Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:45

Жаңа заңнама – қоғам жауапкершілігінің кепілі

20 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл 16 шілдеде Мемлекет басшы­сы қол қойған «Қылмыстық заң­на­ма­ны оңтайландыру туралы» заң 16 қыр­күйектен, яғни бүгіннен бас­тап күшіне енеді. Осы заң аясында Қылмыстық кодекс­ке бірқатар жаңа бап енгізілді және қолданыстағы нормаларға өзгерістер жасалды.

Жаңа заңнама – қоғам жауапкершілігінің кепілі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Жолдауында Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді мұқият саралап, ондағы қолданылмайтын немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін артық-ауыс нәрсенің бәрінен арылу қажеттігін айтқан болатын.

«Тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін оларды қайта-қайта өзгер­те бермеу қажет. 2015 жылдан бері Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге 1 200-ден астам өзгеріс енгізіл­ген. Уақытша жағдайларға байла­нысты немесе аясы тар корпора­тивті мүдделерге бола заңдарды өзгер­туге жол берілмеуге тиіс. Сондық­тан қылмыстық және қылмыстық-про­цестік заңнаманы түзету құзы­ретін Әділет министрлігіне беру қажет. Ол үшін мекеменің кадрлық әлеуетін нығайтып, заң шығару қызметінің сапасын арттыру керек», деген еді Мемлекет басшысы.

Міне, Президенттің осы тапсырмасын орындау 2023 жылы 19 наурызда сайланған Мәжіліс депутаттарының еншісіне тиді. Олар екі жылдың үстінде осы заң жолында жұмыс істеді. Биыл­ғы мау­сым айында Мәжі­ліс­тің үшінші сессия­сында заң қабылданып, 16 шілде күні Пре­зидент қол қойды. Бұл 60 күннен кейін, яғни 16 қыркүйекте күшіне енуге тиіс. «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне Қазақстан Рес­пуб­ликасының қылмыстық заң­намасын оңтайландыру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Абзал Құспан депутаттар корпусының қолданыстағы қыл­мыстық заңнаманы оңтай­ландыру, жетілдіру бойынша көлем­ді жұмыс атқарғанын айтады. Ендігі міндет – халық арасында белсенді құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

– Біз жаз бойы елімізді аралап, бірнеше облыста халық­пен, ішкі істер органдары қыз­меткерлерімен кездесулер өткіз­дік. 16 қыркүйекте күшіне енгелі отырған заң қағида­лары халық үшін, әсіресе жас­тар қауымы үшін өте маңызды. Мы­салы, сталкинг, дропперлік секіл­ді ұғымдар, некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік, тағы басқа заң нормалары ертең әр адамның тағдырына әсер етуі мүм­кін. Сондықтан біз, депутаттар кор­пусы, заңдағы өзгерістерді халыққа түсіндіру өте маңызды деп есептейміз, – дейді депутат А.Құспан.

Жоғарыда айтылғандай, бұл заң жобасын Мемлекет басшы­сының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жол­дауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында, 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында Әділет министрлігі әзірлеп, ұсынды. Еліміз тарихында алғаш рет қылмыстық заңнаманы жетілдіру өкілеттігі құқық қорғау органдарынан ве­домст­волық мүд­десі жоқ орган ре­тінде Әділет министр­лігіне берілді.

– Біз қабылдаған заң жобасы­ның негізгі бағыты азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын қор­ғау­ды күшейту, қылмыстық про­цесте тараптардың теңдігін ны­ғай­­ту, қыл­мыстық процесті оңтай­лан­дыруға саяды. Соның ішінде эко­но­ми­калық даулар бойынша негізсіз қылмыстық істерді тіркеуді алып тастау, істерді қосымша тергеуге про­курорға қайтаруға тыйым салу, бизнесті тексеру үшін прокурормен міндетті түрде келісу, тінту және алып қою санкцияларының қолданылу мерзімдерін негізді ету, «қор­ғану құқығы бар куәгерді» қорғау, кәсіпкерлік қызмет пен ұйым­дасқан қылмыстық топты ажырату, экономика­лық қыл­мыстар бо­йынша бас бос­тан­дығы­нан айырудың орнына еселенген айыппұл енгізу, адвокаттардың құқығын кеңейту, сотқа қорғау тарапының балама ұстанымын ұсыну мүмкін­дігі, электрон­дық қылмыстық іс жүргізуді әдеп­кі норма ретінде қалыптастыру, прокурордың резолюциясы не­гізінде бөлек қаулысыз сотқа беру, қашықтан беттестіру мүм­кіндігі, интернеттегі қыл­мыс­тарда жәбірленушінің тұрғы­лықты жері бойынша тергеу жүргізу сияқты осы сала мамандары үшін маңызды өзгерістер бар, – дейді Абзал Темірғалиұлы.

