Үкімет • Бүгін, 11:02

Көктемгі егіс жұмыстары үшін шаруалар ерте қаржыландырылады

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шаруаларды қаржымен қамтуға  700 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қазір бұл соманың  502 млрд теңгесі игерілген, деп жазады Egemen.kz.

Көктемгі егіс жұмыстары үшін шаруалар ерте қаржыландырылады

Фото: aigak.kz

Сондай-ақ шаруаларға жеңілдетілген бағамен 422 мың тонна дизель үлестірілген. Жанар-жағармайдың  қосымша көлемі астықты кептіруге қарастырылған.

«Егін жинау кезеңінде жауын-шашынға байланысты астықты кептіруге 39,9 мың тонна дизель отыны бөлінді. Сондай-ақ элеваторлар үшін 16,4 мың тонна көлемінде сұйытылған газға қажеттілік анықталды», деді Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қараша айында 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру іске қосылады. Бүгінде 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 253 млрд теңгеге өтінім берілген.

Сондай-ақ министр еліміздегі егін жинау науқаны барысын және 10,2 млн гектардан 15,5 млн тонна астық бастырылғанын айтты. Жиналатын 24 млн астық  елдің ішкі қажеттіліктерін толық қамтып, экспорттық әлеуетті сақтауға да мүмкіндік береді деп болжанып отыр.

«Қазірдің өзінде 700 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Жалпы, биыл майлы дақыл тұқымының шамамен 4 млн тонна көлемінде рекордтық түсімі күтілуде. Сондай-ақ 1,8 млн тонна картоп, 2,9 млн тонна көкөніс, 2,2 млн тонна бақша өнімдері жиналды», деді министр.