Аймақтар • Бүгін, 08:25

Ауызсу мәселесі шешімін табады

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көп ұзамай Жетісу өңірі ауызсумен толық қам­тылады. Бүгінде ішер судан таршылық көріп отыр­ған ауылдар саны едәуір азайған. Облыста ор­та­лықтандырылған сумен қамту деңгейі 92%-ды құрап отыр. Әсіресе жы­рақта жатқан шека­ра­лық елді мекендер күнде­лікті тұтынар суға қол жеткізгеніне қуа­нышты.

Ауызсу мәселесі шешімін табады

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Қаратал ауданындағы Ұмтыл ауылының тұрғын саны екі жүзге де жетпейді. 34 үй ғана бар. Халықтың бар тілегі таза су болған. Жақында қайтарылған активтің нәтижесінде аядай ғана елді мекен орта­лықтан­дырылған ауызсу желісіне қосылады.

Таза ауызсу – тіршіліктің негізі ғана емес, адам өмірінің сапасын айқындайтын басты көрсеткіштің бірі. Осы орайда өңірде елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бағытын­дағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.  Бүгінде облыс­тағы 356 елді мекеннің ішінен 327-сі, яғни 92%-ы орталықтандырылған сумен қамтылған. Қалалық 6 елді мекеннің барлығы, ауылдық 321 елді мекен таза суға қосылған. 24 ауыл орталықтандырылмаған сумен, 7 елді мекен тасымалданатын сумен қамтамасыз етілген.

«Балпық ауылдық округіне қарас­ты Ұмтыл ауылының сумен жаб­дықтау жүйесін қайта жаңарту, салу жобасы аяқталуға жақын. Қажет­ті материалдар сатып алынды. Су желілерінің ұзын­дығы – 5 916 м. Су құбырын қайта жаңғыртуға 291 млн теңге қаражат бөлінді. Сараптама қорытындысы 2023 жылы аяқ­тал­ды. Жоба құны 309 млн тең­гені құрайды. Мемлекетке қайта­рылған активтер есебінен қар­жыландырылып жатыр», деді Қаратал ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Уәлиев.

Қазірде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту мақсатында 18 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 13-і жаңа, 5-еуі ауыс­палы жоба. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Көксу стан­сасында, Талдықорған қаласын­да осындай үш жобаның құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар Ала­көл ауданының Қоңыр ауы­лын­да орталықтандырылған сумен қамту жүйесі іске қосылуға тиіс. Биыл құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғын­дар таза суға қол жеткізетін болады.

«Ақсу ауданының Қопалы, Панфилов ауданының Жиделі ауыл­дарына кіші блок-модульдер (КБМ) орнатылып, ауызсу тап­шылығын шешу көзделіп отыр. Атқарылып жатқан ауқымды жо­­­ба­лардың нәтиже­сінде облыс­тағы 331 елді мекен (92,4%) орталық­тандырылған сумен қам­­­та­масыз етіледі», дейді облыс әкі­­мінің орынбасары Әлібек Жақан­баев.

Кейінгі үш жылда облыс­та 420 шақы­рымнан астам су құбыры желісі жаңғыртылып, 24 ауылдың тұрғындары тұтынатын ауызсудың сапасы жақсарған. Қаратал ауданын­дағы ең шеткері орналасқан Көпбір­лік ауылы жұмыстың нақты нә­ти­жесін көріп отырған елді мекендердің бірі. Бұрынғы орталықтандырылған су жүйесінде судың құрамындағы тұз мөлшері рұқсат етілген шектен бірнеше есе жоғары болып келген. Жылдар бойы сапасыз су ішуге мәжбүр болған тұрғындардың мәселесі облыс әкімінің тікелей араласуымен шешімін тапты.

«Тұзды судың денсаулыққа зиян екенін білсек те, амалсыз тұтынатын едік. Қазір таза, сапалы ауызсуға қол жеткізіп отырмыз. Сонымен қоса, жолымыз жөнделді. Бұрын Үштөбеге бару бір машақат еді, қазір 1,5 сағатта жетеміз», дейді ауыл тұрғыны Ертіс Болатбеков.

Алакөл ауданындағы Лепсі ауы­лында да ауызсу мәселесі күн тәр­тібінде тұр. Елді мекендегі сумен қамту желісі осыдан 40 жыл бұрын, 1980-жылдары салынған. Желі мүлде жарамсыз күйге түскен. Бүгінде тұрғындар тіршілік нәрін уақытша, қолдан жасалған су көздерінен алып отыр. Республикалық бюджеттен 800 млн теңге бөлініп, жыл соңына дейін ауыл орталық су жүйесіне қосылмақшы. Сол сияқты Бибақан ауылында да су жүйесі жаңартылып, тұрғындар таза ауызсуға қол жеткізді. Бұған дейін ел тұрғындары аулаларға орнатылған сорғы арқылы ғана су алатын. Әсіресе жаз мезгілінде бақша суаруға жетпей, суды үнемдеуге тура келетін еді.

«Лепсі ауылын орталықтан­дырылған ауызсумен қамтамасыз ету жобасына қатысты жобалық-сме­талық құжаттама әзірленіп, мердігер анықталды. Жобада 49,4 шақырым жаңа су желісі, екі сорғы стансасы, екі резервуар,­ трансформаторлық қосалқы станса, дизельді электр стансасын салу қарастырылған. Ауданның климаттық жағдайын ескере оты­рып, құрылыс-монтаж жұмыс­тары сәуір айында басталды», деді облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.

Айта кетелік, Алакөл ауданында Теректі, Көктұма, Екпінді ауылдарында су жүйесі жаңғыртылды. Ең күрделі нүктелердің бірі санала­тын Тоқжайлау ауылында құры­лыс-монтаж жұмыстары толық аяқта­лып, жүйені сынақ­тан өткізу, пайдалануға беру кезеңі сәтті өтті. Жүйе толық іске қо­сылғанда ауыл тіршілігі тіпті жандана түседі. Бұл тек инфрақұрылымның жетістігі емес, әлеуметтік әділдіктің, ауыл өмірін жаңғырту мен дамытуға деген мемлекеттің нақты ынта, ықпалының көрінісі.

 

Жетісу облысы