Осылайша, 2023 жылғы мамырдан бастап депутаттардың жұмыс тобы осы заң бойынша ғана 60-қа жуық отырыс өткізген. Оның ішінде көшпелі кеңестер мен халықаралық іс-шаралар да бар. Сөйтіп, заң жобасына 699 депутаттық түзету ұсынылып, қаралған екен. Соның 165-і, яғни 23%-ы қолдау тапқан. 69 ұсыныс ішінара қабылданған.

Ендігі сөзді қоғам үшін өте өзекті болып отырған бірнеше тақырыпқа арнасақ.

 

Сталкинг

Жоғарыда айтылғандай, жаңар­ған заңда сталкинг үшін қыл­мыстық жауапкершілік енгізіліп отыр. Ал сталкинг деген не?

Сталкинг – жәбірленушінің еркіне қайшы байланыс орнатуға және (немесе) аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықпен байланысы жоқ, бірақ елеулі зиян келтірген әрекеттер.

Бұл қылмыстың жазасы – 200 АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамау болып белгіленді.

Ендеше, әлдебір адамның ізіне түсіп, тынымсыз мазалап, телефон шалып, тіпті ол қаламаған сый­лық­тар жіберіп, қорқытып-үркі­тіп, соның ішінде ғаламтор арқылы да мазалай берсеңіз, сөзсіз жауапқа тартыласыз деген сөз.

 

Дропперлік

Банктік карталар мен шоттарды өзге тұлғаларға заңсыз беру дропперлік деп аталады. Жаңар­ған заңда бұл қылмыс үшін жауап­кер­шілік қарастырылған.

«232-1-бап. Банктік шот, төлем құралы немесе сәйкестендіру құрал­дарын заңсыз беру, беру үшін алу немесе пайдалану».

Бұл қылмыстың түрлі ауырлататын мән-жайларына байланыс­ты айыппұл – 160 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейінгі аралықта салынады. Сондай-ақ айыппұл қоғамдық жұмыстармен немесе бостандығын шектеу не айырумен алмастырылуы да мүмкін. Мұндай жағдайда қылмыс жаса­ған тұлғаның мүлкі міндетті түрде тәр­кіленеді.

 

Қыз алып қашу

Елімізде «некеге мәжбүрлеу» бабының өзіндік тарихы бар. Ең алғаш Қазақ КСР-інің Қылмыстық кодексі 1959 жылы қабылданды. Осы Кодексте «некеге мәжбүрлеу» бабы бар еді, ол 1997 жылға дейін күшінде болды. Бірақ 1997 жылы қабылданған жаңа Кодексте «некеге мәжбүрлеу» бабы декриминализацияланды, алынып тасталды. Ол Кодекс 2015 жылы жаңа кодекс қабылданғанға дейін күшінде болды.

Ал жаңарған заңның бір бабы некеге мәжбүрлеу үшін қыл­мыс­тық жауапкершілік деп аталады.

125-1-бап – некеге мәжбүрлеу: қорқыту, шантаж немесе қысым көрсету арқылы неке қиюға мәж­бүрлеудің жазасы – 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 2 жылға дейін бостандығын шектеу не айы­ру; ауыр­лататын мән-жайлар (кәмелетке толмағанға қатысты, қызметтік өкілеттікті пайдалану, топпен жасау және т.б.) болса, жа­засы – 5 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 3–7 жылға дейін бостан­дығын шектеу не айыру; егер мұн­дай әрекеттердің салдарынан абай­сызда ауыр зардаптар келсе, оның жазасы – 5–10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін барады.

 

Адам ұрлау

Ескеретін жәйт, заңнаманың «Адам ұрлау» бойынша бабына да өзгерістер енгізілген.

