
Әбекеңмен ауылдағы мектепте бір сыныпта оқып, бір бөлмеде тұрған досым Үсенбек Жолшыбай жататын интернатта таныстым. Сол кезден бастап бұрыннан араласып жүрген ескі таныстай әңгімелесіп кеттік.
Тектінің тұяғы әзіл-оспаққа шебер еді. Домбыраға қоңырқай даусын қосып ән салатын. Тырнақалды әзіл өлеңдері, ауыл өміріне арналған мақалалары аудандық газетте үнемі жарияланып тұратын. Сол күннен басталған алғашқы таныстығымыз 50 жылдан асқан достыққа ұласты.
1971 жылы бәріміз арман қуып, институт пен университетке құжат тапсырдық. Әбдікерім ол жылы түрлі себеппен оқуға түспей, ауылда қалды. Еңбек жолын аудандық мәдениет бөліміне автоклуб меңгерушісі қызметінен бастады. Кейіннен ҚазМУ-ды филология мамандығы бойынша бітіріп алды. Аудандық автоклубпен бірер өнерпазды ертіп алып, «Дала жұлдыздары» халықтық мәдени үгіт бригадасымен қарт Қаратаудың қойнауындағы малшыларды, Сыр бойындағы диқандар қостарын аралап кешқұрым кино көрсетіп, соңынан концерт беретін. Бригада құрамындағы жезтаңдай әнші-сазгер Бексұлтан Байкенжеев, жыршы-термеші Есіркеп Қоңқабаев пен Әмір Мәжитов, сазгер-күйші Абдулазиз Қилыбаев, әнші Өмірбек Марсалиев өнерлерімен көрермендердің көңілін көтеретін. Осылайша ол да сөз өнеріне машықтанды. Алдында әрі әкесі, әрі ұстазы Манап ақыннан үйренгені көп Әбекең де өлең жаза бастады.
1978 жылы Әбдікерім Түркістан ауданы басшыларының шақыртуымен Түркістан қаласы мәдениет бөліміне автоклуб меңгерушілігіне орналасты. 1982 жылы аудандық мәдениет үйінің директорлығына тағайындалды. Ол жаңа орында Жаңақорған ауданында жүріп жинақтаған мол тәжірибесінің арқасында өзін жаңа қырынан көрінді. Өнерпаз жастардың басын қосып, автоклубымен алыс жайлаудағы шопандар мен егіншілер қоныстарына барып қызмет көрсетті.
Бастамшыл да ізденгіш жастың еңбегі бағаланып, 1984 жылы Түркістан қалалық мәдениет үйінің директорлығына, ал 1987 жылдан бастап аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды.
Түркістан қаласының мәдениет бөлімін 20 жыл басқарған Әбдікерім 2003 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Түркіойстан», «Тұран жарнама», «Ясауи мұрасы» республикалық газеттерінің бас редакторы болды. Кейінгі 12 жылында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде жауапты қызметтер атқарды. Түркістан топырағында айтыскерлік қырын жаңаша көрсетіп, халық алдында сөз өнерінің хас шеберлерімен додаға түсті. Әбдікерім де халық ақыны, әкесі Манап Көкеновтің атына дақ түсірмей талай додада мерейі үстем шықты. 80-жылдары алғаш Әселхан Қалыбекова, Жәниба Қарасаева, Жадыра Құтжоловамен айтыса бастаған Әбдікерім мұнан кейінгі жиырма жылдан астам ел алдында Көпбай Омаров, Тәушен Әбуова, Есенқұл Жақыпбеков, Қатимолла Бердіғалиев, Қалихан Алтынбаев, Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенова, Айтақын Бұлғақов, Шорабек Айдаров, Айнұр Тұрсынбаева сынды айтыс ақындарымен сөз безбеніне түсті.
– Айтыс өнеріндегі тұңғыш ұстазым әрі өмірлік бағдаршамым әкем Манап еді. Мұнан өзге айтыс ақындарынан да үйренгенім көп. Соның арқасында талай жерде мерейім үстем болды.
1982 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық ақындар айтысында Түркістан ауданының намысын қорғайтын болдым. Ол кездері айтыс ережесі бойынша алдын ала кім-кіммен айтысатыны белгіленіп, әр ақын өзіне қарсылас ақынның ауданына барып олардың жетістігі мен кемшілігін көріп танысып қайтатын. Мен белгілі айтыскер-жырау Көпбай Омаровпен айтысатын болып, ол тұратын Жетісай ауданына бірнеше күнге сапарлап қайттым. Айтысқа үш күн қалғанда әкем Манап пен Көкен атамның батасын алайын деп ауылға бардым. Үнемі түзде болатын әкем ол күні үйде екен. Шай үстінде ол:
– Әй, сен айтысайын деп жатырсың ба? – деп сұрады.
– Иә.
– Кіммен?
– Көпбай Омаровпен.
– Ііі… – деп сәл ойланып отырды да: – Қалай айтыспақсың, – деді. Бірер пікірімді тыңдаған соң: – Көпбай айтыстың арыстаны, сен айтыс сахнасына енді шығып тұрсаң, мына сөздерің саған опа бере ме? Көпбайды жеңу үшін емес, тең түсу үшін айтыс. Сенің жеңісің – сол. Көпбай мақамды ақын, уәжге жүйрік, оның үстіне сырнайының сиқырлы үні де тыңдарманын баурап, ой толғауға мұрсат береді, – деді Мәкең. Сол жолы төрешілер менің Көпбаймен айтысымды тең деп бағалады. Көпбай аға ақ батасын берді. Осы уақытқа дейін ел алдында жүргенім осы Көпбай ағаның, әкем Манап пен атам Көкеннің ақ батасының арқасы деп білемін. Бұған дейін айтысқа домбырамен шығып жүргенмін, көп ұзамай айтысқа сырнаймен шығатын болдым. Мен мұны әке тәлімі деп білемін, – деген еді бір әңгімесінде Әбекең.
