
Сурет: rail-news.kz
«Бақты – Аягөз» теміржол желісін салу дирекциясының басшысы Қанат Рахманбердиевтің айтуынша, биыл 21 шілдеде «ҚТЖ» ҰК» АҚ және құрамында «China Harbour Engineering Company Co. Ltd» мен «Reco Stroy KZ» ЖШС компаниялары бар консорциуммен келісімшартқа қол қойылған.
«Жаңа біржолақты теміржол желісінің жалпы ұзындығы 297 шақырымды құрайды, оның құрамына 10 бөлек пункт, мал айдау жолдарымен жабдықталған 211 су өткізгіш құбыр, сондай-ақ 78 көпір кіреді. Жобаның жалпы құны қосылған құн салығымен бірге 572,3 млрд теңге. Қазіргі уақытта жоба аясында құнарлы топырақ қабатын сыдырып алу, вахталық қалашықтар құрылысына іргетас негіздерін дайындау, жер төсемін төсеуді бастау, техника мен персоналды жұмылдыру сияқты дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр» дейді.
Теміржол төсемін салу үшін ұзындығы 25 метр болатын жаңа Р65 типті рельстер қарастырылады. Олар жаңа темірбетонды шпалдарға бекітіледі. Шпалдардың орналасу жиілігі – түзу және қисық учаскелерде 1 км-ге 1 840 шпал. Балласт қиыршық тастан (фракциясы 25–65 мм) жасалады, шпал астындағы қалыңдығы – 35 см, ал құмды төсеніштің қалыңдығы – 20 см. Біржолақты учаскенің жер төсемінің ені – 7,6 метр. Жобаны іске асыру барысында заманауи технологиялық жабдықтар сатып алынып, теміржол қызметінің барлық бағытында сыналған әрі тиімді технологияларды барынша енгізу көзделіп отыр.
Өндірістік жоспарға сәйкес, желі құрылысын аяқтау және пайдалануға беру уақыты 2027 жылдың соңына қарай мөлшерленген. Жоба толық тәмамдалған соң кемі 1 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деген жоспар бар.
2030 жылға дейін «Бақты – Аягөз» теміржол желісі бойынша жүк тасымалдау көлемінің маркетингтік болжамы да анықталған. Жүктеме шамамен 7,8 млн тонна деп бағаланған. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Бақты кеден бекеті Қытайдың Еуропаға ашылған терезесіне айналуға тиіс.
Жалпы, соңғы жылдары шекарадағы өткізу бекеттері белсенді жаңғыртыла бастады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл елімізде 8 шекара бекеті толығымен іске қосылады. Алдағы үш жылда тағы 34 бекет жаңарады. 2023 жылы Президент тапсырмасы аясында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Қытайдан бері қарай транзиттік ағынды ұлғайту шаралары қолға алынды.
«Көлік және логистика саласында «Бақты – Аягөз» теміржолы, Семейдегі жаңа көпір құрылысы мен қалаға айналма жол салу жобалары ерекше назарда. Туризм бағытында Алакөл жағалауын абаттандыру жұмыстары жалғасады. Кәсіпкерлікті дамытуда өнім өндіретін бизнес субъектілерінің үлесін арттыру, білім саласында жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзыретін мектептен қалыптастыру, денсаулық сақтау жүйесінде ұлттық жобаларды іске асыру, сондай-ақ құрылыс саласында жасанды интеллект элементтерін қолдануды ұйымдастыру тапсырылды», делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.
Өңірде кейінгі алты айда көлік және логистика саласында айтарлықтай серпін байқалды. Ең әуелі елді көптен алаңдатып келген Семейдің аспалы көпірі жөнделді. Жылына 700 мыңға жуық көлік өтетін бұл көпір – облыс орталығының басты артериясы болып тұр. Шешімі кешеуілдеп келген тағы бір өзекті мәселе – Семей қаласын айналып өтетін автожол жобасы да нақты іске айнала бастады. Облыс әкімі Берік Уәли мен қытайлық инвестор Чжоу Хайвэй қол қойған келісім аясында айналма жол құрылысы 2028 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған. Бұл жоба елдің 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық стратегиясына еніп, халықаралық қаржы институттарының қолдауымен жүзеге аспақ.
Әуе қатынасы да айтарлықтай жанданып келеді. Үржар ауданына «SCAT» компаниясы аптасына 7 рет тұрақты рейс жүргізді. Қазір Семей – Алматы, Астана, Үржар бағыттарында тұрақты әуе қатынасы бар. Ал 1 мамырдан бастап Алматы – Семей – Алматы бағыты бойынша қосымша рейстер (аптасына 3 рет), Астана – Семей – Астана (1 рет), ал маусымнан Шымкент – Семей бағытына «FlyArystan» ұшағы қатынай бастады.
«Қазақстан темір жолы» компаниясы өңірдегі 10 теміржол вокзалын жаңғыртуға кірісті. Семей, Аягөз, Ақтоғай, Шар, Жарма, Үшбиік, Белағаш, Жалаңашкөл секілді ірі стансаларда кешенді жөндеу жүргізілмек. Қолайлы географиялық орналасуына орай, Абай облысы – Қытай, Ресей, Орталық Азияны байланыстырып жатқан өңір. Бұл тұрғыда ірі халықаралық сауда дәлізіне шығатын көлік-логистикалық хабты дамытуға мүмкіндік мол. Осы ретте өңірде бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Солардың бірі – «Аягөз – Бақты» теміржолы мен құрлық портының құрылысы.
«Мемлекет басшысының еліміздің логистикалық әлеуетін арттыру жөніндегі бастамалары да басты назарымызда. Бұл орайда алдымызда жаңа теміржол телімі, елімізді Қытаймен жалғайтын «Аягөз – Бақты» теміржолын салу сынды жауапты да күрделі міндет тұр. Оның Абай елі үшін маңызы зор» дейді Семей жол дистанциясының директоры, құрметті теміржолшы Рахат Нұрғазыұлы.
Абай облысы