
Сурет: eldala.kz
Жолдауда Президентіміз алға тартқан инвестиция, қаржы және банк саласы, өңдеу өнеркәсібін дамыту, агроөнеркәсіп, ауыл шаруашылығы жерлерін әділ үйлестіру, көлік-логистика мәселелері, білім, ғылым мен әлеуметтік саланы дамыту бойынша тапсырмаларының бәрі цифрлық технологиялармен тікелей байланысты. Бұл – қазіргі заманның ақиқаты. Сондықтан Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды дер кезінде қабылданған қажетті шешім деп есептеймін.
Агроөнеркәсіп саласы мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері Мемлекет басшысының назарынан ешқашан тыс қалған емес. Осы Жолдауда да саланың ең түйткілді мәселелерін шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Президент аграрлық ғылым саласында жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерге назар аударып, бұл саланың жұмысын жандандыру үшін «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығын» «Агротехнология хабына» айналдырып, агроғылым мен өндірістің байланысын нығайту бағытында нақты ұсыныстар айтып, тапсырма берді. Агроғылымды коммерцияландыру бағытындағы бастамалар цифрлық технологияларға тікелей байланысты екені анық. Сол себепті, ғарыштық мониторингті, геоаналитиканы, жасанды интеллектіні белсендірек енгізу тапсырылды.
Үкімет деректеріне сәйкес 2025 жылдың 7 айында ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 2,4 трлн теңгеге, өсім 3,7%-ға жетіп, салаға құйылған инвестиция 26,5%-ға артып, 442,7 млрд теңге болған. Кейінгі 5 жылда экспорт 51%-ға өсіп, 66 елге жеткізілген. Агрохабтар құру мен мал шаруашылығын қолдау азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға тиіс.
Жолдауда пайдаланылмай жатқан жер мәселесі де айтылды. Қазірге дейін 13 млн гектар жер қайтарылыпты. Президент атап өткендей, ендігі мәселе – қайтарылған жерлерді шаруаларға әділ үлестіру. Бұл да цифрлық технологиялар арқылы жүзеге асырылатын іс. Жерді үлестірудің ашық, әділ, мейлінше технологиялық жүйесін қалыптастырып, іске қоса білсек, мыңдаған жаңа фермерлік шаруашылық құрылып, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдардың дамуына серпін береді. Бұл шара жердің бос жатпай, халықтың игілігіне қызмет етуінің кепілі болмақ.
Жолдаудың ел болашағы үшін ең маңызды бөлігі – Конституциялық реформаларға байланысты бастамалар. Президент 2022 жылдағы референдум қорытындысы бойынша жасаған Үндеуінде: «Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысы емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан биылғы Жолдауда Президент ұсынған жаңа Конституциялық өзгерістерді елімізді жаңғырту жолындағы кезекті қадам деп түсінсек болады. Бұл – бүтіннің бөлшегі немесе елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың жалғасы, келесі бір маңызды сатысы.
Серік Егізбаев,
Мәжіліс депутаты