Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:45

Әділет саласындағы өзгеріс

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматы қалалық Әділет департаменті 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында жүргізілген бақылау, қадағалау жұмыстарының қорытындысын жариялады. Тексеру барысында нотариус, адвокат, құқықтық кеңес берушілердің әрекеті мен Халыққа қызмет көрсету орталықтары ұсынатын мемлекеттік қызметтердің сапасы басты назарда болған. Статистика бақылаудың күшейіп, азаматтардың шағымдары белсенді түрде қаралып, заңды белден басудың жолы кесіле бастағанын көрсетеді.

Әділет саласындағы өзгеріс

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алматыда қазір 964 нотариус жұмыс істейді. Алайда олардың бәрі бірдей заңды сақтай бермейді. Мәселен, осы жылдың алты айын­да нотариустардың әрекетіне қатысты 419 шағым түскен. Оның 27-сі расталған. 4 нотариустың лицензиясы тоқтатылып, тағы 8 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Осы нотариустардың лицензиядан айыру туралы іс қозғалып, өз өтініштері бойынша лицензиясы тоқтатылған. Ал бір нотариус соттың шешімімен лицензиясынан айырылғанымен, бірақ бұл шешім әлі күшіне мінбеген.

Сонымен қатар нотариус­тардың 23-іне нотариалдық қыз­мет­терді орындау барысында заң бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Былтыр мұндай істің саны 18 болған.

Алматыда адвокаттар саны – 1 100. Оларға бар болғаны 11 шағым түскенімен, біреуіне тәр­тіптік жаза қолданылды. Жеке сот шешімі бойынша тағы бір адвокат айыпталып, сөгіс алды, бір іс заң бұзбағанына байланысты тоқтатылды. Сот шешімімен үш адвокат лицензиясынан айырылып, тағы екі адвокат басқа себептермен қызметін тоқтатты.

Құқықтық кеңестерге қатысты 75 шағым түсіп, оның үшеуі ғана расталды. Ескерту, сөгіс бері­ліп, бір кеңесші палатадан шыға­­рылды. Жеке сот шешімі бойын­ша тағы үш заң кеңесші­сі жауап­­кершілікке тартылып, біреуі ұйымның мүше­лігінен шы­ғарылды.

Бақылау жұмыстары халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін де қамтып отыр. Осы орайда Алматыда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдарына бірнеше жоспарлы және жос­пардан тыс тексеру жүргізілді. Оның біреуі жылжымайтын мүлік тіркеу саласына қатысты болып, 106 заң бұзушылық анықталды. Материалдар тіркеу органына жіберіліп, кемшіліктерді жойып, болашақта мұндай жағдайдың қайталанбауы талап етілді. Аза­маттық жағдай актілерін тіркеу бойынша да осындай тексеру жүргізілді. Бұл салада бұзушылық аз, бар болғаны бесеу.

Жалпы алғанда, бақылау органдары құқықтық қызметтердің сапасы мен тіркеу рәсімдерін бақылауды күшейтіп келеді. Әрбір заң бұзушылыққа ескерту мен сөгіс беруден бастап лицензиядан айыруға дейінгі шара қолданылады. Бұл заңгерлерге ғана емес, құқық саласында жұ­мыс істейтін барлық маманға ескерту болып отыр.

Ал Алматыдағы демогра­фия мен құқықтық көмек қалай өз­герді деген сауалға келсек, Әділет департаменті Азамат­тық актілердің жалпы саны азай­ғанына қарамастан, статистика қызықты өзгерістерді көрсеткенін алға тартып отыр. Әділет ми­нистр­лігінің чат-боты сияқты цифрлық шешімдердің енгізілуі халыққа құқықтық көмектің қол­жетімділігіне септесіп отыр.

Осы орайда Алматы қалалық Әділет департаментінің басшы­сы Балайым Кесебаева демо­графиялық статистика туралы егжей-тегжей баяндай келе: «Қазір Алматыда 101 057 азамат­тық акт тіркелген. Бұл 2024 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 39,46%-ға аз (2024 жылы 140 939 акт тіркелген). Соған қарамастан, кейбір санаттарда оң өзгеріс бар. Мысалы, туу деңгейі 4,08%-ға өсіп, 25 718 туу актісі тіркелген (2024 жылы 24 667 акт болған). Өлім көрсеткіші керісінше 10,2%-ға төмендеді. Некеге тұру да 3,8%-ға сәл азайған (2025 жылы 9 274 неке, 2024 жылы 9 627 неке), ал ажырасқандардың саны ай­тарлық­тай өсіп, 41,6%-ға көбейген. 2 384 ажырасу актісі тіркелді», дейді.

Әкімшілік тәжірибеге тоқтата­латын болсақ, 2025 жылы 269 борышкер жауапқа тартылған, ал өткен 2024 жылы олардың саны 168 болған. Жалпы, іс санынан 14 іс мемлекеттік сот орын­даушыларының материалы бойын­­ша (2024 жылы – 23), 158 іс жеке сот орындаушыларының материалы бойынша (2024 жылы – 100) түскен. 8 әкімшілік қамау шарасы қолданылып (2024 жылы – 26), 255 әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар 7 қылмыстық іс тіркелді.

Алимент төлеуден қашқан­дардың саны да едәуір артқаны байқалады. Мәселен, биыл 209 борышкер жауапқа тартылса, былтыр олардың саны бар-жоғы 61 болған.

2025 жылы Алматы қаласының жеке сот орындаушылары алимент өндіру бойынша 21 346 атқарушылық іс жүргізген (2024 жылы – 20 441). Оның ішінде 2 168 іс аяқталған, ал маусым айының соңына қарай атқару­шы­лық құ­жаттардың қалдығы 19 338 болған.

Сол сияқты алимент бойын­ша берешегі бар борышкерлерге қатысты Қазақстаннан тыс жерлерге уақытша шығуға шектеу қою туралы 4 910 қаулы шыға­рылған. Алты айдың ішінде жеке сот орындаушылары алимент алушылардың пайдасына 600 млн теңгеден аса қаражат өндіріп алған, нақты айтқанда, бұл – 651 513 754 теңге.

Сондай-ақ борышкерлердің мүлкі анықталып, қарызды өтеу үшін 6 автокөлік пен 11 жылжымайтын мүлік нысаны сатылды. Борышкерлерді іздес­тірген 427 іс тоқтатылып, 198 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сол сияқты цифрландыру саласында да оң өзгерістер бар. Мысалы, 2024 жылы азаматтарға тәулік бойы құқықтық ақпарат беріп отыратын чат-бот – виртуалды кеңесші іске кіріскенін біле­міз. Бұл чат-бот алимент, сенім­­хат алу, сотталмағандығы тура­­лы анықтама алу, неке бұзу, мұра­герлік рәсімдер мен басқа да өзекті мәселелер бойынша көмек көрсетеді. Сонымен қатар бот олар­ды тиісті мемлекеттік орган­дарға, электронды қыз­мет­терге бағыттайды. Чат-бот іске қосыл­ғалы бері қала тұрғын­дарымен алты ақпараттық кездесу өтіп, 4 751 адам құқықтық көмек алу үшін цифрлық көмекшіге жүгін­ген. Сайтқа 4 829 хабарлама келіп түссе, оның 1 146-сы кері байла­нысқа түсіп, тиісті жауабын алған.

Бір сөзбен айтқанда, цифрлық технологиялар мен тұрғындармен белсенді әрекеттің арқасында әділет саласы халыққа жақындап келеді.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

2,4 миллиард несие берілген

Шаруашылық • Кеше