіресе мектепте қолдану кеңінен талқылануда. Қоғам екіге жарылды – қолдаушылар мен қарсы шыққандар болып. Көбіне «жасанды интеллект шынайы білімді алмастырып кетпей ме?» деген алаңдаушылық айтылады. Әлеуметтік сауалнамаларға сәйкес, пікірлер әртүрлі. 40,5 пайыз жасанды интеллекттің ықпалын оң бағалайды. 37 пайызы керісінше, теріс қабылдайды. Олар оны оқу процесін тым жеңілдетіп, материалды үстірт меңгеруге әкеледі деп есептейді.

Социологиялық деректер қазақстандықтардың жасанды интеллектті білім беруде қолданудан әрі әлеуетті, әрі қауіп-қатерді көріп отырғанын көрсетеді.

Біздің депутаттар да ChatGPT-ке осыған ұқсас сауал жолдады. Бірақ түсінікті бола қойған жоқ. Қызығы, жасанды интеллекттің пікірі сауалнама қорытындыларымен дерлік сәйкес келді. ChatGPT жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктерін объективті бағалап, «50 де 50» деп көрсетті – артықшылықтары да, қауіптері де бар деді.

Мұның бәрі бүгінгі күні ең дұрыс теңгерімді табудың маңызын дәлелдейді – ақылға қонымды шектеулер мен жаңа технологияларды еркін пайдалану арасындағы. Жасанды интеллект – ол мұғалімнің орнына жүретін емес, көмекші құрал екенін дұрыс түсіну қажет.Ол оқуды тиімдірек етуге жәрдемдеседі. Алайда негізгі білім мен сыни ойлау қабілетін дамыту – адамның еншісінде қала береді. Сондықтан да бұл сезімтал салада білім сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты ережелер қажет. Менің ойымша, бұл да заң деңгейінде реттелуі тиіс.

ТӨРТІНШІ. Цифрландырудың дамуы және жасанды интеллекттің белсенді қолданылуы жаңа сын-қатерлерді де тудырып отыр.

Негізгісінің бірі – киберқауіптердің қарқынды өсуі. Бүгінде бүкіл әлемде киберинциденттер саны артып, тіпті мамандарды да шатастыра алатын дипфейктер кеңінен таралуда. Әсіресе киберқауіпсіздік саласында жеткілікті білімі жоқ жеке пайдаланушылар осал болып отыр. Жаңа цифрлық алаяқтық түрлерінің пайда болуы да әбден мүмкін. Киберқауіптердің шекарасы жоқ – шабуылдар әлемнің кез келген нүктесінен жасалуы ықтимал. Бірде-бір мемлекет оларға жалғыз өзі тиімді қарсы тұра алмайды.

Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызы ерекше.
Сонымен қатар мұнда кешенді тәсіл қажет – технологиялық шешімдер, құқықтық реттеу және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруды ұштастыру.

Сенімдімін, бұл мәселелер де бүгінгі талқылаудың өзегіне айналады.

БЕСІНШІ. Қазір жасанды интеллект абстракция емес. Ол – нақты құрал.

Сондықтан оны нақты секторда, мысалы, аграрлық салада қолдану керек. Жасанды интеллектіні қолдану фермер, агроном, мал өсіруші үшін қалыпты жағдайға айналуға тиіс.

Ақылды жүйелер егін егу мен оны жинаудың оңтайлы уақытын анықтауға көмектеседі. Жануарлардың саулығын нақты уақыт режимінде қадағалайды.

Жалпы алғанда, бұл – далада, жылыжайда, фермада әрдайым қасыңда болатын цифрлық көмекші. Қазірдің өзінде жасанды интеллект ауыл шаруашылығы үшін болашақ емес, бүгінгі күннің құралы болуы қажет.

Мәселен, кейбір өңірлерде ауыл шаруашылығында жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша алғашқы қадамдар жасалуда. Таяуда ғана Ақмола облысында Мемлекет басшысына аграрлық салаға жасанды интеллектіні ендіру бойынша пилоттық жоба таныстырылды.

Бұл инновациялық өнім кәсіпорынның кірісін көбейтуге, тиімділікті арттыруға, бюджетке қосымша түсім әкелуге жол ашады.

Осындай озық тәжірибелер басқа да өңірлерге тарайды деп сенемін.

АЛТЫНШЫ. Жасанды интеллект – су ресурстарын басқару ісінде шешуші рөл атқарушы құрал.

Өзен-көлдердің жай-күйі, яғни су деңгейі, оның сапасы, ластануы туралы деректерді талдау үшін жаңа технологияларды қолдану қажет. Бұл су тасқыны мен құрғақшылықты болжауға көмектесіп, апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жасанды интеллектінің тек табиғи апаттардың ғана емес, техногендік авариялардың алдын алу үшін де пайдасы зор. Апат жағдайларының өрістеуін алдын-ала болжауға және адамдар мен қоршаған ортаға төнетін қауіпті азайтуға қабілетті жүйелерді енгізу керек. Бұл мәселелер де бүгінгі тыңдалымның қорытындысы бойынша қабылданатын ұсынымдарда ескеріледі деп ойлаймын.

Қадірлі достар!

Елімізде жасанды интеллектіні дамыту өз алдына дербес міндет емес. Цифрландыру мен технологиялық прогрестің ұлттық стратегиясының ажырамас бөлігі ретінде қарастырылуда. Бізге жасанды интеллектінің қазақстандық моделі қажет. Мемлекет басшысы алдымызға осындай міндет қойып отыр.

Ол – азаматтарымыз үшін қауіпсіз, экономикаға тиімді, ұлттық мүдделерімізге сай болып, еліміздің прогрессивті дамуына  серпін беруге тиіс. Бұл – жай ғана жарыс емес, ақыл-ой мен білімнің бәсекесі.

Ол бәйгеде озық елдердің қатарында болуға біздің мүмкіндігіміз жеткілікті. Осы жолда бүгінгі тыңдалым жасанды интелектіні жаппай енгізу ісіне өзіндік үлес қосады деп сенемін.

Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет.

Парламенттік тыңдалымның жұмысына табыс тілеймін!