
Бұл жолы тараздық кәсіпкерлер 18 тоннадан астам ауыл шаруашылығы тауарларын арзандатылған бағамен ұсынды. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, көңілге қонымды бағамен өткерілген азық-түлік өнімдерінің жалпы құны 11,8 млн теңгені құрайды.
Тараздықтар келтірген дерекке жүгінсек, олар картоптың килосын 280, сәбізді 110 теңгеден сатып алған. Сондай-ақ өзге де тауарлар нарықтағы құнынан арзан бағамен өткерілген. Шаһар тұрғындарының айтуынша, барлық өнім қолжетімді әрі сапалы болғандықтан олар жәрмеңке ұйымдастырылатын күні әлеуметтік базарға асығатын көрінеді.
Ілгеріде жәрмеңкеге тараздық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ғана қатысса, бұл жолы Жамбыл және Байзақ аудандарынан қала құрамына өткен бірнеше елді мекеннің шаруалары да жылы-жұмсақтарын ала келіпті. Олар алдағы уақытта да жәрмеңкеге ұдайы қатысуға ниет білдіріп отыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің сөзінше, жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі алдағы уақытта да тоқтамақ емес. Биылдыққа осымен сегізінші мәрте өткізіліпті.
«Жоспар бойынша 20 жәрмеңке өткізуіміз керек. Сондықтан бұл жұмыс ілкі сәтке де тоқтамақ емес. Аудандардың қатысуымен де ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесін өткізуге құлшынып отырмыз. Нақтырақ айтсам, 4 қазан күні қала күні мерекесі аясында үлкен жәрмеңке өткіземіз. Оған қаладағы шаруалармен бірге өңірдегі 10 ауданның кәсіпкерлері де қатысады», дейді Тараз қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Таңатаров.
Облыс орталығында тұрақты ұйымдастырылатын жәрмеңке көпшілік үшін тиімді екені анық. Шаһар тұрғындарының сөзіне сенсек, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен өтетін жәрмеңкеге олар үнемі келіп тұрады. Өйткені мұндағы баға қалтаға артық салмақ салмайды. Ең бастысы, қалаған азық-түлігіңді молынан сатып алуға мүмкіндігің бар.
«Облыс орталығында ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі көңілімізге қонады. Мұнда күнделікті өмірге қажет азық-түліктің барлығы дерлік бар. Ең бастысы, әрбір отбасына қажет тауарлар нарықтағы құнынан әлдеқайда төмен бағамен сатылып жатыр. Сондықтан жәрмеңке өтетін күні осында асығамыз. Мұнда келіп өзімізге қажет өнімдерді тұрақты түрде алып тұрамыз. Жәрмеңкені жүйелі түрде ұйымдастырып жүрген азаматтарға айтар алғысымыз шексіз», дейді қала тұрғыны Күләйхан Маратқызы.
Тараз