Әбдікеріммен бозбала шағымызды еске алып әңгіме-дүкен құрып отырғанда сөз желісі ақындар айтысына ойысатын. Мұндайда ол өзінің Көкен Шәкеев, Жақыпбек Алтынбеков, Надежда Лушникова, Әзімбек Жанқұлиев, жерлестеріміз Замадин Ибадуллаев пен Мұхамедқали Тұрсанов, Сырда туып қырда өскен Шымболат Ділдебаев сынды аға-іні, әпкеден алған үлгі өнегесінің мол болғандығын ықыластана әңгімелейтін. 1987 жыл айтыс өнері ерекше бетбұрысымен есте қалды. Павлодар қаласында өткен республикалық ақындар айтысына Әбдікерім де, әкесі Манап Көкенов те барды. Ұйымдастырушылар мен жиналған көрермендер әкелі-балалы қос ақынды айтыстыруға шешім қабылдады. Бұл – айтыс өнерінде бұрын-соңды болмаған құбылыс.
Әбдікерім 1990 жылы облыстың бас ақыны атанды. Бұл оның жұлдызды жылдары еді. Сөз өнерінің хас шеберлерімен айтысқа түсіп, республикалық, халықаралық айтыстардың бас жүлдесін жеңіп алды. Осы жылдары оның өнерін тек Қазақстан ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия жұртшылығы тамашалап, қол соқты. Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен табаны күректей төрт жылға созылған телеайтыс қорытындысында Республика кубогін жеңіп алды. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының, Республикалық айтыс ақындары мен жыраулар одағының мүшесі Әбдікерім Манапов шығармашылығымен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.
Ол бірнеше поэма-дастан да жазды. Оның қаламынан туған «Домалақ ана» дастаны, «Күлайна», «Сауран» поэмалары мен өлеңдері аудан, облыс, республикалық басылымдарда жарияланса, айтыстары «Мәңгілік көктем», «Айтыс» жинақтарына кірді. Соңында 60–70 ән қалды. Мұқағали Мақатаевтың «Иіскейін», Төлеген Айбергеновтің «Шырайлым», Әселхан Қалыбекованың «Әзірет Сұлтан», Марфуға Айтқожинаның «Жеңеше», Қаныбек Сарыбаевтың «Қаратау қарлығашы» өлеңіне ән жазды.
Тәлімгер ретінде бірнеше жас ақынды айтыс өнеріне баулып, оларға бағдар берді. Қазір есімі елге белгілі айтыстың ақтангері Бекарыс Шойбеков, Асқар Дүйсенбиев, Кәрима Оралова, Жарқынбек Наушабеков, Нұрлан Есенқұлов, Біржан Байтуов, Асхат Садықбеков, Серік Жұмаділ, тағы басқа да бірнеше айтыскерге жол сілтеді.
Ол халқымыздың 800-ден астам құнды жәдігерін өз мұражайында жинақтап, «Кентау қазақ техникалық колледжінің» музейіне табыстады. Қазақстан телерадиосының алтын қорында Нартай, Базар жырау мен Құлан ақын термелері Әбдікерімнің орындауында жазылды.
«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей қорығы директорының орынбасары қызметінде жүргенде кесене айналасын абаттандыруға, жойылып кеткен жәдігерлерді қалпына келтіруге атсалысты. Әр сөзінде Қ.Ясауидің ұлы Ибраһим сұлтанның қабірінің басына белгітас қою қажеттігін ылғи жиналыстарда айтып отыратын. Әбекең түркістандық көнекөз қария И.Жолдасқожаұлының қолында сақталған деректер негізінде қаладағы І.Жансүгіров көшесінде орналасқан үйлердің бірінің жанында мүрдесі қалған Ибраһим сұлтанның қабіріне ғылыми археологиялық зерттеу жүргізуге мұрындық болды. Сондай-ақ «100 аңыз адам» жинақ кітабы оқырманға жол тартты.
Оның тынымсыз тіршілігі, ізденістері мен атқарған қызметі еленбей қалған жоқ. Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Түркістан қаласының құрметті азаматы» атанды, «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Әбдікерім Манаповтың қаламынан мектеп оқушылары мен балаларға арналған «Аманат», «Ерте үзілген әңгелек», «Ибраһим шайық», «Меккеде оқылған намаз» сынды кітапшалар дүниеге келді. Айтыстары, өлеңдері мен әндері, ұлттық болмысымызды айшықтайтын тарихи зерттеулері, театр өнеріндегі салған тың соқпақтары, елге еткен қызметі, білім дәрежесі мен қайраткерлігі қанша биік болса да, оның қарапайымдылығы бәрінен жоғары тұратын. Халқымызда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген керемет сөз бар. Осы сөздің мән-мағынасы Әбдікерім сынды жайсаң жандардың өмірлік өнегесін, бітім-болмысы мен ақыл-парасатын айқындай түсетіндей. Алдағы жылдары Шымкент, Қызылорда, Түркістан қаласы мен Жаңақорған ауданының әкімдігі көше, не болмаса өнер мектептерінің атын беріп жатса, тектіден туған тарланның аты мәңгі халық жадында қалатыны сөзсіз.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Қазақстанның мәдениет қайраткері