
Оқыс оқиғаның бірі Тараз қаласындағы №47 мектепте болды. Үзіліс уақытында 9-сынып оқушылары өзге сыныптағы қатарласын соққыға жығыпты. Кеуде тұстан тиген соққының салдары ауыр болған. Өрімдей жасөспірім жедел жәрдем жеткенше жан тапсырды.
Өңірде бұрын болған оқыс оқиғаға ұқсас жағдай қайталанғаны қынжылтпай қоймайды. Осыдан 6 жыл бұрын мектеп дәретханасындағы трагедияға Мемлекет басшысының өзі тікелей араласып, сол кездегі қала әкімі қызметінен айырылған еді. Ал енді өңірде жасөпірімдер өлімі жиілеп кетті. Бұл жағдай кімді де болсын толғандырмай қоймайды.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелдінің айтуынша, соңғы оқиғаға қатысты жедел іздестіру іс-шаралары кезінде полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған күдіктіні анықтапты. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазірде қылмыстық істі толыққанды объективті тергеу мақсатында барлық қажетті жұмыс жүргізіліп жатыр екен.
Иә, жоғарыда айтқанымыздай, бұл бірінші жағдай емес. Бірнеше күн бұрын Шу ауданына қарасты Көкқайнар ауылында да жасөспірім өмірімен қоштасты. Дерекке сенсек, мектеп оқушылары жасыл алаңда футбол ойнапты. Жоғары сынып оқушылары жасыл алаңда жеңілістің кермек дәмін татқан көрінеді. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жеңілген тарап жасы кішілерді жазалауға бекінген. Осылайша, ойыннан кейінгі жағдай ушығып, төбелеске ұласқан көрінеді. Соққы салдарынан бір жасөспірім мерт болған. Ал бұған дейін жаңа оқу жылының басында Тараздағы шағын ауданның бірінде кәмелетке толмаған жасөспірім пышақ жарақатынан көз жұмған еді.
Өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жиілеп кетуіне байланысты облыс басшысы Ербол Қарашөкеев шұғыл кеңес өткізіп, салаға жауап беретін шенеуніктерді сынға алды. Сондай-ақ ол бірнеше шенеунікке тәртіптік шара қолдану туралы шешім қабылдады.
«Жаңа оқу жылы басталғалы бері өңірде кәмелетке толмағандар арасында аса ауыр қылмыстың жиілеп кетуі жағдайдың ушығып бара жатқанын көрсетеді. Бұл мәселеге қатысты шұғыл әрі нақты шаралар қабылдау қажет. Бала – біздің болашағымыз. Ертеңіміздің жарқын болуы үшін олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне, алаңсыз білім алуына жағдай жасауға тиіспіз. Сіздерді тыңдасақ, барлық жұмыс жүріп жатыр, ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр дегенді алға тартасыздар. Алайда нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Кейінгі екі аптада үш қайғылы жағдай болды. Демек сіздердің жұмыс тәсілдеріңіз тиімсіз болып тұр. Оқушылардың тәрбиесі жөнінде мектеп, ата-ана, қоғам үштігінің өзара бірлескен жұмысын басынан қарау керек. Қазіргі балалардың күн сайын ой-өрісі өзгеріске ұшырап, көзқарасы басқаша қалыптасып жатыр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс тәсіліміз де жаңаша сипатта қарқын алуы керек деп есептеймін», деген Е.Қарашөкеев нәтижесіз жұмыстарды сын тезіне алып, салаға жауап беретін бірнеше шенеунікке шүйлікті.
Сондай-ақ ол бұған дейін өзекті мәселе бойынша нақты тапсырмалар берілгенін, алайда жауапты тұлғалардың қабылдаған шараларынан нақты нәтиже шықпағанын айтты.
Екі апта ішінде өңірдегі жағдайдың қатты ушыққанына алаңдаған өңір басшысы Е.Қарашөкеев орын алған оқыс оқиғаларға қатысты бірнеше шенеунікке қатысты тәртіптік сипаттағы шешім қабылдауға мәжбүр болды. Өңір басшысы облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовке – сөгіс, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековке, облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековке, Тараз қаласы әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Ұлана Сламбековаға, Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевқа қатаң сөгіс жариялады.
Е.Қарашөкеев облыстық білім басқармасының басшылығынан Тараз қалалық және Шу аудандық білім бөлімдерінің басшыларының, өзге де жауапты тұлғалардың атқарып отырған қызметіне сәйкестігін қарастыруды талап етті. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін шұғыл зерделеу тобын құрып, тиісті жұмыс жүргізуді міндеттеді. Атқарылған жұмыс бойынша Тараз қаласының және Шу ауданының әкімдері жекелей жауап береді.
Облыс басшысының айтуынша, әр ауылдық округтің жеке учаскелік полиция инспекторы болуы керек. Сондықтан бос тұрған штаттар шұғыл толықтырылып, облыс аумағында тиісті жұмыс жүргізілуі қажет.
Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Дәурен Бағжановтың айтуынша, осы айдың аяғында Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева бастаған мониторингтік топ өңірге келіп, өзекті мәселені жан-жақты зерделейтін көрінеді.
Қалай десек те, өңірде болған қайғылы оқиғалар кімді де болса толғандырмай қоймайды. Үш бірдей жасөспірімнің айдың-күннің аманында көз жұмуы – орны толмас трагедия. Бұл мәселе назарымыздан тыс қалмақ емес.
Жамбыл облысы