
Фото: Ұлттық ұлан
Жаңа көліктер Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен тарту етілген. Бұл көліктер әскери бөлімнің материалдық-техникалық базасын жаңартуға және әскери қызметшілердің жауынгерлік қызметке даярлығын арттыруға бағытталған. Жаңа техника қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жедел әрекет ету және өзге де қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау үшін пайдаланылады.
Іс-шараға Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков арнайы қатысты. Ол жаңа автокөліктердің елорданың қауіпсіздігін сақтауда айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
«Жаңа автокөліктер сіздерге қызметтік міндеттерді тиімді орындауға, кез келген жағдайда жедел әрі батыл қимылдауға мүмкіндік береді», деді генерал-майор Аңсаған Балтабеков.
Осындай су жаңа автокөліктер құқықтық тәртіп әскерінің Алматы қаласындағы бөліміне де жеткізілген.
Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы жартысында Ұлттық ұлан әскери қызметшілері заңсыз айналымнан 173 қару-жарақ пен оқ-дәріні, 828 грамм есірткіні тәркілеп, тыйым салынған заттарды өткізуге қатысты 77 әрекетті тоқтатқан. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзған 10 мыңға жуық азамат полицияға жеткізіліп, олардың 379-ы қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған. Бүгінде еліміздің ішкі қауіпсіздігін сақтау мақсатында 7 мыңнан аса жауынгер күн сайын қызмет атқарады.