Президент • Бүгін, 09:03

Қазақстан – АҚШ: Экономикалық және инвестициялық ықпалдастықтың негізгі бағыттары

10 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорктегі жұмыс сапары кезінде АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерімен өткен дөңгелек үстел отырысына қатысып, сөз сөйледі.

Қазақстан – АҚШ: Экономикалық және инвестициялық ықпалдастықтың негізгі бағыттары

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ-тың кеңейтілген страте­гиялық серіктестігі қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

– Біз Американы маңызды серіктестеріміздің бірі санаймыз және сан қырлы ынты­мақтас­тықты одан әрі дамытуға мүдделі екені­мізді растай­мыз. Америка Құрама Штат­тарының да осы страте­гиялық ұстанымды қолдайтыны қуантады. Оған Президент Дональд Трамппен 2024 жылы желтоқсан айында болған әңгімелесу барысында көз жеткіздік. Бүгін біз Президент Трамп­пен тағы да мазмұнды әңгі­ме жүргіздік. Ол үшін риза­шы­лығымды білдіремін. Қазақстан Президенті Трамптың прагма­тикалық дипломатияны алға тартуын, Еуропа мен Таяу Шығыстан бастап Азия мен Африкаға дейінгі қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге ықпал ету ісін­дегі рөлін жоғары бағалайды. Оның конструктивті позиция­сы мен нақты нәтижеге қол жет­кізуге айрықша мән беруі жаһан­дағы жіктелу ушыққан кезеңде шиеленістің бәсеңдеп, диалогтің артуына ықпал етуде. Мақсат-міндеті айқын мұндай батыл әрі табанды әрекет халықаралық деңгейде мойындауға ла­йық. Біздің ойымызша, бұл ұста­ным­дар ертең өтетін БҰҰ-ның Жалпы дебатында Ұйымға мүше мем­лекеттердің назарына ұсынылуы керек. Құрама Штаттар Қазақстан экономикасына 100 млрд доллардан аса қаржы құйған ірі инвестор саналады. Екі ел экономикалық ықпалдастықта зор жетістікке жетті. Біз мұны мақтан тұтамыз. Қазір елімізде 630-дан аса америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында «Chevron», «ExxonMobil», «Boeing», «Visa», «Mastercard», «Meta», «Wabtec», «Citibank» секілді танымал брендтер бар, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақ­станның өңірдегі экономикасы ең қуатты ел ретінде Орталық Азияға Америка бизнесінің инвестиция­сын тарту және олардың кәсіп ая­сын кеңейту ісінде жетекші рөл атқаруға дайын екенін жеткізді. Бұл бағыттағы күш-жігерге С5+ және B5+ форматындағы тұрақты ын­ты­мақтастық тың серпін бере алады.

пр

Президент дөңгелек үстел қатысушыларына елімізде жүзеге асырылып жатқан экономикалық және саяси реформалар туралы мәлімет берді.

– Қазақстан білім мен иннова­ция­ға арқа сүйеген экономика құруды мақсат етеді. Бұл ретте цифрлық трансформацияға баса мән беріледі. Еліміздің экономикасы өңірдің өркендеуінде негізгі рөл атқарады. Қазақстанның мұндай биікті бағындыруына Америка бизнесі айтарлықтай үлес қосты. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша еліміздің экономикалық өсімі 6,5 пайызды құрады. Біз дамудың жоғары қарқынын сақтай отырып, ауқымды саяси-экономикалық реформалар жүргізуге ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жүзеге асырылып жатқан жұмыстың барлығы Қазақстанның тікелей шетел инвестициясына тар­тымдылығын арттыруды көз­дейтінін айтты. Сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ арасын­дағы экономикалық және инвестициялық ықпалдастықтың негізгі бағыттарына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын­нан екіжақты ынтымақтас­тықтың негізі саналатын энергетика секторын алғашқы басымдық ретінде атады.

а

– «Chevron» және «ExxonMobil» компанияларының кейінгі 30 жылда елімізге қомақты әрі табыс­ты инвестиция салғанын мо­йын­даймыз және жоғары баға­лаймыз. Ай­мақтағы геосая­си дүр­­бе­леңдерге қара­мастан, олар­дың елі­міздегі қыз­метіне қатыс­ты еш­қашан күмән туған емес. Елі­міз­дің экономи­касын жаң­ғыр­туда, озық техноло­гиялар енгізу­де, экономикалық әле­уе­тіміз­дің ор­нықтылығы мен қуа­тын арт­­тыруда сіздердің Қазақ­стан­­­дағы қызметтеріңіздің жа­ғым­­­ды әсері болды. Біз Теңіз, Қа­ша­ған және Қарашығанақ мұ­най кен орын­­дарындағы аме­ри­ка­лық серік­тес­­терімізбен конст­рук­­тив­ті ынты­мақ­тастықты одан әрі жал­ғас­ты­­ра­мыз. Өзара серіктесті­гі­міз ал­­дағы уақытта да әділ әрі екі та­рап­­­қа тиімді нәтиже әкелге­­нін қа­лай­­­­мыз. Қазақстан өзінің энер­­­ге­ти­­ка­л­ық ресурстарын экс­порт­тау ба­­ғы­т­­­тарын әртараптан­дыру­ды көз­дейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған стратегиялық маңызды міндетті жүзеге асыру ісінде Американың энергетика компаниялары басты рөл атқаратынына назар аударды.