125-бап – адам ұрлау: бұл қыл­мыстың қарапайым құрамы жағ­дайында – 4–7 жылға дейін бас бос­тандығынан айыру көздел­ген; ауыр­лататын мән-жайлар (жүкті­лерге, топпен, қару қолдану және т.б.) болса, жаза 7–12 жылға дейін күшейеді; ерекше ауыр жағ­дай­лар (өлім, кәмелетке толма­ғанға қа­тысты, қылмыстық топпен) бол­са, жазасы 10–15 жылға дейін барады.

Осы бапта бұрын «Жәбір­ленушіні ерікті түрде босатқан тұлға, егер әрекетінде басқа қыл­мыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады» деген ескерту болатын. Енді ол алы­нып тасталды. Мұның қандай сал­дары болуы мүмкін? Бұның маңызы сол, ендігі жерде кез келген адамды А нүктесінен Б нүктесіне оның еркінен тыс алып барған адам ауыр баппен сотталады. Мысалы, қарызын бермей қашқалақтап жүрген адамды борышқорға алып баруы мүмкін жағдай өмірде кездеседі ғой.

 

Киік мүйізі хақында

Жаңа заңнамада елімізде сирек кездесетін жануарлар мен өсім­діктерді қорғауға қатысты да маңызды өзгеріс бар. Бұрын Қыл­мыстық кодекстің 339-бабында – киікті заңсыз ату да, оның мүйізін сақтау, сату да бір баппен қамтылатын. Енді заң оларды бөліп берді. Яғни 339-бап тікелей заңсыз аулау, ату, яғни браконьерлікке қатысты болса, 339-1-бап аясында сирек кездесетін жануарлар мен өсім­діктерді сақтау, сатып алу, сату, тасымалдау секілді қосалқы әре­кеттер қарастырылады.

Бұл жерде маңызды ерекше­лік бар: 339-1-бап бойынша экологиялық залал есептелмей­ді. Залал тек 339-бап аясында, яғни бра­коньерлік кезінде қолда­ны­ла­ды. Сондықтан бұрын қосал­қы әрекеттер үшін сотталған адам­дардың ісі қайта сараланып, олар жазадан және ең бастысы, эколо­гиялық залалды өтеуден босатылады. Бұл өзгеріс әділдік үшін жаса­лып отыр: негізгі қылмыскер – аңды атқан адам, ал өнімді сатып алған немесе сақтаған қосымша әрекет қана.

 

Коллекторлық қызмет туралы

Жаңа заңға сәйкес, енді заңсыз банктік және коллекторлық қызмет үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Бұл – Қылмыстық кодекстің 214-1 және 214-2 баптары.

Лицензиясыз несие беру, банктік операция жүргізу немесе заңсыз коллекторлық қызметпен айналысу енді ауыр құқықбұзушылық болып саналады. Оның жазасы – көлемі 2 000 АЕК-ке дейін айыппұлдан бас­тап, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, дәрежесіне қарай 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру да тағайындалуы мүмкін. Егер қылмыс топпен жасалса немесе қайталанса, жаза күшейеді. Мұндай жағдайда сот 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға және мүлікті тәркілеуге үкім шығара алады. Бұл норманың мақсаты – азаматтарды қаржылық алаяқтардан қорғау.

 

P.S. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтқандай, заңдағы жаңа өзгерістер шынымен де өміріміздің әр саласында өрнегін көрсеткелі тұр. Қазір жас­тар арасында дропперлік әрекеттер оңай табыстың көзі ретінде өте танымал. Сондай-ақ еліміздің оңтүстігінде, әсіресе ауылдық жерде жас қыздар мен әйелдерге дәстүрлі қысым көрсету, некеге тұруға мәжбүрлеу формалары әлі де кездеседі. Күшіне енгелі отырған заң жобасында аталған қылмыстарға қарсы қатаң жауапкершілік қарастырылып отыр. Сондықтан «кейбір азаматтар, әсіресе жастар опық жеп қалмаса екен» деп алаңдап отырған депутаттың ойы орынды. Жаңа заңнаманың талаптарын білу, оны бұлжытпай орындау – қоғамдық жауапкершіліктің кепілі. 

 

Батыс Қазақстан облысы