Білім • Бүгін, 17:45

Еңбек нарығына дайын маман даярлау күшейтілді

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жұмыс берушілермен жаңа деңгейдегі серіктестікке қадам басты. 2025–2026 оқу жылында шамамен 130 мың студент 18 мыңнан астам кәсіпорын базасында дуальды оқыту жүйесімен қамтылады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай өскенін көрсетеді, 2024 жылы 108 мың студент оқыды, деп хабарлайды Egemen.kz

Еңбек нарығына дайын маман даярлау күшейтілді

Фото: gov.kz

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, соңғы бір жылда колледждерге шефтік қамқорлық көрсететін кәсіпорындар саны да 8 есеге артып, 4,1 мыңға жетті. Кәсіпорындар оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқу бағдарламаларын жетілдіруге және түлектердің жұмысқа орналасуына белсенді қолдау көрсетіп келеді. 

Жұмысқа орналасу кепілдігі бар мақсатты тапсырыстар аясында бұған дейін кәсіпорындар жыл сайын шамамен 10 мың студентті қабылдаса, биыл бұл көрсеткіш 13 мыңға жетті. Мұндай өсім еңбек нарығының нақты сұранысына сай мамандар даярлау ісінің нәтижелілігін көрсетеді.

Сонымен қатар ұлттық «Maman» бағдарламасы аясында кәсіби бағдарлау жүйесі жаңартылуда. Жоғары сынып оқушыларына арналған пилоттық жоба іске қосылып, олар жалпы білім беру пәндерін мектептерде, ал кәсіби даярлықты колледждерде игеруде. Осылайша, 11-сыныпты аяқтаған түлектер аттестатпен бірге орта техникалық білім туралы диплом да алады. Биыл алғашқы 905 оқушы еңбек нарығына кәсіби біліктілікпен шықты.

Жасөспірімдердің ерте кәсіби бағдарын қолдау мақсатында әр мектепке арнайы педагог кәсіби бағдар беруші лауазымы енгізіліп, 825 бейіндік сынып ашылды. Бұл шаралар оқушыларға мамандықты саналы таңдауға көмектесіп, олардың еңбек нарығына даярлығын күшейтеді.