
Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Уран өндіру саласындағы ынтымақтастық
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары «Cameco» корпорациясының президенті Тим Гитцельмен кездесуден басталды. Канадалық трансұлттық компанияның басшысымен жүздесуде уран өндіру саласындағы ынтымақтастық келешегі талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Cameco» «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесі екенін атап өтті. Елімізде қызмет ете бастағаннан бері аталған компания 500 млн доллардан аса инвестиция құйған әрі технологиялар трансфертіне ықпал еткен.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан энергетиканы дамытудың жаңа кезеңіне өтіп, алдағы уақытта үш атом электр стансасын салуды көздеп отыр. Еліміз атом саласында қолданылатын инновациялық тәсілдерге қызығушылық танытады.
Тим Гитцель Президентке «Инкай» бірлескен кәсіпорнының қазіргі қызметі мен жоспарлары жөнінде ақпарат берді. Бұл компания Түркістан облысында орналасқан кен орнын ширек ғасырдан бері игеріп келеді.
Қаржы экожүйесін цифрландырумаңызды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Goldman Sachs Global Institute» компаниясының жаһандық мәселелер бойынша президенті Джаред Коэнмен кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық «Goldman Sachs» жетекші инвестициялық банкінің Қазақстан Ұлттық банкімен ұзақмерзімді серіктестік орнатқанын атап өтіп, ықпалдастық деңгейіне жоғары баға берді.
Мемлекет басшысының айтуынша, толық цифрлық мемлекетке айналуды көздейтін Қазақстан жасанды интеллект, қаржы экожүйесін цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытады.
Ал Джаред Коэн «Goldman Sachs Digital Asset Platform» цифрлық қаржы тұғырнамасының тәжірибесіне тоқталды.
Білім жүйесіндегі тәжірибеге мән берілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Educational Testing Service» (ETS) компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Амит Севакты қабылдады.
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы «ETS» компаниясының білімді тестілеу мен бағалау саласында көш бастап келе жатқанына ерекше назар аударды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан компанияның білім беру жүйесіндегі тәжірибесін зерделеу мен пайдалануға қызығушылық танытады.
Амит Севак Мемлекет басшысына компанияның халықаралық жұмыс жоспары туралы мәлімет берді.
Ұйым жылына әлемнің 180 еліне 50 миллионнан аса тест әзірлейді әрі әкімшілендіреді, сондай-ақ ұлттық білім беру жүйесіне арналған бейіндік шешімдерді ұсынады.
Қазақ мәдениетін белсенді дәріптеп келеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Смитсон институтының басшылығымен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Смитсон орталығының халық шығармашылығы және мәдени мұра арнайы жобалары жөніндегі директоры Халле Батвинге қазақ мәдениетін АҚШ-та белсенді түрде дәріптеп жүргені үшін алғыс айтты.
Орталық жанынан құрылған Қазақстанның мәдени мұра қоры ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттаумен, сондай-ақ қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрі және рухани өмірін зерттеуге арналған бірлескен ғылыми жобаларды ұйымдастырумен айналысады.
Мемлекет басшысы мәдени дипломатия Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Смитсон институты – әлемнің ең ірі мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу кешендерінің бірі. Оның құрамына 21 музей мен галерея, 14 ғылыми және білім беру орталығы, кітапханалар мен ұлттық зообақтар кіреді.
Снэктер шығаратын зауыт жайы талқыланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «PepsiCo» қоры директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихоны қабылдады.
Кездесуде «PepsiCo» компаниясының Қазақстандағы инвестициялық жобасын жүзеге асыру барысы қарастырылды. Әлемге әйгілі бренд Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт құрылысына кірісті. Инвестиция көлемі – 368 млн доллар.
Президент жобаны іске асырудан күтілетін экономикалық пайдаға назар аударды. Компания 900-ге тарта тұрақты жұмыс орнын ашудан бөлек, қытырлаққа арналған картопты жергілікті жерде өсіруге ниетті.