Сонымен қатар Президент геологиялық барлау әрі іске асырылып жатқан жобалардың аясын кеңейту, әсіресе уран өндіру және оны өңдеу саласында жаңа мүмкіндіктерді зерделеу қажет екенін атап өтті. Қазақстан әлемдік уран нарығындағы сұраныстың шамамен 40 пайызын өтейді. Ал АҚШ осы материалдың орта есеппен 24 пайызға жуығын біздің елден импорттайды.

– АҚШ-тың энергетика саласын­дағы басым­дықтарына сәйкес біз көмірге негіз­делген таза, тиімді және эко­логия­лық тұрғыдан қауіпсіз энергетика­лық шешімдерді ұсынамыз. Қазақстанда қуат­тың 70 пайыздан астамы көмірден алы­­нады. Әлемдегі көмір қоры мол елдер­­дің бірі ретінде біз де АҚШ сияқ­ты мұ­ны энер­гияның сенімді әрі қауіп­сіз көзі ретін­де қарастырамыз, тым бол­ма­ғанда таяу келешекте одан бас тарт­паймыз. Елі­­міздің энергетикалық страте­гиясы төрт ком­­понентке: мұнай, газ, көмір және уран­­ға не­гізделген. Біз осы қағидатты берік ұс­танамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент маңызды шикізат материалдарын игеруді басым бағыт ретінде қарастыратынын жеткізді. Бұдан бөлек, Қазақстанда мыс, вольфрам, қорғасын, мырыш, литий, графит және жоғары технологияға аса қажетті басқа да пайдалы қазбалардың мол қоры бар екенін еске салды.

– Біз тау-кен саласында еңбек ететін инвесторлар үшін ашық әрі мазмұнды заңнамаға негізделген қолайлы юрисдикция қалыптастырдық. Отандық тау-кен секторына қазірдің өзінде «Ivanhoe», «Rio Tinto», «Anglo Teck» және «Fortescue» сияқты ірі компаниялар келді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев көлік және логистика сек­торындағы кең мүмкіндіктерге тоқталды. Бұл ретте ол Транскаспий халықара­лық көлік бағдарын дамытудың келешегі зор екеніне назар аударды.

пр

– Біз «Wabtec» компаниясының еліміз­дегі машина жасау және теміржол көлігі салаларын ілгерілетудегі негізгі рөлін жоғары бағалаймыз. Қазақстан атал­ған компаниямен серіктесе отырып, физикалық желілерді ғана емес, үлкен дерекқорға негізделген интеллектуалды, интеграцияланған көлік дәліздерін де құрып жатыр. Бүгін «Wabtec» компаниясымен 4 млрд долларға жуық қаржының жаңа келісіміне қол қойылды. Бұл еліміздің АҚШ-пен көлік саласындағы ынтымақтасты­ғын айтарлықтай нығайтады. «Air Astana» және «SCAT» сияқты алдыңғы қатарлы әуе компаниялары «Boeing» ұшақтарын пайдаланады. Азаматтық авиация паркіміздің негізі осы ұшақтардан құралған. Біз «Boeing» компаниясымен ынтымақтастықты кеңейтуге және таяу жылдары жаңа ұшақтар алуға ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, өзара тиімді ынтымақтастықтың тағы бір келешегі зор бағыты – агроөнеркәсіп кешені. Егістік жерлерінің көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алатын және ең ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіретін Қазақстан­ның аталған саладағы мүмкіндік­тері америкалық әріптестерді қызықтыруға тиіс.

– Америкалық компанияларды Қазақ­станның ауыл шаруашылығы әлеуетін барынша пайдалануға шақыра­мыз. Біз «PepsiCo» және «Mars» компания­лары­ның заманауи, экспортқа бағдарлан­ған зауыт салу жоспарын құптай­мыз. Аталған бастамалар Қазақ­станның экспорттық қуатын арттырып қана қоймай, өнімдеріміздің жаңа өңірлік нарықтарға шығуына мүмкіндік береді. Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін орнықты ауыл шаруашылығын дамытуды, су ресурстарын үнемдеп пайдалануды және аталған саланы цифрландыруды көздейтін ортақ Агроинновациялық бағдарлама жасауды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мән берген келесі басым­дық – цифрлық трансформация. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке және цифрлық трансформация мен жасанды интеллект саласында Еуразияда көш бастайтын ІТ-хабқа айналдыру жоспарымен бөлісті.

«NVIDIA», «Amazon», «Starlink» және «Microsoft» сияқты жаһандық техно­логия­лық алпауыттар цифрлық эко­жүйемізді қалыптастыруға белсенді атсалысып жатыр. Мемлекет басшы­сының айтуынша, бұл еліміздің ІТ сала­сындағы әлеуеті орасан зор екенін көр­сетеді. Бұл ретте цифрлық активтер, Индустрия 4.0, жасанды интеллект және «ақылды қала» шешімдері өзара ықпалдастықтың перспективті бағыт­тары саналады.

