Жәдігер • Бүгін, 08:05

Абайдың айрықша тартуы

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан 140 жыл бұрын, 1885 жылы Абай Құнанбайұлының Семейдегі орыс достарының бірі Нифонт Долгополов жаз айларында ақынның ауылына барып, екі айдай қонақ болады. Қайтып келген соң ол Семейдегі өлкетану музейіне Абай ауылынан әкелінген қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты елуден астам зат тапсырыпты.

Абайдың айрықша тартуы

Бұл жөнінде музейдің сол кездегі тіркеу журналына жазылады. Сол жазбалардағы тізім бойынша қандай заттар екені бізге мәлім болып отыр. Олар көшпелі ауыл­дың тұрмыс-тіршілігінде қол­данылған заттар, яғни қол­өнер бұйымдары, үй-ішінің жабдықтары, қару-жарақ, ыдыс-аяқ, ұлттық музы­калық аспаптар. Бұлардың бар­лығы қазақ халқының этнографиялық болмысын көрсететін бұйымдар екені сөзсіз.

«Ертіс» газетінің 1963 жылғы 8 қыркүйектегі санын­да Абай музейінің алғаш­қы директорларының бірі, абай­танушы ғалым Қайым Мұхамедханов «Абайдың қос­қан үлесі» атты мақаласында ұлы ақынның 1885 жылы өлкетану музейіне экспонаттар тапсырғаны туралы жазады. Ғалым Абай тапсырған заттардың 23-ін ғана тапқан екен, олардың «...кейбіреуі жақсы сақталған, кейбіреуі күтімсіздіктен тозған» депті. Қазір бұл экспонаттар – Абай музейінің баға жетпес асыл мұраларының қатарында. Сон­дай бағалы жәдігердің бірі – қазақ шеберлерінің қолы­нан шыққан кісе белбеу. Абай атамыз өз қолымен табыс­та­ған мұра.

Ұлы ақын тапсырған кісе туралы графада: «Дар Ибрагима Кунанбаева. Чингизская волость, Семипалатинский уезд» деп жазылған екен. Бел­беудің ұзындығы – 110 см, бір кісе, екі оқшантайы бар делінген. Белдік бойында металдан жасалған 17 әшекей тұр. Олар төртбұрышты, тармақты жұлдызша тәрізді әртүрлі пішінде жасалыпты. Кісе мен белбеуді жалғастырып тұр­ған ұштары күмістелген. Осы үш қайыстың оң жақ шеткісі кезінде үзіліп, кейіннен басқа қайыс жалғап, жөнделгені байқалады. Басқа екі қайыс­тың орта тұсында кіші бес тармақ­ты жұлдызшалар орнатыл­ған. Ал кісе 18 см жарты шеңбер пішінінде жасалған. Жоғар­ғы екі бұрышында шеттері ирек төрт бұрышты күмістелген әшекейлер бар. Ортасында он тармақты, диаметрі 6 см үлкен жұлдызша және кісе­нің өн ­бойына симметриялы түрде тоғыз кіші жұлдыз­ша орнатылған. Ондағы тар­мақтар саны әртүрлі. Кісе жасалған терінің бетінде металл әшекейлермен үйлесе салынған өрнек бар. Оюлар мен металл нақыштары әдемі үйлесім тапқан. Белбеуді жа­саған шебердің теріні де, металды да өңдеуді жоғары деңгейде меңгергені көрі­ніп тұр. Оқшантайлар да кісе сияқ­ты белбеуге қайыспен жалғанған және жалғастырып тұрған ұштары күмістелген. Әр оқшантайдың ортасында бір үлкен жеті тармақты және шеттерінде бес кіші жұлдызша бар. Бұларда да терінің бетіне бедерленген өрнек байқалады.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Семей-Астана тасжолы тазаланды

«Таза Қазақстан» • Кеше

Жылумен қамту - жауапты міндет

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Алматыда дәмхана өртенді

Төтенше жағдай • Кеше