
Сан жылдан бері қалыптасқан дәстүрлі арасалмақтың өзгеруі ауылдардың азайып, тозуына, шекаралардың жалаңаш қалуына әкелді. Керісінше қалаларда күрделі әлеуметтік ахуал – мектеп пен балабақша жетіспеушілігі, емханадағы ұзын-сонар кезек, тұрғын үй тапшылығы қатты байқалып тұр. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында да көрініс тапты: «Еңбек нарығын, әсіресе көші-қон мәселесін реттеу саласында есепке алудың орталықтандырылған жүйесі жоқ. Бұл жағдай осы саладағы болжау жұмысының сапасына және шешімдердің тиімділігіне кесірін тигізеді. Ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалуы жұрттың бәрі тұрғысы келетін ірі қалаларымыздың инфрақұрылымына орасан салмақ түсіріп отыр», деді Президент.
Бүкіл елдегі осы мәселе Ақжайық өңіріне де тән болып тұр. Батыс Қазақстан облысында 2025 жылғы 1 шілдедегі мәліметке қарағанда, қала халқы 400 мың, ауыл халқы 296 мың адам болған. Ауылда мектепке бала жетпей, білім ордалары бірінен соң бірі жабылып жатса, Орал қаласында мектептерге оқушы сыймай, кейбірі үш ауысымда оқуға мәжбүр.
Өңірде 2024 жылдан бері «Қаладан ауылға» атты кешенді бағдарлама қолға алынды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің өзі бастамашы болған бұл жоба Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған стратегиялық міндеттермен үндесіп отырған нақты қадамның бірі. Бағдарламаның түпкі мақсаты – ауылға жаңа тыныс беру, қала мен дала арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайту, сондай-ақ шекаралық аймақтардағы ауылдарды сақтап қалу. Бұл бастама аясында ауылға қоныс аударған азаматтарға жеңілдетілген несие, жер телімдері, баспана беріліп, кәсіп ашамын деген жанға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Ауылға барған әрбір жас кәсіпкер тек өз кәсібін ғана дамытып қоймай, тұтас бір өңірдің әлеуетін көтеруге мүмкіндік алды.
Шынын айту керек, Батыс Қазақстан облысында барлық ауыл толықтай табиғи газбен қамтамасыз етілген, ауызсу мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Енді қалған қиындық – ауылішілік, ауданаралық жолдар, оның өзі кезең-кезеңімен шешімін тауып жатыр.
Кейінгі үш жыл ішінде ауылдық жерде 1 424 жаңа баспана салынды. Газ бен су құбырмен келіп тұрған жерде қаладағыдай жайлы пәтер жасап алу қиын емес. Қазір сәулетті коттедж ауылда таңсық болмай қалған. Оның үстіне жергілікті билік қолдап отырған «Қаладан ауылға» сынды бағдарлама көштің бетін ауылға бұрды деуге болады. Қараңыз, жоба басталғалы облыс ауылдарына 149 отбасы, 712 адам көшіп келді. Бәрі де баспанамен толық қамтылды.
Ауылға қоныстанғандардың дені Орал қаласынан. Дегенмен Ақтөбе, Тараз, Қызылорда, Қостанай облыстарынан келіп, Батыс Қазақстан облысының ауылдарынан қоныс тапқан отбасылар да бар. Бүгінге дейін 161 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 8 азамат «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өз кәсібін ашты.
Мысалы, Сырым ауданының Көгеріс ауылына көшіп келген Абзал Мұқатов шағын дүкен ашып, ісін жолға қойды. Ақжайық ауданындағы Тінәлі ауылына қоныс аударған көпбалалы Әсел Жақсыбаева 1,5 млн теңгеге жуық грант алып, симментал тұқымды ірі қара сатып алды. Ол қазір ауылда сүт шаруашылығын дамытуды қолға алды. Бәйтерек ауданының Бейбітшілік ауылдық округіне көшіп келген Анна Скворцова 2024 жылы 1,45 млн теңге қайтарымсыз грант алып, мал шаруашылығын дөңгелетіп отыр.