Қаржы секторы туралы сөз қозғай отырып, Мемлекет басшысы дөңгелек үстел қатысушыларына «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін таныстырды. Қазіргі уақытта онда 80-нен аса елден 4 200-ден аса компания тіркелген. Оның 60-тан астамы – америкалық компаниялар.

Қасым-Жомарт Тоқаев адам капиталын дамытудың маңызына ерекше тоқталды.

– Қазақстан бірте-бірте өңірлік академия­лық және ғылыми зерттеу хабына айна­лып келеді. Бүгінде елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылған. Олардың қатарында Аризона университеті, Колорадо тау-кен мектебі, Дьюк университеті, Пенсильвания штаты университеті, Миннесота университеті және Нью-Йорк кино академиясы секілді америкалық жетекші жоғары оқу орындары бар, – деді Президент.

Сондай-ақ бүгінде «Болашақ» бағдарламасының 800-ден аса стипен­дия иегері АҚШ-тың Гарвард, Массачусетс технологиялық институты, Стэнфорд, Чикаго университеті секілді маңдайал­ды оқу орындарында білім алып жатыр. Бұл ретте Мемлекет басшысы жас буын көш­басшыларын қалыптастыру үшін америкалық университеттермен және зерттеу орталықтарымен бірлескен жобалардың аясын кеңейтуді ұсынды.

Президент мәдениетке бизнес тарапынан қолдау көрсету мәселесін де қозғады.

– Қазақстанның мәдени мұра қорын құру туралы Смитсон институтының шешімін ерекше ықыласпен қабыл алдым. Аталған қор халқымыздың бай мұрасын сақтау, зерттеу және әлемде насихаттаумен айналысады. Осы маңызды бастаманы белсенді түрде қолдағаны үшін «Chevron» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уирт мырзаға ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту еліміздің сыртқы саясатындағы ұзақмерзімді басымдықтардың бірі екенін айтты.

– Қазақстан географиялық тұрғыдан сезімтал аймақта орналасқан. Біз өзіміздің стратегиялық мақсатымыздан, соның ішінде АҚШ-пен тығыз ынтымақтастық жасау ниетімізден айнымаймыз. Өйт­кені АҚШ біздің тәуелсіздігімізді әлем­дегі алғашқы елдердің бірі болып мо­йындады және әрдайым Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдап келеді. Халқымыз Американың бұл ұстанымын шынайы құрметтейді. Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси-экономикалық реформалар, ашық және инвестицияға қолайлы сая­сат жүргізу ұстанымы америкалық ком­паниялардың Қазақстанда алаңсыз бизнес жүргізуіне кепілдік береді әрі олардың сенімді, ұзақмерзімді серіктес болуына мүмкіндік жасайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отырыста АҚШ Сауда палатасының президенті Сюзанн Кларк, «Chevron» ком­паниясы директорлар кеңесінің төр­ағасы Майкл Уирт, АҚШ Сауда ми­нистрі­нің орынбасары Уильям Киммит, АҚШ Мемлекеттік хатшысы­ның эко­номи­калық өсім, энергетика және қор­шаған орта мәселелері жөнін­дегі орын­басарының міндетін атқару­шы Томас Лерстен, «NVIDIA» компа­ния­сы­ның жасанды интеллект саласын­дағы жа­һандық бастамалар бойынша вице-пре­зиденті Калиста Рэдмонд, «Boston Consulting Group» компаниясы ди­ректорлар кеңесінің жаһандық төр­аға­сы Ричард Лессер, «S&P Global» ком­­­паниясының тәуелсіз рейтингтер және көпжақты қаржы институттары рей­­тингтері жөніндегі жаһандық бағыты­ның басшысы, басқарушы директоры Роберто Сифон-Аревало, «ExxonMobil Upstream Company» прези­денті Дэн Амман, «LanzaJet» ком­па­ниясының бас атқарушы директоры Джимми Самарцис, «The Boeing» компа­ниясының вице-президенті Лэндон Лумис, «Ashmore Group» компа­ния­сының бас атқарушы директоры Марк Кумбс, «Visa» компаниясы төраға­сы­ның орынбасары әрі персонал және кор­поративтік мәселелер жөніндегі бас ди­ректоры Келли Тулье, «Ivanhoe Mines Ltd.» негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің атқарушы теңтөрағасы Роберт Фридланд, Колорад тау-кен ісі мектебінің президенті Пол Джонсон, «GTM», «OpenAI» білім және мем­ле­­кеттік бағдарламалар бағыты бо­йын­­ша жетекшісі Кевин Миллс, «Mastercard» компаниясының бас әкім­ші­лік директоры Ричард Верма, «Shell USA» компаниясының президенті Колетт Хёрстиус, «Honeywell Process Automation» компаниясының президенті және атқарушы директоры Джеймс Массо, «Amazon Kuiper» компаниясы жаһан­дық тұтыну бағытының жетекшісі Лиза Скалпоне сөз сөйледі.