Стивен Кихоның айтуынша, бүгінгі таңда бағдарламаға Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарынан 15-ке жуық шаруашылық қосылған. Бұдан бөлек, шикізатты сақтау базасын кеңейтіп, картоп өнімділігі мен сапасын арттыру үшін ғылыми тәсілге жүгіну жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев «PepsiCo» компаниясының орнықты агрошаруашылықты дамыту бастамасына қолдау білдіріп, Үкімет пен жергілікті әкімдік өндірістің уақтылы іске қосылуына барынша жағдай жасайтынын айтты.
Спутниктік байланысты жолға қояды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Amazon» компаниясының аға вице-президенті Дэвид Запольскиді қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Amazon» компаниясының аға вице-президенті, жаһандық және құқықтық мәселелер жөніндегі бас директоры Дэвид Запольски цифрландыру, байланыс және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың жай-жапсарын талқылады.
Президент «Amazon» компаниясының еліміздің Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен, сондай-ақ «Қазақтелеком» компаниясымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарына қолдау білдірді. Ынтымақтастық Қазақстан аумағындағы жылдамдығы жоғары интернетті қамтамасыз ету және киберқауіпсіздікті нығайту секілді стратегиялық маңызды бағыттарды қамтиды.
«Amazon» тек елімізге қатысты жобаларды жүзеге асырумен шектелмей, Қазақстанды спутниктік байланыстың өңірлік хабын қалыптастыруға болатын алаң ретінде қарастырып отыр.
Қазақстан Президентінің Нью-Йоркке жұмыс сапары аясында «Қазақтелеком» және «Amazon Kuiper» компаниялары «Kuiper» спутник желісінің қызмет көрсетуіне қатысты дистрибьюторлық келісімге қол қойды. Соған сай «Amazon Kuiper» компаниясы Алматы, Ақкөл және Ақтау қалаларында өзінің жердегі инфрақұрылымын жасақтауды көздейді. Бұл жобаға 200 млн долларға жуық инвестиция салу жоспарланған. Аталған бастама Мемлекет басшысының цифрлық инфрақұрылымды дамыту және еліміздің барлық өңірі үшін заманауи телекоммуникация қызметіне теңдей қол жеткізу тапсырмасын орындау аясында іске асырылады.
Инфрақұрылым жобаларын қаржыландыруға ниетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Cerberus Capital Management» компаниясының бас атқарушы директоры Фрэнк Бруноны қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Cerberus Capital Management» компаниясының инвестицияларды басқару саласындағы жаһандық көшбасшылығын жоғары бағалап, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру ниетін құптады.
Президенттің айтуынша, компанияның стратегиясы Қазақстанның ұлттық экономиканы әртараптандыру жөніндегі басымдықтарына сай келеді. Еліміз көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тарта отырып, бағыттардың өткізу мүмкіндігін кеңейтуге қарқынды түрде кірісті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасындағы тарихи келісімге қол қойылуы Орта дәліздің маңызды сауда жолдарының бірі ретіндегі маңызының арта түсуіне оң әсер ететінін атап өтті. Кейінгі бес жылда Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы тасымалданған жүк көлемі алты есе артты.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы компанияның технологиялық платформа мен цифрлық экожүйені тарату саласындағы ауқымды тәжірибесін атап өтіп, Қазақстандағы цифрлық бастамаларға қатысуды ұсынды.
Ел экономикасына зор үлес қосқан корпорация
Қазақстан Президентінің Америка Құрама Штаттарының іскер топтары өкілдерімен кездесуі «Chevron» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртті қабылдаумен жалғасты.
Мемлекет басшысы корпорация еліміздің экономикалық дамуына зор үлес қосқанын айтты. Тәуелсіздік жылдары Chevron Теңіз, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игеруге атсалысып, Қазақстанға 55 млрд долларға жуық инвестиция құйды. Қазір әлемдегі ең ірі энергетикалық компания өндіретін жалпы өнімінің 25 пайызы Қазақстанға тиесілі.