Өз кәсібін ашып, берекесін көріп отырған отбасылардың қатарында Қаратөбе ауданының Шалғын ауылына көшіп барған Мұхамбедияровтар әулеті де бар. Отағасы Бейбіт Маратұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9,2 млн теңге жеңілдетілген несие алып, қой шаруашылығын дамытты. Қазірдің өзінде Шопан ата түлігі 100-ге жақындап, алғашқы табысын да көре бастады. Зайыбы Жанар Османқызы ауыл мектебінде ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп жүр. Жеті балалы отбасы үшін бұл бағдарлама жаңа өмірдің бастауы болды.
– «Қаладан ауылға» бағдарламасы тағдырымызды түбегейлі өзгертті. Бұрын қалада пәтер жалдап жүрсек, бүгінде ауылда өз кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Мемлекеттің қолдауынсыз бұл істі бастау мүмкін болмас еді. Қазір ауылға барғысы келетін әр отбасына үлкен мүмкіндік беріліп отыр, – дейді Бейбіт.
«Қаладан ауылға» бағдарламасының арқасында ауылдағы ең өзекті мәселенің бірі – мектептердің жабылып қалу қаупі де сейілді. Қазір 13 ауыл мектебі жаңа қоныстанушы балалардың есебінен екінші тынысын ашты. Оның ішінде бес мектеп – шекарадағы ауылдың білім ошағы.
Ақжайықтың ауылдарына бақ болған бағдарлама аясында әсіресе білім мен медицина саласына барған жас мамандарға әлеуметтік қолдау күшті. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындары сапалы қызметке ие болды, жастарға жаңа мүмкіндік ашылды.
Кейінгі екі жарым жыл ішінде өңірде 24 жаңа білім ошағы бой көтеріп, жас ұрпақ игілігіне берілді. Оның ішінде 22 мектептің ауылдық елді мекендерде салынғаны – ауыл жастары үшін жасалған зор қолдау. Сонымен қатар облыс көлеміндегі аудан орталықтары толық спорт кешендерімен қамтамасыз етілген. Атап өтетін бір жайт, кейінгі 1 жылдың ішінде 14 спорт нысаны тек ауылдарда салынып жатыр.
– Жаңа бағдарламаға сәйкес ауылға қоныстанған әр отбасына мемлекет тарапынан нақты көмек көрсетіледі. Мәселен, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша кейінгі үш жылда облыста 1 450 жас маман жұмысқа орналасты. Олардың сәбилері болса, мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтылып, 1–4 сыныпта оқитын балаларына ыстық тамақ тегін беріледі. Медицина, фармацевтика саласы қызметкерлеріне бұрын 5 млн теңгеге дейін біржолғы қаржылай көмек көрсетіп келсек, 2024 жылдың аяғынан бастап бұл қаражаттың көлемі 8,5 млн теңгеге дейін көбейді, – дейді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы.
Облыс әкімінің өзі қадағалап отырған бағдарламада «Ауылда кәсіп бастаймын» деген бастамашыл жастарға да ерекше қолдау қарастырылған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекет тарапынан 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар бөлініп жатыр. Сонымен қатар асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал өнімдерінің сапасы мен өнімділігін арттыру бағытындағы жобаларға субсидия беріледі.
Жастарға микронесие беру тетіктері де жеңілдетілген. Жалпы, жобаларға 5 жылға дейін, мал шаруашылығы бағытындағы бастамаларға 7 жылға дейін несие ұсынылады. Микронесиенің ең жоғарғы сомасы 5 млн теңгеге дейін көтеріліп, жылдық мөлшерлеме 2,5 пайыздан аспайды.
«Қаладан ауылға» бағдарламасы урбанизация қарқынын баяулатып қана қоймайды, сонымен қатар ауылды заманауи өмірге бейімдейді. Қалаға қарай ағылған халық енді туған жеріне оралса, ауыл да түлейді, қала да жеңілдейді», дейді Н.Төреғалиев.
Міне, осылайша Ақжайық өңірінде ауылға қоныс аударғандар саны көбейіп келеді. Нарықтың қиын жылдары жайлы жер іздеп қалаға кеткен жұрт туған жерге қайта орала бастады. Өйткені бүгінгі ауылда болашақ бар.
Батыс Қазақстан облысы