
Байтақ жерімізде сақтардан қалған сарқыт көп. Соның ең құндысы 1969 жылы Есік қорғанынан табылған – Алтын адам болса, екіншісі мына бір ұсақ бұйымдар қатарына жататын алтын білезік. Бұл бұйым қазір Ресейдің Петербор қаласындағы Эрмитаж музейінің «Сібір коллекциясында» сақтаулы тұр.
Осындағы сақ білезігі туралы сипаттамада: «Жәдігер б.з.б. V-IV ғ.ғ. тән бұйым. Диаметрі – 7,5 сантиметр. Материалы – алтын. Білезіктің өн-бойына көгілдір ақық тастан әшекей қондырма орнатылған. Тарихи жәдігерді 1909 жылы патшалық Ресейдің әкімшілік территориясы саналған Түркістан өлкесінің (Сырдария облысы) Дуздак (Тұзтау) мекенінің тұрғыны Елубай деген қазақ тауып алып, губернатордың көмекшісі Корнеевке берген», делініпті.
Сондай-ақ бұл жәдігер туралы «Сибирская коллекция Петра І» атты биографиялық анықтамалықта: «Бұл әшекей бұйым сақ дәуіріндегі зергерлік өнердің жоғары деңгейін көрсететін ерекше жәдігер болып табылады. Білезік алтыннан құйылып, көгілдір таспен (бирюза) инкрустацияланған. Әшекей жасау техникасындағы дәлдік пен әсемдік сақ шеберлерінің қолөнер дәстүрін айқын танытады. Білезік табылған Дуздак ежелгі көшпелі тайпалар қоныстанған мекен ретінде белгілі. Жәдігер сақтардың сәндік өнері мен діни-мәдени дүниетанымын зерттеуде аса құнды артефакт саналады. Аталған «Сібір коллекциясының» құрамына енген. Жәдігер Санкт-Петербургтегі Эрмитаж музейінде сақтаулы. 1909 жылы Императорлық археологиялық комиссия арқылы Эрмитаж қорына өткізілген. Бұл білезік сақ зергерлерінің шеберлігін ғана емес, сонымен қатар Еуразия даласындағы ежелгі мәдениеттердің көркемдік дәстүрлерін танытатын маңызды тарихи мұра болып саналады», деп жазылыпты.