Кездесуде келешекте Теңіз кенішінің аясын кеңейту жобасын іске асыру мәселелеріне, Қарашығанақта газ өндіру мен қайта өңдеу перспективасына, сондай-ақ әлемдік нарыққа көмірсутегін тасымалдау ісін дамытуға, соның ішінде Орта дәліз арқылы жеткізуге баса мән берілді.
Технология алыбымен тиімді әріптестік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Meta» компаниясының вице-президенті Янн Лекунды қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Meta» компаниясының вице-президенті, жасанды интеллектіні зерттеу бөлімінің (FAIR) бас ғылыми жетекшісі Янн Лекун инновациялық технологияларды дамыту және қолдану жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы нейрожелілер саласындағы Янн Лекунның жаңашыл жетістіктерін жоғары бағалап, оның жасанды интеллектіні дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Президент Қазақстанның жаппай цифрландыруды және жасанды интеллектіні дамудың басты факторы ретінде кеңінен қолдануды қарастырып, дербес ЖИ экожүйесі мен Қазақ тілінің үлкен тілдік моделін (KazLLM) жасақтауға күш салып жатқанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Meta Platforms Inc» компаниясымен Қазақстанда ЖИ технологияларын дамыту бойынша бірлескен акселерациялық бағдарламаны іске қосу жөніндегі келісімге қол қойылуын құптап, технология алыбымен өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.
Байыпты диалог жалғасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнаулы өкілі Серджио Горды қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Серджио Горды АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша арнаулы өкілі және АҚШ-тың Үндістандағы елшісі лауазымына тағайындалуымен құттықтады. Осы ретте Қазақстан Үкіметі оның миссиясына жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.
Мемлекет басшысы қазақ-америка стратегиялық серіктестігін нақты жетістіктермен одан әрі нығайтуға бағытталған диалогті жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастықты дамытуға мән берілді. Мемлекет басшысы еліміз АҚШ-тың Орталық Азиядағы негізгі экономикалық серіктесі саналатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджио Гор күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
«Wabtec» компаниясымен бірқатар келісімге қол қойылды
Мемлекет басшысының Нью-Йорк қаласына ресми сапары аясында АҚШ Сауда министрі Говард Латниктің қатысуымен америкалық «Wabtec» компаниясымен жалпы сомасы 4,2 млрд долларға жуық келісімге қол қою рәсімі өтті.
Аталған құжатта Қазақстанда техникалық тұрғыдан жетілдірілген 300 локомотив шығару және оған сервистік қызмет көрсету қарастырылған.
Көлік технологиясы бойынша әлемдегі көшбасшы компания еліміздің теміржол саласын жаңғырту ісінде негізгі серіктестеріміздің бірі саналады. 2009 жылдан бері Астанада «Wabtec Kazakhstan» локомотив құрастыру зауыты табысты жұмыс істеп келеді. Осы аралықта компания өндіріске 230 млн доллардан аса инвестиция құйды. Кәсіпорын бүгінге дейін «Қазақстан темір жолына» және экспортқа арналған 600-ден аса локомотив құрастырды. Өндірістің локализация деңгейі 45 пайызға жетті.
Былтыр шілде айында «Wabtec» компаниясы елімізде инновацияларды енгізіп, кадр даярлауға үлес қосатын технологиялық және инженерлік орталығын ашты.
Америкалық бизнес үшін үлкен мүмкіндік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Сауда министрі Говард Латникпен кездесті.
Мемлекет басшысы мен АҚШ Сауда министрі екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең көлемді мәселелерін қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Америка Құрама Штаттарымен ықпалдастықты дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. АҚШ еліміздің негізгі инвестициялық серіктестерінің бірі саналады.
Президент Қазақстанда шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Мемлекет басшысы елімізде америкалық бизнес үшін энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы салаларында үлкен мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Говард Латник Құрама Штаттардың Қазақстанмен сауда-экономикалық, индустриалдық, көлік-логистикалық және инвестициялық салаларда бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға қызығушылық танытатынына тоқталды.
