
Өндірушілермен және сауда нысандарымен тиянақталған бағалар бойынша мыңнан астам келісім-шарт жасалды. Қазір өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын нарықтағыдан төмендетілген бағамен ұсынатын 39 сауда нүктесі жұмыс істейді.
Бағаны тұрақтандыру жүйесі жыл сайын қолданылады. Оның басты мақсаты – нарықтағы бағаның күрт өзгеруінің алдын алу және халықты қолжетімді бағада негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету. Қала тұрғындарының қажеттілігін өтеу мақсатында алдын ала негізгі көкөніс түрлері дайындалды. 4 мың тоннадан астам картоп, мың тоннадай сәбіз, мың тоннаға жуық қырыққабат және 800 тоннаға жуық пияз әзірленді.
–Облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу мақсатында күн сайын бағаға мониторинг жүргізіледі, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Әнуар Қалымжанов, – дүкен сөрелеріндегі тауарға 15 проценттен жоғары үстемені асыра қолдану деректерін анықтау жұмыстары атқарылады. Мониторинг нәтижелерін талдау азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыру тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссия арқылы жүзеге асырылады. Жыл басынан бері бағаны тұрақтандыруға қатысты 70-ке жуық отырыс өткізіліп, 150-ден аса заң бұзушылық дерегі анықталды. Анықталған барлық факті бойынша заңды белден басқандарға қатысты тиісті шара қолданылды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне енгізілген негізгі 19 азық-түлік өнімі тұрақтандыру қорының бағасымен сатылуда. Айта кету керек, жыл басынан бері өңірде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен 186 жәрмеңке өткізілді. Сондай-ақ, елорда халқы үшін 3 облыстық жәрмеңке ұйымдастырылды.
Көкшетау