
Іс-шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ғұмырының ғасырлық белесіне көтерілген қарт майдангерді алыс-жақыннан арнайы құттықтай келген меймандар, қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты кеште облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ардагерге Мәдениет және ақпарат министрінің құттықтау хатын табыс етті.
«Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты сізді адам ғұмырының биік белесі бір ғасырға алып келді. Сіз осы кемел жасыңызға тың жігермен, жарқын көңілмен келіп отырсыз. Соғыс жылдары қолыңызға қару алсаңыз, бейбіт заманда қалам ұстап, қазақтың рухын, тілін, ділін көтердіңіз. Бүгінде бір әулеттің алтын тамыры болып отырсыз. Кейінгі бейбіт заманда аянбай еңбек еткен, қажырлы, жүректі, жеңімпаздар буынының жарқын өкілісіз. Сіздің жеңіс жолындағы ерлігіңіз бен ғибратты ғұмырыңыз – рухтың беріктігі мен отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісі», деді Б.Нарымбетов.
Қасымхан Алдабергенов әскер қатарына 17 жасында, 1943 жылы 10 қаңтарда алынды. Алдымен Златоустағы 6 айлық пулеметшілер училищесінде оқу-жаттығудан өтті. Кейін жаңа құрылған 14-әуе десанты бригадасына қабылданды. Майдангер жеті жарым жыл әскери борышын өтеп, елге 50-жылдары ғана оралады. 30 жыл ұстаздық етті. Аудандық газетте қызмет атқарды. Облыстық айтыстарға қатысып, Омар Шипин, Нұрқан Ахметбеков сынды саңлақ ақындармен сөз қағыстырып көрді.
1959–1979 жылдар аралығында Қостанай өңірінде алты рет ақындар айтысы өткен екен. Қ.Алдабергенов осы айтыстарда төрт рет жүлделі болыпты.
Кездесу барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов құттықтау сөз сөйлеп, қарт майдангерге Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовтің құттықтау хаты мен «Құрмет белгісі» төсбелгісін табыс етті.
«Осы тойдың басы-қасында жүріп, сәтті өтуіне үлесін қосқан облыс әкімдігіне алғыс айтамын. Қостанай облысында сегіз майдангер бар. Биыл екінші ардагеріміз жүзге келіп отыр. Сіздің жасыңызды бәрімізге берсін. Өзіңізге сеніп тапсырылған қай іске де асқан ұқыптылықпен қарап, біліктілікпен атқара алдыңыз. Көп іс тыңдырдыңыз. Бүгінде ел ағасы ретінде ардагерлер арасында тұшымды ойларыңызды ортаға салып жүрсіз. Бұл жетістіктің барлығы – баянды жұмысыңыздың лайықты нәтижесі», деді Б.Ахметов.
Майдангерді кезінде «Қостанай таңы» газетінде бірге қызмет еткен әріптес інісі, белгілі журналист Қайсар Әлім Астанадан арнайы келіп құттықтап, ақжарма тілек арнады.
«Бүгін неткен керемет, бақытты, шаттықты күн. Себебі ұлы әмірші уақыттың нұсқауымен кез келген адам 100-ге келе бермейді. Бұл – өмір шындығы. Біздің ұстазымыз ғасыр жасап, алдымызда отыр. Қасымхан аға – қазақ журналистикасының, әдебиеті мен өнерінің алып тұлғасы. Осынша өмірде бұл кісінің көрмеген қиындығы, сезбеген бақыт сезімі болмаған шығар. Басына түскен қиындықты да, қуанышты да өткерді. Біздің алдымызда ғасыр жасаған уақыттың емені тұр. Емен иілмейді. Еменнің жапырағы төрт маусымда да өзінің жасыл қасиетін жоғалтпайды. Сондықтан бүгінде ағамның 100 жылдығында сөйлеп тұрғанымның өзі – құрмет. Газетте бірге еңбек еттік. Қасымхан аға, сіздің өнегелі ғұмырыңыз күллі қазақ еліне мақтанышпен айтуға тұрарлық», деді қаламгер.
Кеш барысында облыс өнерпаздары жырдан шашу шашты. Жас күйші Марк Ли мерейтой иесінің «Нұрхан сазы» күйін орындады. Қамысты, Жітіқара, Науырзым ауданы әкімдерінің орынбасарлы да қарияның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Мерекелік іс-шара аясында Қасымхан Алдабергеновтің өмір жолынан сыр шертетін көрме ашылды. Кездесу соңында майдангер облыс басшылығына, көпшілікке рахметін айтып, батасын берді.
Қостанай облысы