Дата орталық құрылысы қолға алынады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Blackstone» компаниясының негізін қалаушылардың бірі және басқарма төрағасы Стивен Шварцманмен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Стивен Шварцман өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.
Қазақстан Президентінің айтуынша, «Blackstone» компаниясының инфрақұрылым мен технологияны дамытуға арналған ауқымды инвестициялау стратегиясы еліміздің экономиканы әртараптандыру, инновация мен орнықты даму салаларындағы ұлттық басымдықтарымен тығыз байланысты.
Мемлекет басшысы Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойғанына егжей-тегжей тоқталды.
«Blackstone» компаниясының басшысымен әңгімелесу барысында Қазақстанда дата орталық құрылысы жобасын бірлесіп іске асыру ұсынылды. Сондай-ақ еліміздегі қаржы технологиялары мен жылдам өркендеп келе жатқан компаниялар арқылы активтерді басқару саласындағы ынтымақтастық әлеуетін қарастыруға назар аударылды.
«Blackstone» – нарықтық капиталы 218 млрд доллардан асатын әлемдегі ірі инвестициялық компания.
Тауар айналымын ұлғайту – назарда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Сауда палатасының президенті және бас атқарушы директоры Сюзанн Кларкты қабылдады.
Әңгімелесу барысында екіжақты тауар айналымын ұлғайту мақсатында ұзақмерзімді ынтымақтастықты жолға қою мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Қазақстанда жүргізілген жоғары деңгейдегі америкалық сауда-инвестициялық миссиясының қорытындысын құптап, еліміз Құрама Штаттардың Орталық Азиядағы негізгі серіктесі саналатынын атап өтті. Қазақстан АҚШ Үкіметімен және іскерлік орта өкілдерімен тиімді ықпалдастық орнатуға бейіл. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен өткен әңгімелесудің, сондай-ақ Сауда министрі Говард Латникпен, бірқатар америкалық ірі компаниялар басшыларымен кездесудің мазмұнын жоғары бағалады.
АҚШ Сауда палатасының жетекшісі экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтудің айтарлықтай әлеуеті бар екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сюзанн Кларк экономиканың түрлі секторында бірлескен жобаларды жүзеге асыру келешегі қарастырды.
Кен орындарының келешегі зерделенді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ExxonMobil» корпорациясының басшысы Даррен Вудсты қабылдады.
Мемлекет басшысы «ExxonMobil» корпорациясының басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры Даррен Вудсқа ілтипат білдіріп, Қазақстанның мұнай-газ саласындағы негізгі серіктестерінің біріне айналған коммерциялық ұйыммен ынтымақтастыққа жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Даррен Вудс компанияның Теңіз және Қашаған кен орындарындағы келешегі жөнінде пікір алмасты.
Жүк тасымалдау саласындағы байланыс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Embraer» компаниясының президенті Франсиско Гомес Нетомен кездесті.
Бразилиялық «Embraer» авиа құрылыс компаниясы жетекшісімен кездесуде жүк тасымалдау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Президент еліміздің Еуразия кеңістігіндегі негізгі көлік-логистикалық хабқа айналуға ұмтылатынын жеткізді.
Әңгімелесу барысында Қазақстанда «Embraer» ұшақтарына техникалық қызмет көрсететін өңірлік сервистік орталық ашу перспективасы қарастырылды.
Франсиско Гомес Нето Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетіне жоғары баға беріп, өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.
Банктер тобы қызметіндегі ең маңызды бағыттардың бірі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сitigroup» компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзерді қабылдады.
Кездесуде еліміздегі ауқымды жобаларды қаржыландыру мәселелері талқыланды.
Джейн Фрейзер Қазақстанмен арадағы серіктестікті банктер тобы қызметіндегі ең маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастыратынын жеткізді.